Шағын және орта бизнес 36 млрд теңге үнемдейді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
10183

Мемлекеттік мүлік үшін жалдау ақысы алынбайды. 

Шағын және орта бизнес 36 млрд теңге үнемдейді Фото: Мария Матвиенко

Ұлттық экономика министрі жыл соңына дейін шағын және орта бизнесті мемлекет меншігіндегі мүлікті жалға алу ақысынан босату туралы бұйрыққа қол қойды. Сәйкесінше 2020 жылғы 20 маусым мен 31 желтоқсан аралығында мемлекеттің меншігіндегі жылжымайтын мүлікті жалға алған шағын және орта бизнес субъектілері жалға алу ақысын төлемейді. Жылжымайтын мүлік нысанын жалға алу ақысынан босату негізгі шартқа қосымша келісім жасау арқылы жүзеге асырылады. Осыған байланысты мемлекеттік мүлікті жалға беру ережесі 53-1-тармақпен толықтырылды.

Естеріңізге салайық, бұған дейін кәсіпкерлер 20 наурыз бен 20 маусым аралығында мемлекеттік мүлікті жалға алу ақысынан босатылған. Кейін мемлекеттік мүлікті жалға алу ақысынан босатудың екінші кезеңі 1 қыркүйектен басталуы мүмкін екені жарияланған. Министр кәсіпкерлердің қазіргі жағдайы қиын екенін ескерген болу керек, жалдау ақысына жеңілдік жасау мерзімін 20 маусымнан жалғастыруды жөн көріпті.

Бұл туралы бизнес-омбудсмен аппараты басшысының міндетін атқарушы Шыңғыс Темір: "Шағын және орта бизнес жалға алу ақысын 9 айдан астам уақыт төлемейді. Нәтижесінде алдын-ала есептеуге сәйкес, шашамен 36 млрд теңге үнемдейді", – деді.

Белгілі болғандай, 14 қазаннан бастап күшіне енген бұйрық 20 маусымнан бастап орын алған құқықтық қарым-қатынаста қолданылады.

"Бизнес субьектілерінің арасында 20 маусымнан кейін жалдау ақысын төлегендер бар. Біздіңше бұл қаражат алдын-ала жасалған төлем ретінде қарастырылуы керек", – деді аппарат басшысының міндетін атқарушы.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін жалдау ақысын төлеуден босау үшін gosreestr.kz порталында ЭЦҚ көмегімен негізгі жалдау шартына қосымша келісімге қол қою керек.

"Квазимемлекеттік сектор нысандарын жалдау мәселесіне тоқталсақ, бұл жерде мәселе күрделірек. Мемлекет басшысы халыққа жолдаған биылғы жолдауында мемлекттік мүлікті жалға алушыларды ғана емес, сонымен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жататын жылжымайтын мүлікті жалдаушыларды да жалдау ақысын төлеуден босатуды тапсырды. Бұл мәселеде сан алуан бұрмалаушылық орын алуы мүмкін екенін ескеріп, біз ірі квазимемлекеттік компанияларға Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін шағын және орта бизнеске 20 маусымнан бастап жалдау ақысын есептемеуін сұрадық. Олардан әртүрлі жауап келді. "Самұрық-Қазына" АҚ сияқты бірқатар ұлттық компания бизнесті жалдау ақысынан босатып, шұғыл түрде тиісті ішкі нормативтік актілерді бекітсе, басқалар Мемлекет басшысының жолдауы – нормативтік-құқықтық акті емес деп санап, оны орындаудан бас тартты. Қазір осы жағдайға байланысты материал әзірлеп жатырмыз. Мәселені ушықтырмай, тез арада реттеуге күш саламыз", – деді Шыңғыс Темір.

Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде бизнес нысандарды жалға беру мен жалға алуға қатысты мәселе күн тәртібіне қойылды. Осы мәселе бойынша хабарласқандардың 86%-ын – микро, 12%-ын – орта, 2%-ын – ірі бизнес өкілдері құрады. Сол кезде де мемлекеттің меншігіндегі нысандарды жалға беру мен алу үдерісі оң шешілді. Ал квазимемлекеттік сектордың басқаруындағы және жекеменшіктің иелігіндегі коммерциялық нысандар мәселе туғызды. Соңғы екеуінің мәселесін медиация арқылы шешуге талпыныс жасалды. Іске әкімдіктер араласты. Бірақ мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Себебі жалға берушілер өздерінің бизнес субъектісі саналатынын, олардың да мемелекет пен банк алдында міндеттемелері бар екенін және шығынға ұшырайтын жағдайда жұмыс істей алмайтындарын алға тартты.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу