Шенеуніктер қорғаудың орнына қарызға батырып жатқаны анықталды

260

Бұл мәселе депутаттарды алаңдатып отыр.

Шенеуніктер қорғаудың орнына қарызға батырып жатқаны анықталды Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

"AMANAT" партиясы фракциясының бір топ депутаты осыған байланысты Үкімет басшылығына хат жазған болатын.

Мәжіліс депутаттары Мұрат Ергешбаев, Мархабат Жайымбетов, Мұқаш Ескендіров, Ұласбек Сәдібеков, Айдос Сарым Мемлекет басшысының орман және табиғатты қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын толық жаңарту және өрт қауіпсіздігін күшейту жөнінде нақты тапсырма бергенін үкіметтегілердің есіне салды.

Орман – мемлекеттікі, оны қорғайтын орманшылар да, өрт сөндірушілер де – мемлекеттік қызметкер. Демек, оларды материалдық-техникалық жарақтандыру да – мемлекеттің міндеті. Алайда әлдекімдер басқаша түсінгенге ұқсайды. Депутаттардың дерегінше, шенділер орманшыларға және құтқарушыларға жұмысында күнделікті қажетті көліктерді және басқа техниканы бюджет қаражатына сатып алмай, несиеге беру схемасын ойлап тауыпты.

Мәжілісмендердің мәлімдеуінше, Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында Экология және табиғи ресурстар министрлігі Үкімет қаулысына сәйкес, орман шаруашылығы мекемелерін техникамен тегін емес, "Өнеркәсіпті дамыту қоры" арқылы 3% ставкамен қарызға жарақтандыруға белсене кірісіп кетті. Оның өзінде жарытпай жатқан көрінеді.

"Биылғы жылы лизингтік қаржыландыру есебінен орман шаруашылығы мекемелеріне 354 өрт сөндіру машинасын, 349 шағын орман патрульдік кешенін, 322 тракторды сатып алу жоспарланған еді. Алайда министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері бар болғаны 136 шағын патрульдік кешен және 60 трактор ғана жеткізілген. Яғни, жоспарланған техниканың жартысынан азы ғана алынды! Мамандардың пікірінше, мұндай жағдайдың туындауына отандық өндірушілердің бағаны күрт көтеруі мен "Өнеркәсіпті дамыту қорының" құжаттарды созып, сөзбұйдаға салып, уақытылы рәсімдемеуі себеп болды", – деді Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев.

Мысалы, Қызылорда облысында утилизациялық алым есебінен орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін 624 млн теңгеге 3% ставкамен 7 жылға жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша техника сатып алу жоспарланған екен.

Жоспар бекітілген кезде 1 өрт сөндіру автокөлігінің бағасы 65 миллион теңге болса, қазіргі кезде бағасы 75 миллионға қымбаттаған.

"Іс-шаралардың тиісті түрде ұйымдастырылмауы салдарынан әрбір техниканың құны орта есеппен 10 млн теңгеге өсіп кетті. Экология министрлігі орман шаруашылығы мекемелеріне 2026 жылдан бастап, "Өнеркәсіпті дамыту қоры" арқылы алынатын техникалар бойынша пайыздық мөлшерлеме 3%-дан 12,6%-ға дейін көтеріледі деген ақпарат таратты. Осыдан сұрақ туындайды: "Жасыл дамудағы" қаржы утилизациялық алым есебінен түскен мемлекеттік қаражат болса, неліктен мемлекет өз қаражатын мемлекеттік мекемелерге несие түрінде беріп, "Өнеркәсіпті дамыту қоры" 12,6% үстемеақы алуға тиіс?", – деп заңды сауал тастады мәжілісмен Ергешбаев.

Оның есеп-қисабынша, егер орманшылар және "тілсіз жаумен" күресушілер 1 ғана өрт сөндіру автокөлігін 60 млн теңгеге осы "жеңілдікті" несиеге алса, онда 8 жыл ішінде 12,6% ставкамен тек 1 машина үшін ғана қосымша 34 миллион теңге төлеуге тиіс болады.

Осылайша, бұл схема мемлекет қаржысын қалай жұмсайтыны жөнінде елге есеп бермейтін квазимемлекеттік компанияларды байытып отыр. Депутаттардың тұжырымдауынша, мұндай жағдай онсыз да қаржысы шектеулі және бюджеттен қаржыландырылатын орман шаруашылығы мекемелеріне қосымша қаржылық ауыртпалық түсіріп отыр.

Қаржы тегін берілмейді, қарызға беру жалғасады. Үкіметтің бұл шешімін Мәжіліске Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр хабарлады.

"Президенттің орман қорын ұлғайту және өрт қауіпсіздігін күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасын утилизациялық алымдар қаражаты есебінен жаңарту тетігі іске асырылуда. Аталған қаражат "Жасыл даму" АҚ операторы ("Оператор РОП") арқылы жинақталады және экологиялық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етеді. Утильалымды пайдалану бағыттары Экологиялық кодекстің 388-бабында айқындалған, оның бірі – экологиялық маңызды жобаларды іске асыру үшін "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ-ына лизингтік қаржыландыруды ұсыну. Соның ішінде орман шаруашылығының қажеттіліктері үшін мамандандырылған өртке қарсы техниканы сатып алу да бар", – деді Скляр.

Яғни, шенділер бұл схеманы депутаттардың өздері қабылдаған жаңа Экологиялық кодекс арқылы заңдастырып алыпты.

Бұған қоса, осы схеманың нормативтік-құқықтық базасы жыл бойы белсенді түзілген екен. Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 шілдедегі бұйрығымен орман мекемелерін жұмысына қажетті өртке қарсы техникамен қамтамасыз ету жөніндегі нормативтер бекітілді.

Оларды толық жарақтандыру үшін жалпы саны 1 042 бірлік көлік:

• 333 өрт сөндіру машинасын,

• 339 трактор,

• 370 шағын орман өрт сөндіру патрульдік кешендерін сатып алу көзделген еді.

Үкіметтің 2021 жылғы 2 қыркүйектегі №604 қаулысына сәйкес, осы аталған тізімдегі техниканы сатып алуға 35 миллиард теңге қарастырылған болатын.

Алайда артынша ол қаражатты тегін емес, қарызға беруге шешім қабылданыпты. Салдарынан "техниканы сатып алу тек жылдық сыйақы мөлшерлемесі 3%-дан аспайтын жеңілдікті шарттармен ғана жүзеге асырылады" деп бекітіліпті.

Үкімет басшысының №1 орынбасары қарызға қаржыландыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын мәлім етті. 2024 жылы орман мекемелеріне 196 бірлік техника сатып алу үшін 3,7 млрд теңге бөлінді.

2025 жылы 800 бірлік техникаға тағы 29,9 млрд теңге қарастырылыпты. Алайда ол қаржы әлі күнге игерілмеген. Бірінші вице-премьердің мәліметінше, бүгінде 17,6 млрд теңгеге 638 бірлік техниканы алу қаржыландырылды.

Мәжіліске 23 желтоқсандағы хатында Роман Скляр қалған қаражаттың жыл соңына дейін игерілетініне сендірді. Жыл бойы игерілмеген 12 миллиардтан астам қаражаттың бірнеше күн ішінде қажетке жарарына күмән мол.

Биыл бөлінген қаржының да жетпейтіні әшкереленді. Бірақ Үкімет басшысының бірінші орынбасары 2026 жылы небәрі 46 бірлік техниканы сатып алуға 1,4 млрд теңге көлемінде ғана қаржы бөлінетінін жариялады.

Онсыз да төмен жалақыдан, көнерген техникадан әбден шаршаған, жаны жабырқаған орманшыларға және өрт сөндірушілерге ауыр қарыз жүгін арттыруға келіспеген Мәжіліс депутаттары Үкіметке шарт қойды. Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нормативтік деңгейге жеткізу үшін техника сатып алуға бағытталған қаражатты:

  • Өнеркәсіпті дамыту қоры емес, тікелей "Жасыл даму" АҚ-ы арқылы,
  • тікелей облыстарға,
  • ешқандай пайызсыз,
  • 8 жыл мерзімге,
  • бөліп төлеу түрінде беруді талап етті.

Үкімет Мәжілістің бұл талабын да кері қайтарып, қабылдамай тастағаны енді белгілі болды.

"Аймақтарды "Жасыл даму" АҚ арқылы тікелей, пайызсыз қаржыландыру туралы ұсынысқа қатысты келесіні хабарлаймыз! Құқықтық және функционалдық құрылымы бойынша "Жасыл даму" АҚ қаржылық ұйымы емес. Оған депутаттар айтқан функцияларды берсек, онда "Жасыл дамуда" несиені басқарудың толыққанды жүйесін құру, штатын кеңейту, арнайы комитеттер мен тәуекелдерді басқару қызметтерін ұйымдастыру талап етілер еді. Сондай-ақ, бұл осыған дейін дәл осы міндеттерді орындау үшін құрылған және қажетті лицензияларға, құзыреттерге, тәжірибеге ие Өнеркәсіпті дамыту қорының функцияларының қайталайтын жаңа ұйымның (Жасыл даму) пайда болуына соқтырады", – деді Скляр.

Үкіметтің бірінші орынбасары утиль алымнан жиналған қаражат орманды қорғау және өртпен күрестен басқа маңызды мәселелерге қажет болатынын нұсқады.

"Утилизациялық төлем бір реттік төлем болып табылады және болашақта басқа экологиялық міндеттемелерді орындауға арналған. Сондықтан аталған қаражатты пайызсыз қаржыландыруға беру қаражаттың қайтарымды пайдалану және экологиялық міндеттерді орындауды қамтамасыз ету көзделген модельді іске асыруға мүмкіндік бермейді. Қорыта айтқанда, қолданыстағы пайыздық сыйақыға қаржыландыру механизмі табиғатты қорғау мекемелерінің өртке қарсы техникаларын ашық және мақсатты түрде жаңартуды, заңнама талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етеді деп санаймыз", – делінген Үкіметтен Мәжіліске түскен хатта.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу