Шенеуніктер "Жайлы мектеп" жобасында қайтадан "гигантоманияға" ұрынды

2587

4 мың оқушы құмырсқаның илеуіндей құжынайтын жаңа білім ордаларын тұрғызу қаншалықты орынды. 

Шенеуніктер "Жайлы мектеп" жобасында қайтадан "гигантоманияға" ұрынды Фото: kazakh-tv.kz

Ел Үкіметі мен әкімдер "Жайлы мектеп" бағдарламасын жүзеге асыруға алақанын ысқылай кірісіп кетті. Бұл президенттік жобаға ғаламат қаржы құйылады: 842 мың оқушыны қамтитын жаңа 400-ден астам мектепті салуға тек мемлекет қана 2,6 триллион теңге төгеді. Мұның сыртында жеке инвесторлар, меценаттар ақша бөледі.  

Қаржыландырудың тағы бір қайнары "қылмыс әлемі", нақтырақ айтқанда солардан тартып алған қаражат болады.

"Апатты мектептер және үшауысыммен оқу проблемасын шешу үшін қосымша мектептер салынады. Осы мақсатта коррупционерлерден тартып алынған ақшалар жиналатын қорға қазірдің өзінде шамамен 120 миллиард теңге түсті. Әкімдіктер содан қаражат бөлгізу үшін Оқу-ағарту министрлігіне тиісті өтінім беруі керек", – деді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өткен аптада Қонаев қаласында өткізген кеңесте.

Ұланғайыр қаражат қордаланған жерге қаптаған коррупционерлер үймелейтіні құпия емес. Онда бір жемқорлардан тартып алынған миллиардтар басқа жемқорлардың қалтасына түспес пе? Үкімет басшысының жаңа орынбасары, Астананың экс-әкімі А.Көлгінов сұраныс қатаң болады деп қатаң ескерту жасады. 

"Биылғы 2023 жылы өңірлер жалпы саны 221 жайлы мектепті салуға кірісуі қажет. Өңірлердің әкімдіктері құрылысты уақытылы бастап, салынып жатқан объектілердің сапасын бақылауға, жобаларды іске асыруға үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сұраныс қатаң болады. Өңір әкімдерінің осы жобаға жетекшілік ететін орынбасарлары басымен жауап береді. Бұл әлеуметтік нысандар өңірлерге, ауыл тұрғындарына қажет", – деді вице-премьер Алтай Көлгінов.

Астананың жаңа әкімі Жеңіс Қасымбек жаңа оқу жылына елордада 13 мектеп салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

"Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 100 мың оқушыға арналған 25 ірі габаритті мектепті жобалау жұмысы басталды. Жаңа форматтағы білім ордаларының құрылысын 2023 жылы бастаймыз. Есіл ауданында №98 "Мирас" мемлекеттік балабақшасы ашылды. 300 балаға арналған бұл балабақшада ойын және музыка бөлмелерінен бөлек педиатр, логопед, психолог кабинеттері, сондай-ақ емдеу кабинеті қарастырылған медициналық кабинет бар", – деді елорда әкімі.

Олардан басқа әкімдер де қалысар емес. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев небәрі 2,5 мыңдай адам тұратын Бірлік ауылында 90 бүлдіршінге ғана арналған "Қызғалдақ" бөбекжай балабақшасын ашты. Әрине, бұл ауылда балабақшаға зәрулік бар. Бірақ осы шағын нысанды салуға бюджеттен 367 миллион теңге қаржы шығындалған. Мектептердің шығыны одан да зор.

"Бізде Жайлы мектеп ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда 15 100 орынға арналған құны 100 миллиард теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Бұл өз кезегінде апатты және үш ауысымды мектептердің санын жоюға мүмкіндік береді. Келесі жылы 19,6 миллиард теңгеге 10 мектептің құрылысы басталады. Бұл алда атқаратын негізгі жұмыстарымыздың бір бөлігі ғана", – деді әкім.

Бірақ басталмай жатып, жайлы мектеп бағдарламасының жайсыз тұстары анықталып жатыр.   

Жалпы, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасының бірыңғай операторы Samruk-Kazyna Construction. Ол мектептер құрылысын жеделдету үшін жобалау-сметалық құжаттаманы және конкурстық өтінімдерді даярлау мерзімдерін 6 есеге қысқартты. Сонымен бірге 12 қаңтарда Samruk-Kazyna Construction 35 жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстарына 5 млрд теңге бөліп, тиісті конкурсты жариялады. Осынша қаражатты кім иеленетіні 23 қаңтарда белгілі болады. Бұл туралы inbusiness.kz хабарлады.

Жобалау ұйымдарының өкілдері ол конкурстарда бірқатар салмақты олқылықтар барын айтып отыр. Оны түземесе, кесірі мектеп құрылыстарына тиюі мүмкін. Бұл тақырып "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен, ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов жетекшілік еткен онлайн кездесуге арқау болды.

"Конкурсқа өтінімдерді қабылдау 16 қаңтарда басталды, ал 23 қаңтарда ол аяқталады. Ал нормативтер бойынша мұндай рәсімдерге 45 күн қарастырылған. Хаттамалық шешімге сәйкес, 31 наурызға дейін мектеп жобаларын жүзеге асыру басталуға тиіс екен. Мерзімдер осылай қысқартылып, қысылтаяң жағдайға жеткізілген. Бұл жерде еліміздегі әртүрлі 5 климаттық аймақта орналасатын мектептердің 7 үлгі-типі турасында сөз болып отырғанын ұмытпағанымыз жөн. Ендеше конкурсқа күнібұрын әзірленіп отырмаған компаниялар осы жобаларды қысқа уақыт ішінде жүзеге асыруға қалай қауқарлы болады?", – деп алаңдаушылық білдірді Тимур Жаркенов.

Үкіметтің дерегінше, "Жайлы мектеп" жаңа, бірыңғай стандарттарға құрылмақ. Оның аясында бой көтеретін мектептер оқу жабдықтарымен, пәндік кабинеттермен, компьютерлік сыныптармен, зертханалармен, шеберханалармен, бейнебақылау жүйелерімен, дыбыстық дабылдатқыштармен, хабарландыру жүйесімен, оқушыларға арналған жеке шкафтармен және басқаларымен жабдықталуға тиіс. Ол ғимараттар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді болуы шарт.

Бизнес дайын жобалау-сметалық құжаттама болмағандықтан, конкурстың әлгі шарттарын орындау мүмкін емес деп отыр. "Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының" президенті Қанат Ибраев тағы бір түйткілге назар аудартты: конкурстық рәсімдердің тоқсаныншы жылдардың үлгісінде өткізілуі, яғни тендерге қатысушылардан құжаттамаларын конвертпен, қағаз күйінде тапсыруды талап етуі таңғалдырғанын жеткізді. Неге электронды ашық алаңдардан қашқақтағанын біле алмапты.

"1200 балаға арналған тек бір ғана мектеп үшін 310 млн теңгенің жиһазы қажет болады. Алайда мектеп құрылыстарынан жиһазбен қамтамасыз ету жеке лоттарға ажыратылмапты. Егер жеке лоттарға бөлінгенде, отандық кәсіпорындар өздеріне арналған артықшылықты пайдалана алатын еді. Біз дәл осы тәсілмен "Самұрық-Қазына" қорының еншілес ұйымдарымен жұмыс істеп келеміз", – деді Қ.Ибраев.

Ол іnbusiness.kz-ке сұхбатында болжағандай, Samruk-Kazyna Construction құрылыс компанияларынан толық дап-дайын мектептерді қабылдап алғысы келетін сияқты. Өз кезегінде жиһаз, мектеп жабдықтарын, сантехниканы, құрылыс материалдарын және басқасын жеткізу бойынша қандай фирмаларды қосалқы мердігер ретінде жалдайтынын сол құрылыс компаниялары шешеді. Құрылыс алпауыттары қосалқы мердігерлікті тегін бермейді екен: одан 8% сыйақысын алып қояды. Яғни, әрбір мектептен орта есеппен 24 млн теңгені жай ғана алады. Бұл сомаға қаншама қосымша жиһаз бен керек-жарақ сатып алуға болатын еді. Сарапшының есебінше, бағдарлама аясында 401 мектепке тек жиһаз жеткізу 150 миллиард теңгеге жетуі ықтимал. Ал олардан құрылыс компаниялары алатын алымы бірнеше миллиардқа жетпек, оған қосымша мектептер салуға болатын еді.

Демек, жайлы мектеп ұлттық жобасы құрылыс олигархтарына жайлы өмір жасауға қызмет етпесе болғаны

Мектептерді жобалаумен айналысатын "Капремпроект" ЖШС бас директоры Тұрсын Ищанова эскиздік жобаларды оператор сайтына іліп қойғанына назар аудартты.

"Мен оларды кім әзірлегенін білмеймін. Бірақ біздің оған қояр сұрағымыз көп. Әр мектеп географиялық орналасуына қарай бәрібір ерекшеленеді. Тік төрт бұрышты, шаршылы, сопақ, яғни әртүрлі алаңдар болады. Тиісінше, нақты бір мектепке арналған жоба басқасына жарамауы мүмкін. Мысалы, 1500 орынға арналған мектептің Samruk-Kazyna Construction жасаған эскиздік жобасында 10 негізгі сыныпқа орын жетіспейді. Негізгі кабинеттер бар: орыс тілі және әдебиеті сыныбы 62,5 метр алаңды алса, химия, физика, компьютерлік сынып, ағылшын тілі сияқты арнайы кабинеттерге 43 шаршы метрден келеді. Бүгінде эскиздік жобада тіпті толыққанды жертөле де жоқ. Сонда олар барлық коммуникацияны қайда тығады? Олар эскиздік жобаларды жариялады, сонда соған бағдарланамыз ба, әлде жаңадан жасап шығамыз ба? Жауап жоқ. Қалай болғанда, орналастырылған эскиздік жобалар нормативтік құжаттамаларға сәйкес келмейді", – деді Т.Ищанова.

Ата-баба кейінгі ұрпағына асыққан кімнің ісі екенін түсіндіріп, өсиет етіп кетті. Егер мамандардың осы және басқа сындары ескерілмесе, жайлы емес, жайсыз мектептер қаптауы да ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу