Шаруаларға 3 млрд теңге несие беріледі

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
11940

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры несиенің 50% кепілдендіреді.

Шаруаларға 3 млрд теңге несие беріледі

Осыдан 2 ай бұрын ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры шаруалардың екінші деңгейлі банктерден алған несиесін кепілдендіру жобасын іске қосты. Бұған екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру көлемінің 5 есе төмендеп кетуі түрткі болды.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаровтың айтуынша, 6 жыл бұрын банктер ауыл шаруашылығы саласына 431 млрд теңге бөлсе, былтыр 89 млрд теңге ғана қарастырды.  

"Өткен жылы екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру көлемі күрт азайғаны анықталды. Банктердің  ауыл шаруашылығы саласына үрке қарауына тосқауыл қою үшін шаруалардың несиесін кепілдендіру саясатын қолға алдық. Бұл бастама екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығы саласын несиелендіруін ынталандыруды, олардың несие тәуекеліне ортақтасуды және агроөнеркәсіп кешенін қаржыландырудың тартымдылығын арттыруды көздейді", – деді Жандар Омаров.

Басқарма төрағасының түсіндіруінше, шаруалар кепілдендіру шартына сәйкес, екінші деңгейлі банктерден 10 жылға 17% мөлшерлемемен 3 млрд теңге қарыз ала алады. Қор тауарлы сүт фермалары, етті құс шаруашылығы, жылыжай, қант қызылшасын мен қызылша қантын өндіру, жарма өндірісі, көкөністер мен жемістерді қайта өңдеу, өсімдік майы мен май өнімдерін өндіру сынды жобаларға алынған несиенің 50% кепілдендіреді.

Елімізде алғашқылардың бірі болып ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы несиесін кепілдендірген батысқазақстандық шаруа – Сергей Горовой.

Ол Қазталов ауданының Талдыапан ауылында 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын сала бастаған. Құны 1 млрд 300 млн теңгені құрайтын жобаға кепіл мүлкі жетпей қалғанда, ісі кілт тоқтаған. Абырой болғанда, қор қолдау көрсетіп, шаруаның ісі қайта жанданған.

"Екінші деңгейлі банк кепілзат сұрағанда өтінім берген қаржымызға сай мүлік таба алмадық. Мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына бардық. Тамызда құжат тапсырып, қыркүйекте қаржының бір бөлігін алдық", – деді Сергей Горовой.

Жобаны үздіксіз жүзеге асыру үшін үкімет жыл сайын қаржы бөліп отыруға бел буыпты. Бұл туралы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры кепілдендіру департаменті директорының орынбасары Маханбет Тұрмаханов: "Биыл 64 млрд теңгеге дейінгі несиені кепілдендіруге мүмкіндік алып отырмыз. Бұдан былай шаруалар екінші деңгейлі банктен несие алған кезде кепілзат іздеп әуре болмайды", – деді.

Айта кетейік, қор 2017 жылдан бері "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытын іске асырып келеді. Бағдарлама аясында ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жобалары қаржыландырылады. Мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, ауыл кәсіпкерлігін дамытуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтауға 6 пайызбен несие беріледі. Ал көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қарыз 4 пайызбен ұсынылады.

Абылай Бейбарыс


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу