Шекарадағы "кедей" қалалардың бірі – Тобылдың ахуалы қандай?

2955

Ресеймен ықпалдастығы тығыз шаһар тұрғындарында мақтаныш пен ұлттық рух пайда бола бастады. 

Шекарадағы "кедей" қалалардың бірі – Тобылдың ахуалы қандай?

2020 жылдың 2 қаңтарынан бастап, Қостанай облысындағы бұрынғы Затобол кентінің атауы да, мәртебесі де өзгергені мәлім. Президент Қ. Тоқаевтың жарлығымен елдімекен "қала" атанды, атауы қазақыланып, Тобылға ауыстырылды. Оған дейін кенттің төл бюджеті де жоқ еді. Мысалы, Қостанай ауданының бюджетінен 2019 жылы Затобол үшін 58 млн 138 мың теңге субвенция бөлінді.

Қазіргі жағдайы қандай?

Бірден айта кетелік, қала атанғанымен Тобылдың әлі күнге төл "парламенті" жоқ. Сондықтан оның 2022-2024 жылдарға арналған жаңа бюджеттерін алда Қостанай аудандық мәслихаты бекітіп бермек.

Бұл ретте қала болғалы, елді мекеннің қазынасы екі еседей артты. Нәтижесінде, Тобыл қаласының 2022 жылғы бюджеті, яғни шығындары 185 млн 41 мың теңге көлемінде белгіленіп отыр. Бұл – Қазақстан қалалары арасындағы ең төмен көрсеткіштің бірі. Салыстыру үшін айтсақ, мысалы, қостанайлық басқа қала – Рудныйдың бюджеті бұдан 135 есе көп, 25 миллиард теңгеге жуық!

Бір жақсы жері, Тобыл өз бюджетінің басым бөлігін өзі табады, дотацияға шектен тыс тәуелді емес. Атап айтқанда, 2020 жылғы бюджет жобасында қаланың салықтық түсімдері бойынша кірістері 120 млн 863 мың теңгені, салықтық емес түсімдері – 3 млн 224 мың теңгені құрайтыны көрсетілген. Яғни қалған 61 миллион теңгедей қаражатты ғана трансферт түрінде жоғары тұрған бюджеттерден алады.

Затобол қашанда ауыл үлгісіндегі елді мекен болатын. Онда көпқабатты ғимараттар тым аз, негізінен жеке тұрғын үйлерге толы. Содан 2018 жылы 24 мыңдай ғана тұрғыны бар кент қалаға айналады деген сөз-сыбыс шыққанда, скепсис пен сенбеушілік көп болды. Тіпті Мемлекет басшысының жарлығы шыққаннан кейін де тұрғындар көңілтолмастық білдіріп жатты. Әлеуметтік желіде "билік таңды, біз көндік" деген ауанда әңгімелер көп айтылған.

Мысалы, мемлекеттік "Хабар24" арнасының журналистері 2020 жылғы қаңтар соңында "Тобыл қаласының тұрғындары жаңа мәртебеде қалай өмір сүруде?" деген сюжет түсірді. Тіпті соның өзінен тұрғындардың билік шешімін құптамайтыны анық аңғарылып тұрды. Кіріспе сөзде хабарлықтар Тобылдың қала атануына қарсы шыққандар болғанын, соған қарамастан мәртебесі өзгергенін жеткізді.

"Мұғалім ретінде мен үшін мұның нашар жағы бар. Жалақы 25%-ға қысқарады. Яғни мен ай сайын 30-40 мың теңгедей жоғалтамын", – деген еді тележурналистерге Тобыл тұрғыны Іңкәр Қасымова.  

"Мен "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша ауылға кезінде келген едім. Пәтер алдым. Ауыл мәртебесінен айрылғандықтан, енді жастардың ондай мүмкіндігі болмайды", – деді Жадыра Ибраева.

Содан былайғы көрерменде "Тобылға қала атағын беру асылық болды ма?" деген ой тууы мүмкін еді.

Таяуда Тобылдың қала мәртебесін иеленгеніне 2 жыл толмақ. Осы кезеңде жергілікті тұрғындардың саны артты. Қазіргі кезде жас қалада 29 мыңнан астам адам тұрады деп есептеледі. Шаһарда екі, тіпті үш қабатты коттедждер пайда бола бастады. Бұған іргеде, бірнеше шақырым жерде Қостанай қаласының тұрғаны да ықпал етсе керек. Қала атанғалы Тобылда жер учаскелері мен баспананың құны да көтерілген.

Жаңа мәртебемен бірге инфрақұрылым жақсара бастаған. Мысалы, тұрғындар "Агромакс" атты екі қабатты сауда орталығына тынығуға барады. Ішінде бутиктер, сауда орындары, гипермаркет, шаштараз және басқасы орналасқан. Ауылда мұндай үлкен сауда орталықтары кездесе бермейді, демек бұл да қала мәртебесінің бір нышаны болса керек.

Адамдардың тұрмысы жақсы жаққа өзгере бастағанға ұқсайды. Мысалы, қалада 130-150 мың теңге жалақысы бар жұмыс орындарына маман іздестірілуде. Қала мәртебесімен бірге инвестициялар келгені, бизнестің қаржы сала бастағаны аңғарылады.     

Әрине, жас қаланың проблемасы да жетерлік. Оның ары қарай дамуы үшін газдандырып, газ тарату желілерін салу қажет. Өсіп келе жатқан шаһар тұрғындары мен кәсіпкерлік нысандарын электр қуатымен толыққанды қамту үшін қосымша подстанциялар талап етіледі. Әйтпесе, Тобылда 90-шы жылдардағыдай тоқтың жалп етіп сөніп қалуы үйреншікті саналады. Сондай-ақ жаңа жолдар төсеу, ескілерін жөндеу маңызды. Қараңғы көшелер де қала атағына дақ түсіреді, демек, көшені жарықтандыру мәселесі өзекті. Әлеуметтік нысандар тапшылығы сезіледі. Әсіресе, қазақ балабақшалары аз көрінеді.

Оның бәріне еліміздегі ең бір кедей қалада қаражат жетіспейді. Мысалы, келер жылдың жаңа бюджетінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты ұстап тұруға, елді мекенді көркейтуге – небәрі 75 млн теңге, көшелерді жарықтандыруға – 27,9 млн теңге, автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз етуге – 28,3 млн теңге ғана бөлінбек.

Судан тарыққан шаһар

Тобылда таза ауыз сумен жабдықтауда үлкен проблема бар. Жұртшылық бірнеше жылдан бері осы кәусардан тарығуда. Әсіресе, бұл түйткіл суға деген сұраныс күрт артатын жазғы мезгілде, аптап ыстық кезінде ушығады. Биылғы жазда "Затобол ТЭК" коммуналдық кәсіпорнына және Қостанай ауданының әкімдігіне қатысты тұрғындардың шағымдары мен дабылдары әлеуметтік желіні кернеп тұрды. Мысалы, жергілікті тұрғын Анна Москвинаның айтуынша, мұндай кезде су жеткізілген үйлердің өзінде тат су ағады. Жұрт не су іше алмайды, не жуына алмайды. Тобылдықтар кірлерін жуа алмай, жаз бойы үсті-басы кір басып жүруге мәжбүр болатынына қамығады. Сондай-ақ жазда бойлерлер істен шығатын болғандықтан, адамдар оны қоса алмай, ыстық сусыз қалады.

Сонымен бірге жазда су беру кестесі өзгереді. Су көбіне кешке беріледі екен. Күндіз және түнде ағытып тастайды. Халық мұндай нашар қызмет пен сапасы төмен су үшін коммуналдық ақы төлегісі келмей, наразылық білдіріп жатады. "Затобол ТЭК" коммуналдық кәсіпорнының директоры Александр Фищук жергілікті әріптестерімізге берген түсініктемесінде проблеманы жоққа шығармады. Халыққа түсіндіру үшін аудан әкімдігінің әлеуметтік парақшасында бірнеше рет тікелей эфирлер ұйымдастырды. Бар айтқаны "су тарату жүйесі ескі, Тобыл тұрғындарын сумен тұрақты қамту үшін резервуарлар жетіспейді". Жағдайды ауласында бақша салып, суаратын адамдар күрделендіреді.

Кәсіпорын жаз келсе болды, тұрғындардан бақша суаруға жаңбыр не құдық суын пайдалануды сұраумен болады. Ал күндіз және түнде су беруді тоқтатып, резервуарларын толықтырады екен. Онсыз құбырда қысым болмайды. Ал суды біресе жіберіп, біресе ағытып, үнемі іркіліс жасай берген соң ағатын суда еш тазалық қалмайды, таттанған су беріледі. Өйткені құбырлар тозған.

"ТобылИнфоға" сұхбатында Қостанай ауданының ТКШ, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің басшысы Қайыржан Құрманғалиев тұрақты су беру тек алдағы жылы мүмкін болатынын мәлімдеді.

"Су жеткізуші жаңа құбыр жүйесін салмайынша, бұл мәселе шешімін таппайды. Оны салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Су құбыры Қостанайдан Заречный кентіне дейін созылады деп жоспарлануда. Жоба биылғы жылы қолға алынады. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 405 млн теңге, келесі жылы тағы 405 теңге бөлінуде. 2023 жылға 500 млн теңге қарастырылған. Жоба жүзеге асқаннан кейін су мәселесі шешіледі", – деп сендірді жергілікті шенеунік.

Өңіне қазақы қан жүгірген өлке

Тобыл қаласы бұрындары әбден орыстанған елді мекендердің бірі саналатын. Рунетте, ресейлік әлеуметтік желілерінде "Затобольскке" арналған сайттар, топтар бар. Олар әрине, жаңа қазақы атауды қабылдай бермейді. Қала тұрғындарының Ресеймен ынтымақтастығы әлі де тығыз. Мысалы, биыл тобылдықтар екі елдің мемлекеттік шекарасын жалған медициналық анықтамамен кесіп өтуге жәрдемдесіп келгені әшкереленді. Осыған орай 29 және 39 жастағы жергілікті екі тұрғынның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс материалдарында көрсетілгендей, олар шекарадан өтуді қалаған адамдарды жалған құжаттармен – шақыру хаттарымен, Ресей медклиникаларына бару үшін дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындыларымен қамтыған.

Тергеу шекараны заңсыз кесіп өткен 15 адамды анықтай алыпты. Құжаттарды М. есімді қыз қарапайым түсті принтер көмегімен әзірлеген. Қажетті анықтама үлгілерін әртүрлі ресми сайттардан жүктеп алған, артынан оларға графикалық редактор көмегімен мәліметтерді енгізіп, жалған құжатқа айналдырған. Анықтама үшін 40-50 мың теңгеден алып отырған. Осы жасанды құжаттар көмегімен адамдар "Қайрақ" автокөлік шекаралық бекетінен өтіп жүріпті. М. мен Т.-ның қызметіне тек қостанайлықтар ғана емес, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан, Алматы облысынан клиенттер жүгінген. Қылмыскерлерге заңсыз көші-қонды ұйымдастырғаны үшін айып тағылды. Олар прокурормен процессуалдық келісім бекітіп, кінәларын мойындады. Сот осыны ескеріп, М. және Т.-ға 1000 АЕК (2 778 000 теңге) айыппұл салып, босатып жіберді.

Жалпы Тобыл қаласы тұрғындарының ұлттық құрамы туралы өзекті ақпарат әкімдікте де жоқ. Дегенмен тұрғындар қазақтар үлесі көбейіп келе жатқанына сенімді. Таяуда қазан айында облыстық мешіттің наиб имамы Бақытжан Икрам Тобыл қаласындағы "Маңдай батыр" аудандық мешітіне наиб имам ретінде Нұрбол Исламұлын тағайындады.

Мүфтияттың дерегінше, мешіт арнайы салынбаған. Қазіргі мешіт ғимараты 1973 жылы бой көтерген 2 қабатты ғимарат. Алдында онда "паспорт үстелі" адрестік бюросы болған. 1998 жылы жергілікті халықтың өтініші бойынша осы ғимаратты мешіт қылып пайдалануға рұқсат берілді. 2002 жылы Бас имамның өтініші бойынша әкімдік ғимаратқа күмбез ай орнатты, толық жөндеу жұмысын жүргізді. Мешіт жамағатының көбейіне байланысты 2007 жылы мешіт ғимаратына қосымша екі зал – ерлер және әйелдер залы салынды.

Қалай болғанда, "жас" қала әзірге құба-төбел күй кешіп жатыр. Жалпы Тобыл ғана емес, бүкіл Қостанай облысы – бай емес өңірдің бірі.

Әйтсе де қала мәртебесі Тобылдың өңіне қан жүгіртетіні сөзсіз.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу