Шенеуніктер пара алмауы үшін арнайы ипотека енгізілмек

2422

Қазақстанда лоббистік қызмет реттеледі, Парламент депутаттарының қатаң әдеп кодексі енгізіледі, сайлау процесі әділ етіледі. Антикордың жаңа басшысының реформасы жария етілді, деп жазады Inbusiness.kz

Шенеуніктер пара алмауы үшін арнайы ипотека енгізілмек

Президент 2021 жылғы 16 сәуірдегі жарлығымен Алик Шпекбаевты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы лауазымынан босатқаны мәлім. Алик Жатқамбайұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті 2014 жылдан бері, ұзақ уақыт басқарды. Тұтас бір "дәуірдің" аяқталғанын мәлімдеген жекелеген сарапшы мен саясаттанушы сала құлдырап кетті, қызмет сапасы төмендеді деген жеке пікірлерін айтты. Өйткені жаһанға жар салып, елді дүрліктіре ұсталған ірі лауазым иелерінің басым көпшілігіне қатысты істер сотта шашылып қалып, күдіктілер жаппай ақталып жатты.

Қ. Тоқаев жемқорлықпен күресуші алпауыт органның басшылық тізгінін антикоррупцияшылардың бәсекелесі – прокуратура өкіліне ұстатты. Бұл мәртебелі креслоға Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов отырды. Жұрт одан бұл қызметтің жұмысына пәрмен, ісіне тегеурін беретін тың қадамдар күткен. Содан бері 7 айдай уақыт өтті. 

Марат Мұратұлының не ойлағаны енді белгілі болғандай. Оның командасы "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының" жаңа жобасын жариялады.

Құжаттың басты қағидаты "Парасатты қоғам қалыптастыру" болмақ. Бұл идеяны кезінде А. Шпекбаев ұсынған. Осы мақсатта 2019 жылы агенттік ішінен Парасаттылық департаменті құрылды. Дегенмен биыл ведомство қайта құрылымданып, ол департамент жойылған. Әрине, мәселе идея ұсынуда емес, оны нақты жүзеге асыруда. Агенттік енді "Парасатты қоғам" аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға үлес қосуға дайын азаматтардың үлесін арттыруға ниетті.

Қазір жемқорлық қылмыс туралы хабарлағандарға параның 10%-ы, бірақ 4 мың АЕК-тен (2021 жылы 11,1 млн теңгеден) аспайтын көлемде сыйақы беріледі. Былтырға дейін бұл сома 100 АЕК-тен немесе 277 мың 800 теңгеден аспайтын. 2019 жылы – 214 "информаторға" 31,8 миллион, 2020 жылы – 182 адамға 27,1 миллион теңге төленіпті. Негізінен, азаматтар парақорлық (126 хабарлама немесе 69,2%) және ұрлық (46, 25,2%) фактілері туралы хабарлайды. Тағы 5 (2,7%) хабарлама лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалану фактілеріне қатысты. Бұл ретте тек расталған деректерге ғана сыйақы төленеді. Әйтпесе, әлгі тетік елде домалақ арыз жазушыларды көбейтіп жіберетін еді.

Биылғы жылы бюджеттен осы мақсатта 33,9 миллион теңге бөлінген, бұл 213 адамды көтермелеуге жетеді. Алда сома артады деп күтілуде.

Жаңа тұжырымдамада халықтың меморгандарға сенімі деңгейін 2022 жылы – 62%, 2023 жылы – 63%, 2024 жылы – 65%, 2025 жылы – 67%, 2026 жылы – 70%-ға дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткішке қол жеткен-жетпегені әлеуметтік сауалнама арқылы анықталады.

Келесі сайлау үшін жаңашылдықтар әзірленбек

Жаңа тұжырымдамаға сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күрес алдағы бесжылдықта бірден бірнеше бағытта жүргізіледі. Мәселен, "Құндылықтарды өзгерту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру" бағытында тіпті көркем фильмдер түсіру ұсынылады. Сондай-ақ TikTok, Instagram және басқа әлеуметтік желілерде байқаулар өткізілмек. Адал және сатылмайтын шенеуніктер мен кәсіпкерлер үлгі етіледі. Жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыстарға кеңінен қатысуы үшін цифрлық алаңдар пайдаланылмақ. Келесі жылға жоспарланған бұл бағыттағы шаралар отбасыларға, оқушыларға, студенттерге, мемқызметшілерге, кәсіпкерлерге, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне және басқасына бағытталады.

Құжатта 2023 жылғы 4-тоқсанда "сыбайлас жемқорлардың жария тізімін енгізу" қарастырылған. Әйтпесе, қандай шенеуніктің нақты қандай баппен сотталғанына, не ақталғанына қатысты жұртшылық жаңылысып бітті.

2026 жылғы 1-тоқсанда барлық университетте "сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық, ұлттық стандарт", "академиялық адалдық құралдарын енгізу" ұсынылып отыр. Бұл үшін БҒМ-ге ЖОО-ларды аккредиттеу шарттарын өзгерту жүктелетін көрінеді.

Әрине, идеологиялық-рухани жұмыстар сыртында нақты практикалық шаралар қажет. Олар "Мемлекеттік аппараттың парасаттылығы" бағытына жатқызылыпты.

Мысалы, 2022 жылғы 4-тоқсаннан бастап, мемлекеттік қызметке кіруі және біліктілігін арттыруы кезінде шенділерден міндетті "сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқытудан" өту талабы енгізілуі мүмкін.

Парламент әлдебір сала не компаниялардың мүддесін ілгерілететін заңдар қабылдайтыны жасырын емес. Бұған қоса, министрліктер де лоббистік заңдар жазудан арланбайды. Сондықтан бұл саланы ретке келтіру үшін 2026 жылғы 4-ші тоқсанда "Лоббистік қызметті реттеу туралы" заң жобасы Парламенттің қарауына енгізіледі.

Тұжырымдама қабылданса, Орталық сайлау комиссиясына 2024 жылғы 4-тоқсанда Парламент және мәслихаттар депутаттарының әдеп кодекстерін қабылдау тапсырылады. 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен сайлау нәтижесінде қалыптастырылған қазіргі депутаттық корпустің өкілеттік мерзімі 2026 жылдың қаңтарында аяқталады. Дегенмен парламенттік сайлау мерзімінен бұрын өтуі де ықтимал. Оның үстіне Ортсайлаукомға 2023 жылғы 4-тоқсанда "сайлау процестерінің ашықтығын арттыратын жаңа заң жобасын" дайындау жүктеледі.

Жемқорлық жасап, банкрот болмақ

Қарны аш, үйсіз-күйсіз жүрген мемқызметшілер жемқорлыққа бейім тұрады деген байлам айтылып жүр. Сол себепті жаңа антикоррупциялық тұжырымдамада шенеуніктерді экономикалық тұрғыдан ынталандыру жоспарланған. Жаңашылдықтар қатарында жеке секторға теңесе алатын "жоғары еңбекақы", шенеуніктерді шығармашылық, педагогикалық қызметтермен шектемей, "өзге де ақысы төленетін қызметпен айналысуына құқық беру" және "жеңілдетілген ипотека беру" бар.

Бұл шаралар 2023 жылғы 4 тоқсанға белгіленген. Оны жүзеге асыруға Мемқызмет агенттігі, Ұлттық экономика, Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері, Ұлттық банк жұмылдырылады.

Меморгандар мен ұйымдарды жаңадан материалдық-техникалық жарақтандыруға қаржы бөлінбек. Бұл – шенеуніктер өздеріне жүктелген міндеттемелерді тиімді орындай алуы үшін қажет екен. Осы мақсатта барлық министрліктер мен әкімдіктердің, мемұйымдардың материалдық-техникалық қамтылу нормасына сәйкестігіне аудит жүргізілетін көрінеді.

Тұжырымдама негізінде 2024 жылы әзірлеп, қабылдау ұсынылып отырған жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жаңа заң жобасында қызықты тетік қарастырылмақ. Егер мемқызметші жемқорлық жасап, ұсталса, ол тек жоғарғы еңбекақысынан, барлық әлеуметтік артықшылықтары мен жеңілдіктерінен айырылып қана қоймайды, сонымен бірге ол бұған дейін мемлекеттің өзіне шығындаған бүкіл қаражатын қайтаруға, өтеуге мәжбүр болады. Ендеше пара алу шенеуніктің банкрот болуына соқтыруы мүмкін. 

Сыбайлас жемқорлық мәселелерін зерттеп жүрген заңгер ғалым Серік Ақылбеков тұжырымдама жобасында дұрыс нәрселер айтылған дейді.

"Мысалы, онда тәуелсіз сот жүйесі мен тәуелсіз БАҚ-ты күшейту, азаматтық қоғам институттарын нығайту, шенеуніктерге бюджет қаражатын талан-тараж етіп, ақша жылыстатуына жол ашатын көлеңкелі экономиканы азайту міндеттері қарастырылған. Бірақ ең қажетті шаралардың кейінгі перспективаға, 2024-2026 жылдарға ысырылғаны жөн болмады. Бесжылдық мерзім соңына таяғанда әлемдегі, елдегі жағдай өзгеріп кетуі мүмкін. Болмаса, бағдарламалар, тұжырымдамалар екі-үш жылдан кейін күшін жойып, жаңасы қабылданып жатады. Сөйтіп мұндағы жақсы идеялар тек идея қалпында қалмаса болғаны. Егер бұл тұжырымдама жобасы қабылданып, ондағы барлық нысаналы индикаторларға шын мәнінде қол жеткізілсе, Қазақстан дамыған елдер қатарына бір табан жақындап қалары сөзсіз", – деді сарапшы.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу