Шайдың жаңа тренд түрі татқанды тамсантып, танымал болуда

1599

Масала шайын қайнатудың үздік рецепті жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шайдың жаңа тренд түрі татқанды тамсантып, танымал болуда Фото: Сulture.ru

Бұл шайдың түрі Үндістаннан тарады. Құрамына байланысты ол ағзаны сауықтырады, иммундік жүйені жандандырады, орталық жүйке жүйесінің жұмысын қалыпқа келтіреді.

Сондай-ақ, тонусты көтеріп, сергітеді. Ең бастысы, кофеге қарағанда әлдеқайда пайдалы. Алайда қанты жоғары, диабеті бар адамдарға жарамайды.

"Масала-чай – жай ғана шай емес. Бұл – жан ләззаты мен дәм рахатының қайнары. Ол кез келген адамның қуқы тірлігін, көңілсіз күнін бір мезетке бақыт пен шаттық сәтіне айналдырып жібере алады. Ең қызығы, бұл шайды сіз оп-оңай өзіңіз жасап ала аласыз!" – дейді коуч Ирина Сүйіндікова.

Дәстүрлі үнділік масала шай дегеніміз – дәмдеуіш-специялармен және сүтпен бірге қайнатылған қара шайды білдіреді.

Жалпы "масала" деген сөз дәмдеуіштердің қоспасын білдіреді және тек шайға ғана емес, басқасына қатысты да қолданыла береді. Мысалы, "тандури-масала" бар және ол тандыр нан қолданылатын ас түрін білдіреді. "Гарум-масала" ащы, өткір ас түрлерінде пайдаланылады.

Ал масала-шай – бір жағынан, дәмдеуіштер қоспасының, екінші жағынан, сусынның өзінің атауы. Үндістанда масала-шайды барлық жерде ішеді. Тиісінше, көше аралап, шай сататын саудагерлерден, яғни, чайвалалардан бастап, сән-салтанатты мейрамханаларға дейін ұсынады.

Дәмі тіл үйірер қою әрі өте тәтті масала-шайдың негіз-ұстыны – сапалы дәмдеуіштер. Оларды интернеттен, маркетплейстардан, немесе мамандандырылған дүкеннен іздеп тауып, сатып алуға болады.

Бірақ коучтың пікірінше, ең дұрысы – қоспаны өз бетіңізше дайындап алыңыз.

"Әрбір үнділік отбасы – масаланың төл құпия рецептіне ие. Әдетте оның құрамына кардамон, даршын, қалампыр, қара бұрыш, лавр жапырағы кіреді. Осы және басқасын арнайы құтыға – шағын келіге салып, қолмен езіп, ұнтақтайды. Әрине, ол қоспаны ұнтақ күйінде сатып ала салуыңызға болады. Әйтсе де, ингредиенттерді өзіңіз жинап, қосып, өз қолыңызбен не отбасы мүшелерімен бірге ұнтақтасаңыздар, бұл бір әдемі жоралғыға айналады. Оған қосылатын дәмдеуіштердің мейлінше балғын болғаны маңызды. Сонда қоспаның да жұпары керемет, дәмі қанық болады", – дейді Сүйіндікова.

Негізі, дәмдеуіш таңдауда қиялыңызға қанат қақтыруыңызға, сүйікті специяларыңыздың кез келгенін қосуыңызға болады. Ең танымалдары келесі:

· Зімбір-имбирь;

· Даршын-корица;

· Қалампыр-гвоздика;

· Кардамон;

· Қара бұрыш;

· Лемонграсс;

· Шафран;

· Бадьян;

· Мускат жаңғағы;

· Кориандр;

· Фенхель;

· Базилик.

Масала-шайды дайындау үшін осындай әртүрлі дәмдеуіштер және оларды езіп, ұнтақтау үшін ағаш не тас келі (ступка) қажет болады.

Маман қоспаны шағын көлемде жасауға кеңес береді, өйткені дайын дәмдеуіштер тез дәмін жоғалтуы мүмкін. Әзір болған ұнтақты бір айдан асырмай тұтыну ұсынылады.

Масаланың басты құрауышы – сиыр сүті. Дәмдеуіштермен бірге қайнау барысында сүт шайға балқаймақтай ерекше дәм береді, оны қанық түске бөлейді, қоюлата түседі.

Басқаша айтқанда, масала-шайдың кейбір түрін тұтынған адам қоюландырылған сүт (сгущенное молоко) ішіп отырғандай әсерде қалуы да мүмкін. Қайнату барысында су мен сүттің оңтайлы арақатысы – 2 х 1 (су екі есе көп) болғаны жөн.

Сүтті майлылығы 2,5-тен кем болмайтын түрін таңдаған абзал. Егер қоюлау емес, мейлінше сұйықтау сусынды қаласаңыз, сүтті 1:4 немесе 2:5 арақатысында сумен араластыруға болады.

Масала-шай дәстүрлі түрде қантпен ішіледі. Егер рационыңыз құмшекер қолдануға жол бермесе, оны фруктоза, бал сияқты басқа баламалы тәттілегішпен ауыстыруға болады. Қант немесе оны алмастырғыштар шайды қайнату барысында қосылады.

Дұрыс әзірленген масала-шай какаоға немесе сүтті кофеге ұқсас қанық қою түсті болып келеді. Егер сусын тым ашық, ақшыл түсті болса, демек су мен сүттің пропорциясы бұзылған деген сөз.

Масала-шайды міндетті түрде ыстық күйде ішеді. Бұл оның ішіндегі специялар дұрыс ыдырауы үшін маңызды. Суытып ішу, оған су немесе мұз қосу – оны бүлдірумен, әлдебір қойыртпаққа айналдырумен тең.

Масала-шай – көптеген пайдалы қасиеттерге ие көп қырлы сусын. Сондықтан ол Үндістан, Непал, Тибет халықтарының бұрынғы замандардан бергі сүйікті сусынына айналды. Бүгінде Еуропаға және ТМД елдеріне кең тарала бастады.

Масала-шай біріншіден, кез келген шай сияқты шөлді қандырады, суық күні бойды жылытады.

Екіншіден, құрамындағы қоспалары арқасында адам ағзасына тыныштандырушы әсер етеді, стресті еңсеруге көмектеседі. Жақсы ұйықтауына ықпал жасайды.

Қара шай мен дәмдеуіштердің үйлесімі адам бойына қуат құяды, сергектік сыйлайды.

Сүт пен қанттың қосылуы нәтижесінде масала-шай аштық сезімін басады. Оның қайталанбас жұпар иісі кез келген ортада – отбасыда, достардың жиынында, ғашықтардың жүздесуінде жайлылық пен жылылық атмосферасын түзеді.

Экзотикалық дәмі шығыс дәстүрлерінің тылсым әлеміне жетелейді, қиялды ұштап, жаңа идеяларға шабыттандыруы мүмкін, дейді мамандар.

Олар масала-шайдың қатып қалған бірыңғай рецепті жоғын ескертеді. Оның құрамын қалағаныңызша өзгерте аласыз.

Классикалық әмбебап рецептурасы келесідей:

· 0,3 литр сүт;

· 2 шай қасық құрғақ қара шай,

· Қант (қалауыңызша),

· кардамон (7 дана);

· бұрыш (8 бұршақ);

· қалампыр (4 дана);

· даршын-корица (1 таяғы).

Қалай қайнатуға болатыны туралы туториал-видеоларды кез келген тілде интернеттен табуға болады.

Қорыта айтқанда, масала-шай – жай ғана сусын емес, қиялыңыздың төл қалыбы. Оны өзіңіз дайындап көріңіз, дәмдеуіштерге және олардың мөлшеріне қатысты батыл эксперименттер жасаңыз, сонда ақыр соңында өзіңізді және өзгені тәнті етер тамаша рецептіңізді табарсыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу