Шекараға қатысты "жабулы қазан" күйіндегі күрделі проблемалардың беті ашылды

4743

Арғы жақтағы елдің шекарашылары мұздай қаруланған, айбынды, сұсты көрінеді, ұрыс-барлау дроны да сақадай сай. Ал біздің шекарашылардың киімі тозған, көңілі пәс, көлігі ескі, көбіне қаражаяу. Тіпті шекара қызметінің жарғысы, жауынгерлік туы жоғы анықталып отыр. 

Шекараға қатысты "жабулы қазан" күйіндегі күрделі проблемалардың беті ашылды

Таяуда шекарада ақпарат құралдарында жарияланбаған тосын оқиға тіркелді. Қазақ-қытай шекарасының "Жалаңашкөл" шекара бөлімшесінің учаскесінде мемлекеттік шекараны бұзушы ұсталды. Түскі 14:49-да дабыл сигналы түсе сала, ол жаққа жедел аттанған "Дабыл тобы" шекара наряды Масяня есімді іздеу итімен індетіп жүріп, ҚХР-ға өтіп кетпек болған бір бейтаныс əйелді табады. Оның жападан жалғыз екенін аталған учаскенің бақылау із-жолағында мемлекеттік шекараға қарай сайрап жатқан жалғыз адамнан қалған із жолы айғақтады.

Тексеріс нәтижесінде ұсталғанның Семей қаласының тумасы Д. екені белгілі болды. Әңгіме кезінде ол Қытайға жақсы өмір іздеп қашқанын жеткізген. Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласында тұрыпты. Қазақстанда өз орнын таба алмаған, қарызға батқан. Қытайдағы қалың қазақтың арасынан өз бақытын іздеуге ұйғарған сыңайлы.

Әйткенмен, шекарашылардың өздерінің жағдайы да көзге жас алғызардай ауыр көрінеді. Парламенттік каникул кезінде ҰҚК Шекара қызметінің өкілдерімен бірге Қазақстанның шекара бөлімшелерін (бұрын – заставалар деп аталатын) аралап шыққан Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл көзімен көріп, көңілге түйген көптеген жайтты айтып берді.

"Әрине, көптеген нәрсе мемлекеттік құпияға жататындықтан, ондай сырды сыртқа шашуға қақым жоқ. Сыртқы зәлім күштер қазақ жеріне көз сұғын қадап отырғанда, абай болған абзал. Сондықтан біраз проблеманың жай-жапсарлары, конкретикасы тек құзырлы органдарға арналған ресми хаттарымда жазылады, Мәжілістің өзім мүше Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің жабық жиын-отырыстарында қаралады. Қалай болғанда, бейбіт күнді басты бір құндылық санасақ, егеменді елдің есендігі – шекарамыздың бекемдігі десек, ең алдымен шекарамызды нығайтуға тиіспіз. Сондықтан бірқатар мәселелерге тоқтала кетейін", – деді Б.Смағұл.

Оның айтуынша, барлық шекара бөлімшесіне тән проблема – әскери жабдықтау проблемалары. Шекара күзетінде қолданылатын техникалар паркін заманауи талаптарға сәйкес келтіріп, жаңарту қажет. Әйтпесе, шекара басқармалары мен бөлімшелерінде 1980 жылы шығарылған автокөліктер де әлі күнге дейін пайдаланылады. Шекарашыларымыз аса қиын климаттық жағдайларда, аптап ыстықта, қақаған аязда, қу медиен түз, тау-тас, шөл далада Отанның шетін қырағы күзетеді. Демек, мұндай жағдайда қырық жыл бұрынғы машиналар түгіл, жаңалары да тез істен шығатыны мәлім. Салдарынан шекарадағы ахуал күрт өзгере қалса, әбден тозығы жеткен техника шұғыл қимылдауға, тез ұрыс әзірлігіне келуге мүмкіндік бермейді.

Сонымен қатар, депутат әскери жабдықтаудың өзекті проблемалары қатарында шекара бөлімшелерінің пилотсыз ұшатын аппараттармен, қарда жүргіш техникалармен (снегоход) жабдықталмағанын атап өтті.

Бірақ мұның бәрі шекараға қатысты проблемалардың шет-жағасы, мұзтаудың ұшы ғана екен.

"Биылғы қаңтар оқиғалары ұлттық қауіпсіздік жүйесінің, соның ішінде шекара қызметінің осал тұстарын көрсетті. Соңғы жылдардағы шекара қызметіне жүргізілген реформаларды талдау көрсеткендей, шекара қызметі жауынгерлік әскери бөлімдерден айырылды деуге болады. Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстанмен арадағы шекарада шекара отрядтары жауынгерлік туы жоқ, қаржылық қамтамасыз етілмеген, кадрлық бөлімшелерсіз шекара басқармаларына айналды және заңды тұлға ретінде мемлекеттік мекеме мәртебесін жоғалтты", – деп хабарлады депутат шекарашылардың баянаттарына жүгініп.

Шекарашы офицерлердің мәліметінше, "Шекара қызметінің құрамынан көптеген бөлімшелер, нақтылай кетсек, авиациялық бөлімшелер, байланыс тораптары мен автоматтандырылған басқару жүйелері, материалдық-техникалық және техникалық қамтамасыз ету бөлімшелері, халықаралық қатынастар бөлімдері, Шекара қызметі академиясы және басқалары шығарылған". Бұл ведомствоның әскери күштерін жоғалтуға соқтырыпты.

Тағы бір проблема – Шекара қызметінің Жарғысы жоқ.

"Мемлекеттік шекараны қорғау мен күзету ісінің маңыздылығын ескерсек, шекараны күзету кезінде бұл ведомство өзге күштік құрылымдарға ұқсамайтын өте ауқымды әскери, саяси, экономикалық және шекаралық тапсырмаларды орындайтынын назарға алсақ, онда Шекара қызметінің Мемлекеттік шекараны қорғау және күзету бойынша жарғысы болуы керек деген сенімдемін. Мұның маңыздылығы неде? Жарғы дегеніміз – әскери қызметті өтеу тәртібін белгілейтін, ең бастысы – соғыс жағдайында әскери құрамалар мен әскери бөлімдердің бір-бірімен өзара іс-қимылдарын үйлестірудің ретін анықтайтын ережелер жиынтығы. Сондықтан ол болуы шарт. Сондай-ақ қазіргі кезде Шекара басқарма бастықтары жазбаша бұйрық беру құқығынан айрылған. Ал бұл Қарулы күштерімізді басқарудағы негізгі принцип – дара басшылық қағидасын жоғалту болып табылады", – деді Бақытбек Смағұл.

Шекарада қордаланған мәселелер барын ҰҚК Шекара қызметінің Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы, подполковник Рауан Қоңқабаев растады. Оның дерегінше, мысалы, Алакөл ауданы бойынша біраз шекара бөлімшелері "Тоқты" бағытындағы электр желісінен қуаттанады. Бірақ бүгінде "Тоқты" электр желісі аппаттық жағдайда: желдің қатты соғуынан зақымданған, өртенген, ағаш тіректері ескірген. Соның кесірінен электр қуаты жиі өшіп қала береді. Бұл өз кезегінде шекара бөлімшелерінде орналасқан электр жабдықтарының, маңызды жүйелердің мерзімінен бұрын істен шығуына соқтырады. Мысалы, 2021 жылы "Айдала" шекара бөлімшесінде 4 дана су сорғысы бірден бұзылған. Соның кесірінен шекарашыларды ауыз сумен қамтуда қиындық туындады. Ал "Шыңдалы" шекара бөлімшесінде дизелдік агрегат сынып қалған. Мұндай деректер жетерлік. Қуатпен орнықты жабдықталмау Қазақстанның мемлекеттік шекарасын күзетуге жəне қорғауға теріс əсер ететінін ұмытпаған жөн.

Мәжіліс депутаты Б.Смағұл әлеуметтік, инфрақұрылымдық тұрғыдағы мәселелер көптігін, олар барлық түйткілдің жартысына жуығын құрайтынын айтады.

Мысалы, Қытаймен арадағы қазақстандық бірқатар шекара бөлімшелерінің казармалары апаттық жағдайда. Құлағалы тұр. Айталық, Үшарал қаласындағы әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері тұратын 5 қабатты ғимараттың, бұдан бөлек ұрыс техникасын сақтайтын қойма-гараждарының, әскери қызметшілерге арнап мәдени іс-шаралар өткізуге арналған клубтың, спортзалдың көнергені сонша, жауын жауғанда төбе-шатырларынан су сорғалайды. Соның салдарынан, аталған 5 қабатты үйдің 5-ші қабаты қаңырап бос тұр, қолданысқа жарамайды. Ал гараждарда сыздан әбден шіріп кетпеуі үшін ұрыс техникаларын палаткамен жабуға мәжбүр.

Бір бөлемшеде шекарашылардың тіпті қарапайым палаткада тұрып жатқаны анықталды.  Бірнеше шекара бөлімшесінде казармасы, басқа да ғимараттары апатты жағдайға жеткен. Олар қолданысқа жарамайды, ішін көк басқан, күлімсі иіс қолқаны атады. Бұлардың өрт қауіпсіздігі, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейтіні, сүрілуге тиістігі 2018 және 2021 жылғы техникалық зерттеулердің қорытындысында айтылды. Бірақ іс одан әрі ілгерілемеген.

"Салдарынан, ол казармаларда жеке құрам әлі күнге дейін тұруда, себебі басқа паналайтын жерлері жоқ. Оларға мемлекеттік шекараны күзету қатаң жүктелген, жағдай жасалмаса да, олар сол міндетін қалтқысыз орындап келеді. Мұндай жерде тұра алмаймыз деп мемлекеттік шекараны ашық-шашық тастап кете алмайды. Егер шекарашыларымыз шекараны тастап кетсе, шекара олардың артынан жылжиды. Бұдан басқа да проблемалары бастан асады: күрделі жөндеуді талап ететін объектілері бар. Осы мәселелерді шешу үшін 2020 жылдан бері шекара басқармасының ғимараттары мен объектілері жергілікті атқарушы органдардың балансына беріліп, "Жол картасына" енгізілді, 2021 жылы жобалық-сметалық құжаттамалары жасалды, ол құжаттардың бәрі мемлекеттік сараптамадан өтті. Алайда қаражат бөлінбеуі салдарынан осы күнге дейін аталған мәселелер өз шешімін таппады", – деді Бақытбек Смағұл.

Мәжіліс депутаты өзі байыбына барып, айқындаған мәселелердің бүге-шігесін тиісті орындарға хаттарда баяндап, хабардар ететінін жеткізді. Оның үстіне бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, күштік құрылымдарды күшейтуге баса көңіл бөліп отыр.

Қалай болғанда, мемлекеттік шекара – елдіктің ұстыны, тәуелсіздіктің басты бір атрибуты, қазіргі халық пен болашақ ұрпақтың қауіпсіздігінің негізі. Ендеше анықталып отырған мәселелерді шешу бағытында пәрменді шаралар, тиімді бағдарламалар қабылданғаны жөн. Ал осындай ауыр жағдайда Отан алдындағы борышын, жүктелген міндеттерді адал атқарып жатқан шекарашыларымыз қандай марапат пен қошеметке де лайық болса керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу