Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинмен кездесті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ол ҚХР Коммерция министрлігіндегі елшінің мол тәжірибесі екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға зор үлес қосатынына сенім білдірді.
– Біздің елдер арасындағы қарым-қатынас сенім мен стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін көрсететін сапалы жаңа кезеңге аяқ басты. Бұл байланыстың берік негізі – мемлекет басшылары арасындағы достық пен өзара түсіністік. Қазақстан мен Қытай – тату көршілер әрі сенімді стратегиялық серіктестер. Біз барлық негізгі бағыттар бойынша көпқырлы, тұрақты әрі тиімді ынтымақтастық орнаттық, – деді вице-премьер.
Кездесуде сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға баса назар аударылды. Қытай Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда серіктесі болып отыр.
2024 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы рекордтық 43,8 млрд долларға жетті.
Электрондық коммерция саласында да серіктестік кеңеюде – Alibaba және JD.com платформаларында Қазақстанның ұлттық павильондарын ілгерілетуге ерекше көңіл бөлінді.
Сонымен қатар, YTO Group Express пен "Қазпошта" арасындағы бірлескен почта логистикасы жобасының табысты іске асырылып жатқаны атап өтілді.
Кездесуде қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына жеткізуді арттыру мәселелері де талқыланды.
Атап айтқанда, астық тасымалындағы кедергілер, қазақстандық кәсіпорындарды ҚХР экспорттаушылар тізіліміне енгізу, ветеринариялық және фитосанитариялық талаптарды үйлестіру, сондай-ақ Қытайдың Бас кеден басқармасының (БКБ) тізілімінде қазақстандық элеваторларды аккредиттеу рәсімінің ұзақтығы мәселелері қаралды.
Ет өнімдерін экспорттау аясында вице-премьер Қытай тарапына өңірлендіру қағидатын тану мүмкіндігін ұсынды.
Бұл – аусыл ауруына байланысты қойылған шектеулерді нақты өңірлерге ғана қолдануға мүмкіндік береді.
– Сиыр және шошқа етін экспорттаушы кәсіпорындардың көбі Қазақстанның солтүстік-батыс және орталық өңірлерінде орналасқан. Бұл аймақтарда аусыл жойылғанына екі жылдан астам уақыт өтті. Осыған байланысты біз, Қытай тарапынан бүкіл елге емес, тек ауру тіркелген нақты өңірлерге ғана шектеу енгізуді сұраймыз, – деді Серік Жұманғарин.
Кездесу қорытындысында елші Хань Чуньлин Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың "алтын 30 жылдығының" жаңа кезеңге аяқ басқанын атап өтті.
Ол жаңартылатын энергия, цифрлық экономика, агроөнеркәсіптік кешен және электрондық сауда салаларында бірлескен жобаларды дамыту арқылы екі елдің экономикалық ынтымақтастығын тереңдетуге дайын екенін жеткізді.