Алдағы жиынға шолудың қысқаша сипаты төмендегідей:
Шанхай ынтымақтастық ұйымы дегеніміз не?
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) 2001 жылы Орталық Азия мен одан кеңірек аймақтағы қауіпсіздік мәселелерін талқылау үшін Қытай мен Ресей тарапынан құрылды. Басқа мүшелері - Иран, Үндістан, Пәкістан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан. Бақылаушы елдер мен диалог бойынша серіктестер қатарына Түркия, Сауд Арабиясы, Мысыр кіреді.
Биыл кімдер қатысады?
ШЫҰ саммитіне биыл РФ президенті Владимир Путин, Қытай төрағасы Си Цзиньпин, осы саммитті қабылдайтын президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Пәкістан премьер-пинистрі Шехбаз Шариф, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Беларусь президенті Александр Лукашенко қатысады. Соңғысының елі ШЫҰ толыққанды мүше болайын деп отыр.
Иран мамыр айында тікұшақ апатынан қаза тапқан президент Ибрахим Раисидің мұрагерін жұма күні таңдайтындықтан, Астанаға президент міндетін атқарушы Мұхаммад Мохбарды жібермек.
ШЫҰ-ның басқа қонақтары арасында Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев бар.
Саммитке Орталық Азияға сапармен келген БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш де қатысады.
"Гутерриш БҰҰ-ны барлық үлкен клубтармен сөйлесетін инклюзивті ұйым ретінде көрсеткісі келеді", - дейді Александр Габуев, Карнеги қорының Ресей- Еуразия орталығының директоры.
ШЫҰ-ның қай лидерлері саммитке келмейді?
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Астанаға сыртқы істер министрін жібереді. Үндістандық БАҚ-тың хабарлауынша, жақында қайта сайланған Моди өткен аптада басталған парламент сессиясының шаруасымен әлек. Дегенмен, Моди таяуда Италияда өткен "Жетілік топтың" саммитіне қатысты. Кейбір болжамдарға қарағанда, саммитке келуден бас тарта отырып Үндістан үкімет басшысы Ресей мен Батыс арасында баланс сақтағысы келген тәрізді.
Мақсаттары не?
Путин Ресейдің 2022 жылы Украинаға әскер кіргізгеннен кейін Батыстың санкцияларынан оқшауланып қалмағанын көрсеткісі келеді.
Халықаралық қылмыстық сот оны қамау туралы ордер шығарғаны белгілі. Бірақ Қазақстан Рим статутының қатысушысы емес. Сондықтан Астана РФ президентін тұтқындауға міндетті емес.
"Путин үшін бұл кездесу - бедел мен оның жалғыз еместігіне сенімнің символы іспеттес", - дейді Габуев АР агенттігіне берген сұқбатында.
Сонымен қатар, алдағы жүздесу – Батыспен қатынастары шиеленісіп бара жатқан Путин мен Си үшін стратегиялық серіктестікте жеке байланыстарының күшейгенін паш етудің тағы бір шансы екен. Айта кетсек, бүгінге дейін екі держава жетекшісі 40 мәртеден аса кездескен екен.
Путиннің мамыр айында Си Цзиньпинмен кездесуі Бейжіңнің Мәскеуге қалай дипломатиялық қолдау көрсеткенін және Ресей мұнайы мен газы үшін Қытайдың қандай үлкен нарық екенін көрсетіп берді. Сонымен қатар, Ресей өзінің әскери машинасын ұстап тұру үшін озық технологиялық импорттың негізгі көзі ретінде Қытайды қарастырып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, ШЫҰ Қытайға өз ықпалын, әсіресе Орталық Азия мен Жаһандық Оңтүстікке таратуға көмектеседі. Си өткен аптада елдер арасында "байланыс көпірлерін" құруға шақыра отырып, Қытайды АҚШ пен оның одақтастарына балама ретінде ілгерілетуді қалайтынын ашық аңғартты.
Ердоған бұл кездесуді Түркияға бірнеше сапарын кейінге қалдырған Путинмен келіссөз жүргізу үшін пайдалана алады. НАТО-ға мүше елдің лидері соғыс басталғалы Ресеймен де, Украинамен де тең қатынаста болып, делдалдықты жиі ұсынды.
Қабылдаушы Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдері үшін бұл саммит – үлкен әрі қуаттырақ көршілермен ынтымақтастықты одан әрі дамытудың бір жолы. Мысалы, Қазақстан көршілес Ресеймен де, Қытаймен де жиі араласады, сонымен қатар Астана Батыспен байланысын жалғастырып, биыл АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронды қабылдады.
Не талқыланады?
Терроризмге қарсы тұру - басты назарда. Ресейде биыл екі лаңкестік шабуыл жасалды: наурызда Мәскеу концерт залында қарулы топ 145-тен астам адамды өлтірсе, маусым айында Дағыстан Республикасында полиция мен ғибадатханаларға жасалған шабуылдардан кемінде 21 адам қаза тапты.
ШЫҰ ішінде шиеленіс бар ма?
Даулы Кашмирге қатысты Үндістан мен Пәкістан сияқты ШЫҰ мүшелерінің арасындағы саяси келіспеушіліктер кейбір мәселелер бойынша ұжымдық келісімге келуді қиындатады.
Қытай болса, Украина мәселесінде Мәскеуді қолдаса, Үндістан Мәскеудің бұл әрекетін ашық түрде қабылдамай, ұрысты тоқтатуға шақырды.
Орталық Азия елдеріне келсек, олар Ресеймен, Қытаймен қатынастарын теңестіріп, Батыспен жақсы байланысты сақтап отыр. Орталық Азиядағы посткеңестік бес республиканың ешқайсысы БҰҰ-да соғысты айыптаған дауыс беру процедурасында қалыс қалғанымен, Украинадағы соғысты ашық қолдаған жоқ.
"Ал Гутерриш бұл кездесуді Путинмен Ресейдің БҰҰ келісімін қалай бұзып жатқаны туралы сөйлесу үшін пайдалануы мүмкін", - дейді Габуев.
Айта кетсек, Ресей Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің Солтүстік Кореяны бақылау және ғарышта қарулану жарысын тоқтату санкцияларына вето қойып отыр.
"Гутерриштің Мәскеуге баруы екіталай. Ал Астана кездесуі ол үшін Путинмен сөйлесудің ең жақсы мүмкіндігі", - дейді тағы бір сөзінде Габуев.
Украина мәселесі талқыланады ма?
Саммитке Украина да, оның батыстық қолдаушылары да қатыспайды. Дегенмен, "Ассошиэйтед Пресс" агенттігіне берген сұқбатында қазақстандық шенеуніктердің бірі айтқандай, "Украинаға қатысты көптеген талқылаулар болуы мүмкін, өйткені бұл бәрімізді алаңдататын үлкен мәселе" екен.