Шенеуніктердің табыс декларациясы – саясаттағы құпия ойындардың құралы

3406

Шенділер ақшаларын Сингапурде, Ресейде, Лихтенштейн Княздігінде, АҚШ-та және Германияда ұстайды, деп жазады Inbusiness.kz

Шенеуніктердің табыс декларациясы – саясаттағы құпия ойындардың құралы

Көрші Ресейде мемқызметкерлердің шетелде актив ұстауына, қаражатын өзге елдердің банкіне салуына заң жүзінде тыйым салынған. Бұл талапты орындамаған адамдар МемДума сайлауына да үміткер бола алмайды. Солтүстік көршіде танымал бірқатар саясаткер (мысалы, Павел Грудинин) осы сынақтан сүрініп, алдағы парламенттік доданың жарыс жолынан шығып қалды. Ал Қазақстанда бұған тыйым салынбаған. Сондықтан қазақстандық шенеуніктер осы мүмкіндікті молынан пайдаланады. Мұны Inbusiness.kz анықтады.

Мәскеу мен Түркияда жылжымайтын мүлік сатып алуда

Қазірдің өзінде құзырлы органдар шенеуніктердің Қазақстаннан тыс, шетелде 2 млрд 697,6 млн теңгедей сомадағы қаражатты банктерде сақтап отырғанын анықтады. Жүргізілген талдау көрсеткендей, біздегі бастықтар ақшаларын негізінен, Сингапурде ұстауға, ал жылжымайтын мүлікті Ресейде сатып алуға құмар.

Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) дерегінше, орталықтағы және өңірлердегі 464 мың мемлекеттік қызметші және олардың жұбайлары мен балалары декларация тапсырды. Жалпы алғанда, биыл 480 мың адам декларация ұсынуға міндетті. МКК ақпараты бойынша 465 мың жеке тұлғаның 117-сінің әлемдегі 29 елде банктік шоты бар болып шықты. Мысалы, Сингапурде олар 1 миллиард, ал Ресейде жарты миллиард теңгеге жуық қаражат жинақтаған.

Тағы 179 жеке тұлғаның шетелде орналасқан 221 нысаны – пәтері, вилласы, коттеджі, қонақүйі, дәмханасы және басқа да жылжымайтын мүлкі бар екені белгілі болды. Олардың көбі Ресейде (181), Түркияда (7), Болгарияда (5) орын тепкен. Бұған таңғалудың қажеті шамалы. Қазақстандықтар мысалы, Мәскеуде бизнес объектілерді, кеңселер мен дүкендерді, ал Түркияның Алания, Анталия, Бодрум секілді курортты қалаларында қымбат баспананы сатып алып жатыр. Олардың арасында шенеуніктердің балалары мен жарлары бар.  

Дүние-мүлкін салық органына жария еткен 465 мың шенеунік пен оның отбасы мүшелерінің ішінде 333-інің шетелде 392 көлігі бар көрінеді.

Ірі басшылардың декларациясы елге жариялана ма?

Осы аптада Украинаның Коррупцияның алдын алу ұлттық агенттігі (КАҰА) 294 ірі шендінің декларациясын тексеру нәтижесінде 255 миллион гривнадан астам сомаға бұзушылықтар әшкереленгенін мәлімдеді. 64 декларация иесіне қатысты қылмыстық және әкімшілік іс қозғалмақ. Себебі, олар 1,1 млн гривнадан асатын сомадағы мүлкін жасырып қалған. Олар бойынша антикоррупциялық бюро, Ұлттық полиция және Жылдам ден қою тобы (ГБР) тергеу жүргізуде. Заң бұзушылар арасында депутаттар, іс басындағы және экс-шенеуніктер бар. Декларациялары тексеруге іліккен тұлғалардың тізімімен және тексеру қорытындыларымен КАҰА ресми сайтынан таныса аласыз.

Осы орайда қазақстандық журналистер біздің Мемкірістер комитетінен шенеуніктердің декларациясы қашан елге жария етілетінін сұрастырды. Ведомствоның түсіндіруінше, ашық жария етілетін мәліметтердің тізбесін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі анықтайтын болады.

Еске сала кетсек, 2019 жылғы ақпанда, осы науқанға әзірлік барысында Мемкірістер комитеті төрағасының орынбасары Арғын Қыпшақов жоғары лауазымды шенеуніктердің және олардың әйелдерінің декларациялары сайтта орналастырылатынын мәлімдеген еді.

Негізі, бұл жай уәде емес, заң талабы. "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңының 2020 жылы күшіне енген, жаңарған 11-бабының 7-тармағына сәйкес, 1) жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары; 2) мемфункцияларды орындауға уәкілетті адамдар мен олардың жұбайлары; 3) лауазымды адамдар мен олардың жұбайлары; 4) мемфункцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайларының активтері мен міндеттемелері туралы декларациясы немесе кірістері мен мүлкі туралы декларациясы туралы мәлімет МКК ресми интернет-ресурсына орналастырылуға тиіс.

Яғни, саяси мемқызметшілердің, "А" корпусына кіретіндердің, Парламент депутаттарының, судьялардың, квазимемлекеттік сектордағы топ-менеджерлердің табысы мен мүлкі туралы ақпаратқа халық ашық қол жеткізуі керек. Бірақ бұл норма өмірде жүзеге аспай келеді.

Саясаттанушы Зейін Сабырқұлов шенеуніктердің, ең болмаса, ірі басшылардың табыс және мүлік декларациясының қоғамға қолжетімді болуын қалайды. Алайда одан бір мән шығарына сенбейді.

"Бәрібір ол декларация шенеунік пен оның отбасы мүшелерінің байлығын паш етпейді. Есіңізде ме, 2013 жылғы шілдеде СҚО әкімі Самат Ескендіров "Өзіңнен баста!" науқаны аясында 2012 жылғы табысы мен мүлкін жариялады. Ол бойынша облыс әкімі бір жылда 10,5 млн теңге ғана табыс тауыпты. Иелігінде 5 сотық жер мен қарапайым үй бар екен. Қоғам әкімнің қарапайымдылығына қуанды. Арты не болды? 2018 жылғы қаңтарда СҚО-ның экс-әкімінің отбасына тиесілі астанадағы коттеджіне ұры түсіп, жүз миллион теңгеден астам сомаға қаражат пен алтын-күміс әшекейлерді жымқырып кеткені жарияланды. Қолды болған заттар арасында құны 50 мың долларға дейін баратын бриллиантты Rolex, Zenith, Ulysse Nardin, Cartier, Chopard секілді аса қымбат алтын сағаттар болған. Мұны қалай түсінуге болады?", – дейді сарапшы.

Оның тұспалдауынша, декларациялардағы мәліметтер әр елде саяси ойындар кезінде құрал-қару ретінде де қолданылады. Шенеуніктің іс жүзіндегі мүлкі мен декларациядағы жалған есебі оны кез келген уақытта қудалауға, қыспаққа алуға мүмкіндік береді.

Экс-шенеунік, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов журналистерге сұхбатында шенеуніктердің ірі меншікті өз атына тіркемейтінін айтты. 

Айтпақшы, Нұр-Сұлтандағы биік лауазымды шенділердің бірі елорданың дәл ортасындағы еңселі коттеджін енесінің атына жазып, кейін әйелімен ажырасқанда енесі онысын бермей қойғаны туралы дерек мемқызметшілер арасында әлі күнге аңыздай айтылып жүр.

Декларация тапсырмаса жазалана ма?

Қазіргі кезде Қазақстанда жалпыға бірдей декларация тапсырудың бірінші кезеңі өтуде. Оның аясында 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап, келесі жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғалар мен олардың жұбайлары табыстары мен шығыстарын жария етуде:

- мемфункцияларды орындауға уәкілетті адамдар мен жұбайлары;
- мемфункцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілген адамдар мен жұбайлары;
- "Сайлау туралы" конституциялық заңына, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "ҚР-дағы банктер және банк қызметі туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "Бағалы қағаздар нарығы туралы" заңдарына сәйкес декларацияны табыс ету міндеті жүктелген тұлғалар.

2 кезең аясында – 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап:

- Мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және басқа салаларды қоса алғанда) және олардың жұбайлары;
- квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары.

3 кезеңде – 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап:

- бизнесмендер – заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, қатысушылары және олардың жұбайлары;
- дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары.

4 кезеңде, яғни 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап, барша Қазақстан азаматтары қанша табыс тауып, қанша шығын шығарғаны туралы жыл сайын мемлекетке есеп беріп тұрады.

Биылғы жылғы 1 қаңтардан 15 шілдеге дейінгі аралықта мемлекеттік қызметшілердің 97%-ы табыстары мен мүліктері туралы декларациясын қағаз күйде толтырып, тапсырып үлгерген. Бұл науқанға араласуға шілде ортасына дейін қолы тимеген немесе құлқы болмаған қалған 3 пайыз шенеуніктер енді 16 қыркүйекке дейін декларацияны электронды нұсқада табыстауға тиісті. Егер ұсынбай қойса не болады?

Салық есептілігін мерзімінде ұсынбаса, сондай-ақ толық емес, жалған мәліметтерді ұсынса, алдымен ескерту жасалады. Бір жыл ішінде декларация тапсырмаса, онда оның үстінен әкімшілік іс қозғалып, 3 АЕК (2021 жылы – 8 751 теңге) айыппұл салынады.

Бірақ бұдан да салмақты жаза қарастырылған: егер салық салу объектісін жасырып қалса, онда салықшылар осы нысан бойынша төленуге тиіс салықтар мен міндетті төлемдердің жалпы сомасының 200%-ы мөлшерінде айыппұл төлеттірмек. Бір жыл ішінде бұзушылыққа қайтадан барса, айыппұл көлемі 300 пайызға дейін өседі.

Барлық қазақстандықтан декларация тапсыру талап етіле бастағанда, бұдан басын ала қашатындар көбейері сөзсіз. Сондықтан Үкімет жаза сыртында, ынталандыру шараларын да пысықтауда. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтарынан бастап қосымша салықтық шегерімдер енгізіледі. Яғни, декларация тапсырсаңыз, мемлекет салығыңызды азайтады. Бірақ барлығына емес: шегерім ипотекалық несие сыйақысына, медициналық қызметтерге, ЖОО-да білім алуға қатысты қолданылмақ.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу