Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандық сырқаттардың инновациялық препараттарға қол жеткізуін жасанды түрде шектеп келген. Мұны Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі анықтады.
Әлемде түрлі клиникалық тексерулерден өтіп, тиімділігі, қауіпсіздігі танылып, тіркеуге алынған кез келген дәріге қазақстандықтар қол жеткізе алмайды. Себебі, олар елімізде сатылуы, тіпті декларацияланып, Қазақстан аумағына заңды түрде кіруі үшін оның бәрі республикада тіркелу рәсімінен өтуге тиіс. Онсыз мың жерден пайдалы болса да, кеденшілер тәркілеп, жойып жіберуі мүмкін.
Дәл осы тетікті шенеуніктер қара басының мақсатына пайдаланатын көрінеді. Әлдебір халықаралық дистрибьютор дамыған елдерде қолданылатын үздік дәрі-дәрмекті қазақстандықтардың игілігіне айналдырайын десе, оған сала шенділері түрлі сылтау тауып, кедергі жасайды, тіркеу мәселесін ұзақ жылдарға созып, сөзбұйдаға салады.
Осыған орай антимонополиялық орган дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға кәсіби сараптама жүргізу қызметтері нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдауды аяқтады.
Бұл кәсіби сараптама Формулярлық комиссия үшін жасалады. Тиісінше, ол сараптамадан өтпеген медикаменттер мен медициналық жабдықтар тіпті комиссияның қарауына да жете алмайды.
Сарапшылар күткендей, антимонополиялық орган төл зерттеуі барысында салмақты бұзушылықтарды әшкере етті.
Біріншіден, Денсаумині бұл саланы монополияландырған және оның тізгінін өзінің квазимемлекеттік ұйымына басыбайлы ұстатқан. Басқаша айтқанда, ұлттың саулығы не халық, не Парламент бақылай алмайтын жалғыз кәсіпорынның шешіміне тәуелді болып қалды.
"Талдау барысында анықталғандай, Денсаулық сақтау министрлігі өзінің құқықтық актісімен Формулярлық комиссия үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға кәсіби сараптама жүргізу бойынша айрықша құқықты "Салидат Қайырбекова атындағы денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығына" беріп қойған. Дәл осы орталық Формулярлық комиссияға арнап дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау бойынша қызметтер нарығына 100% үстемдік ететіні белгілі болды", – деп хабарлады агенттік.
Яғни, бұл қызметтердің тұтас нарығының жүз пайыз үлесі – осы бір ғана орталықтың еншісінде.
Жалпы, бүгінде бұл монополистің қолында қанша қаражат айналатыны белгісіз: орталық соңғы жылдардағы есебін жариялауды доғарды. Оның ресми сайтында тек 2021 жылғы қаржылық есебі толық орналастырылған. Онда орталықтың түсімі 2020 жылғы 1 млрд 378 миллион теңгеден 2021 жылы 559,4 миллион теңгеге дейін күрт төмендегені көрсетілген.
Екіншіден, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі фармакологиялық бизнес өкілдерінің шағымына назар аударыпты. Бизнес Формулярлық комиссия өтінімдерді қарау мерзімдерін кешіктіретініне, түрлі әкімшілік кедергілер қойылғанына наразы.
Үшіншіден, Формулярлық комиссия тіркелуге тиіс дәрілік заттарды алдымен Қазақстанның ұлттық формулярының (ҚҰФ), содан соң амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етудің (АДҚ), ары қарай "СҚ-Фармация" бірыңғай дистрибьюторының тізбелеріне асықпай, өз кезегімен енгізеді. Шынында, сарапшылардың пікірінше, бұл тізімдерге бір мезгілде, қатар енгізуге болатын еді.
Ал кезек-кезекпен қосудың салдарынан дәріні немесе меджабдықты тіркеу мерзімі де ұзаққа созылады. Бұл "пациенттердің инновациялық препараттарға қол жеткізуін шектеуге алып келеді".
Төртіншіден, антимонополиялық органда аталған орталықтың кәсіби сараптама қызметтеріне белгілеген бағасының дұрыстығына, объективтілігіне қатысты сұрақтар туындапты.
Талдау қорытындысында, ведомство Денсаулық сақтау министрлігінің атына бірнеше шара қабылдау туралы ұсынымдар жолдады.
- Біріншіден, министрлік Салидат Қайырбекова атындағы денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының баға саясатын қайта қарап, оның қызметтерінің құнын арзандатуы керек.
- Екіншіден, Формулярлық комиссия отырыстары мен қарау мерзімдерін бірізге түсіріп, тәртіпке келтіріп, регламенттеуге тиіс.
- Үшіншіден, Формулярлық комиссияның хаттамаларын қабылдау және жариялау мерзімдері регламенттелуі керек. Комиссия отырысы ашық өтсін, өтініш берушілер оған қатыстырылсын, немесе жиын онлайн трансляциялансын деген ұсыныс берілді.
- Төртіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттарды Қазақстанның ұлттық формулярының, АДҚ мен "СҚ-Фармацияның" тізбелеріне енгізу жөніндегі өзінің нормативтік құқықтық актілерін бір актіге біріктіруі қажет. Соның нәтижесінде, мақұлданған дәрі-дәрмек немесе медбұйым аталған үш тізбеге қатар, параллелді енгізіліп, олардан бір ғана досье ұсынылуға тиісті.
Бесіншіден, антимонополиялық орган сала шенділеріне созбалаңға сала бермей, аталған монополист орталықтың ақпараттық жүйесін қолданысқа енгізуді тапсырды. Ол Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптаудың ұлттық орталығының ақпараттық жүйесіне интеграциялануы керек.
Сорақысы сол, бұл сала әлі күнге дейін толық автоматтандырылмаған. Сондықтан ведомство барлық процестер мен қызметтерді толығымен цифрландыруды және автоматтандыруды, сөйтіп, тіркеуге қатысты қызметтерді "Бір терезе" қағидаты бойынша ұсынуды жүктеді.
Бұл проблемаларды бұрынғы Мәжіліс депутаттары да талай көтерген еді. Биліктің енді ғана естігені қайран қалдырады. Салдарынан қазақстандықтар өз дертіне дауа, еміне шипа болатын дәрілерді елімізден, дәріханалардан таба алмай, шетелге шыққан туыстарынан, таныстарынан сырттан әкелуді қиыла сұрауға мәжбүр болып жүр.
Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, бүгінде аққұла Қазақстанда инновациялық препараттарды мемлекет кепілдендірген медкөмек (ТМККК) тізіміне қосу да шектен тыс күрделендірілген.
"Мысалы, қазіргі кезде инновациялық препараттар тегін берілуі үшін кезең-кезеңмен жүретін қосу процесінен өтуге тиіс. Алдымен, препаратты Қазақстанда тіркеу процесі 1–2 жылға созылады. Содан кейін клиникалық протоколдарға енгізуге 1 жыл кетеді. Қазақстанның ұлттық дәрілік формулярына ену тағы 1 жылды қажет етеді. Ары қарай бағаны тіркеу 1 жылды талап етеді. Ақыр соңында дәріні бірыңғай дистрибьютордың тізбесіне және амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етудің тізбесіне енгізуге тағы 2–3 жыл шығындалады. Осылайша, жаңа препараттардың қазақстандық нарыққа толық шығу процесі шамамен 5–7 жылға ұзайды", – деді М.Магеррамов.
Бұған қоса ол Формулярлық комиссияның жұмысы көлеңкелі, бұлыңғыр екеніне назар аудартты. Оның мақұлдау не бас тарту туралы шешімдерін неге сүйеніп қабылдайтыны белгісіз. Комиссияның тізімдерді нақты қандай мерзімілікпен бекітетіні де түсініксіз. Халықтың, сырқаттардың тағдыры соған тәуелді болып тұрғанда, комиссия мүшелерінің қашан қол тисе, сонда жиналамыз деп селсоқтық танытуы жарамайды.
Препараттарды саудаға шығарудың нақты мерзімдерінің болмауы ақыр соңында бүкіл қазақстандық нарықты инвестор үшін қызықсыз, тартымсыз етеді. Ең бастысы, қазақстандық пациенттер озық препараттармен емделіп, уақытылы терапиядан өту мүмкіндігінен қағылуда.
Шенділердің шабандығы, жемқорлығы кесірінен әлемнің дамыған елдері, АҚШ пен Еуропа құптаған жаңа технологиялар Қазақстан жұртшылығына дер кезінде жетпейді. Бұл сайып келгенде, елдегі ұсынылатын бүкіл медициналық қызметтердің сапасын құлдыратады. Ауқаты бар қазақстандықтар елде емес, Түркия, Корея, Израиль, Германия сияқты елдерде емделуді жөн көреді. Тіпті көрші Өзбекстанға медициналық туризм мақсатында ағыла бастапты.
Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың айтуынша, Қазақстанда бүгінде амбулаторлық деңгейде пациенттер 128 нозология немесе 345 дәрілік құрал аталымы бойынша тегін препараттармен қамтамасыз етіледі.
Бұл әрине, көп деуге келмейді. Бірақ Тамара Дүйсенованың айтуынша, бұрын одан да аз болған. Мысалы, 2019 жылы нозологиялар саны небары 50 болыпты. Енді 2023 жылы 128-ге жеткізіліп отыр. Бұл 3,7 млн пациентті тегін дәрімен қамтуға мүмкіндік берді.
Қаржыландыру да 2019 жылғы 83 миллиардтан биыл 216 млрд теңгеге дейін артты.
Үкімет бұл тізімге тағы 71 аталымды қосуды жоспарлаған, сол бойы қоспапты. Қарастыруын жалғастырды. Оларды амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етудің тізбесіне енгізуді тездеткен жөн. Өйткені ол препараттар жүрек, қан айналымы жүйесінің аурулары, диабет және басқа да қазақстандықтардың өлім-жітіміне, мүгедек болып қалуына ықпал етіп отырған, кең таралған ауруларды емдеу үшін аса маңызды.
Дәрілердің отандық нарыққа шығу мерзімдерін қысқарту үшін Антимонополиялық агенттік пен Денсаулық сақтау министрлігі арнайы жол картасын (Денсаулық сақтау саласындағы бәсекелестікті дамытудың жол картасын) бекітті. Бұған қоса, агенттік бәсекелестікті дамыту жөніндегі заң жобасын әзірледі. Оны енді Парламент тартпасына салып, сүрілемей, барынша жедел қабылдаса жөн. Әйтпесе, сала әшкереленген былықтардан арылмайды, жағдайды тұйыққа тіреген проблемалар шешілмейді, "баяғы жартас сол жартас" күйінде қалады.