Шәкен Ниязбековтың туғанына 81 жыл (фоторепортаж)

Іnbusiness.kz ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты қорынан дара талант иесі туралы деректерді жинақтады. 

Шәкен Ниязбековтың туғанына 81 жыл (фоторепортаж) Фото: ҚР Орталық мемлекеттік мұрағат қорынан алынды

Шәкен Ниязбеков – қазақ сурет өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Мемлекеттік туының авторы. Қылқалам шеберінің қолынан шыққан байрағымызды президенттер сүйіп, ант береді, тағзым етіп бас иеді. Спортшыларымыз төрткүл дүниені мойындатқан сәтте жалауымыз желбірейді. Даңқты суретші Шәкен Ниязбеков көзі тірі болғанда бүгін 81 жасқа толар еді.

Шәкен Ниязбеков 1938 жылы 12 қазанда көне Тараз жерінде дүниеге келген. Оның арғы атасы дана Төле би, ал Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлы нағашысы болып келеді. Он жасқа келгенде ата-анасынан айрылып жетім қалады. Орта мектепті бітіргеннен кейін, Шәкен Ниязбеков сол тұстағы атақты оқу орны болған Ленинград қаласындағы В.И. Мухин атындағы жоғарғы көркем-өнеркәсіптік училищеге оқуға түседі.

Суретте: В.И. Мухин атындағы жоғарғы көркем-өнеркәсіптік училище.

Білім ала жүріп студент Шәкен Эрмитаж, Исаак соборы және Петродворецті қалпына келтіру жұмыстарына қатысады. Ресейде оқып, тәжірибесін сол елде жетілдіргенмен, Шәкен Ниязбеков суретшілік жолында өзінің негізгі ұстазы деп Әбілхан Қастеевті атаған. 

Шәкен Ниязбеков – сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі. 1961 жыл Чехословакияда "Глобус" теледидарының дизайны үшін  алтын медаль иеленген.

Бұдан бөлек  ол "Волга" жеңіл автокөлігін құрастырған инженерлердің бірі болған.

Суретте: Ш.Ниязбеков жасауға қатысқан "Волга" көлігі.

Даңқты суретші Қазақстан мен шетелде 50-ден аса жарыстарға қатысып, талай мәрте жеңімпаз атанған. Мәселен, 1964 жылы  Ленинградта "Бейбітшілікті қолдаймыз!" атты суретшілер жарысында бірінші орын алған, 1982 жыл Алматы қаласындағы Республика алаңын көркемдеу бойынша өткен сайыста жеңімпаз болған.

1980 жылдары Шәкен Ниязбеков Қазақ ССР Суретшілер одағының басқарма төрағасы, Алматының бас суретшісі қызметтерін атқарған.

Суретте Д.Қонаев, Н.Назарбаевпен бірге Жеңістің 40 жылдығына арналған көрмеде.

Сонымен қатар, 1982-1990 жылдары Алматының №6 Орджоникидзе сайлау округінен Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланады.

Қызмет ете жүріп сурет салуды да ұмытпаған. Қылқалам шеберінің  "Құрманғазы", "Көбік шашқан", "Исатай Тайманұлы", "Абай", "Шоқан Уәлиханов", "Мұхтар Әуезов", "Сырым Датұлы", "Жамбыл", "Қазақстаннан келген солдат", "Ана" атты шығармалары Қазақстан мен шетел мұражайларында сақтаулы.

 Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы еліміздің мемлекеттік рәміздерінің бірі туды анықтауға арналған байқау өтіп, оған Қазақстан, ТМД, Түркия, Германия, Моңғолиядан 1200-ге жуық суретші қатысады. Байқауда Шәкен Ниязбеков ұсынған нұсқа үздік деп танылады.

Суретте: Мемлекет басшысы мен үкімет мүшелері, рәміз авторлары рәміздерді талқылап тұр

Сол жылы 4 маусымда егемен Қазақстанның Елтаңбасы, Туы мен Әнұраны бекітіледі.

Суретте: Тудың дизайны бекітілгеннен кейінгі алғашқы минуттар.

Шәкен Ниязбековке Тудың авторы ретінде Биік Мәртебелі куәлік берілген.

Бауыржан Момышұлының зиратына қойылған құлпытас пен Алматы қаласының ентаңбасы да Шәкен Ниязбековтың қолынан шыққан.

Суретте Алматы қаласы ентаңбасының фотопленкасы мен алғашқы нұсқасы.

Араға 15 жыл салып 2007 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 4 маусымды Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде бекітеді. 

Дара тұлға 2014 жылы 16 тамызда 76 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Шәкен Оңласынұлының есімі мәңгі халық жадында. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу