Шенеуніктердің жанын жабырқататын "суық" жаңалық жарияланды

1892

Мемлекет басшысы "Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы" ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа жарлық шығарды. 

Шенеуніктердің жанын жабырқататын "суық" жаңалық жарияланды Фото: t.rbc.ru

Құжат ҚР нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде жарияланды.

Өзгерістер саяси және әкімшілік мемқызметшілерді қатар қамтиды. Бұдан былай олардың бұрынғы лауазымдарында жасаған теріс қылығы әшкереленсе, сол үшін тәртіптік жазаға тартылатын болады.

"Мемлекеттік саяси қызметші алдыңғы мемлекеттік лауазымда тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылады. Егер алдыңғы мемлекеттік лауазым "саяси лауазым" болып табылса, онда тәртіптік жауаптылық мәселесін қарауды мемлекеттік қызметші тәртіптік теріс қылық жасаған кезде лауазымды атқарған меморган жүзеге асырады. Егер алдыңғы мемлекеттік лауазым "әкімшілік лауазым" болып табылса, онда тәртіптік жауаптылық мәселесін қарауды мемлекеттік қызметші тәртіптік теріс қылық жасаған кезде лауазымды атқарған меморган жүзеге асырады", – делінген Президент жарлығында.

Яғни, кетіп қалған шенеуніктің мысалы, ішкілікке салынғанын, харассментке бой ұрып, ұжымдағы қыз-қырқынға "қырындағанын" және басқа да жасаған теріс қылықтарын бұрынғы жұмыс орны қарайды. Басқаша айтқанда, өз командасымен келген жаңа басшы алдыңғы жолашарының былықтарын әшкерелеп, жазалатқыза алады.

Демек, тіпті жоғарылап кеткен шенеуніктер үшін де енді өз орнына келген ізбасарымен жақсы қарым-қатынаста болу басты орынға шығады. Өйткені жаңа жарлыққа сәйкес, "мемлекеттік саяси қызметшіге тәртіптік жазаны осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген уәкілетті адам соңғы атқаратын лауазымы бойынша тәртіптік жаза қолдану мерзімдері шегінде қолданады".

Жарлықпен бұзушылық фактілері бойынша қызметтік тергеп-тексеруді тағайындау рәсімдері регламенттеледі.

Енді шенеунік бұрын қызмет еткен меморган 3 жұмыс күні ішінде тексерудің басталғаны туралы шендінің қазіргі жұмыс берушісін хабардар етуге тиіс.

"Мемлекеттік әкімшілік қызметшінің тәртіптік теріс қылығы бойынша қызметтік тергеп-тексеру мемлекеттік қызметші теріс қылық жасаған кезде лауазымды атқарған меморганның уәкілетті адамының актісімен тағайындалады. Қызметтік тергеп-тексеруді тағайындау және мемлекеттік әкімшілік қызметшінің тәртіптік теріс қылықтары жөніндегі мәліметтер қызметтік тергеп-тексеру тағайындалған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде мемлекеттік әкімшілік қызметші лауазым атқаратын меморганның уәкілетті адамына хабарланады", – делінген жарлықта.

Іс материалдарын шенеуніктің бұрынғы лауазым атқарған меморганының комиссиясы қарайды. Комиссия тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыным шығарса, онда тиісті материалдар 5 жұмыс күні ішінде мемлекеттік қызметшінің ағымдағы жұмыс орнына жіберіледі.

Осылайша, кімді жұмысқа алғанын жаңа басшы мен ұжымы да біледі. Бұл тұрғыда жеке хат алмасу сияқты құпиялылық болмайды.

Жалпы, биыл мемлекеттік қызмет саласында реформа жүріп жатыр. Осы орайда 2025 жылғы 10 қаңтарда Мемлекет басшысы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойып, ол күшіне енді.

Оның аясында мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған азамат 2 жыл бойы мемлекеттік қызметке қабылдана алмайды. Бұған дейін ол мемқызметтен өмір-бақиға аласталатын.  

Шенеуніктерге бұлай жеңілдік жасауды Конституциялық сот талап етті. КС байламынша, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған азаматтардың жағдайы тәртіптік теріс қылықтары үшін жұмыстан шығарылған адамдармен салыстырғанда жеңілірек, олар тек 3 жылға ғана мемқызметтен аласталады.

Сондықтан Үкімет пен Парламент теріс қылығы үшін жұмысынан қуылған тұлғаларға қатысты мерзімсіз шектеуді алып тастауға мәжбүр болды. 20 жылдан бері қолданылып келген тәжірибе өзгерді.

Жаңа заңды қолдағанымен, қалаулылардың ішінде бір "қыжыл" қалды. Олардың айтуынша, теріс қылық жасағандардың шектеуін қылмыс жасағандардан төмен түсірудің орнына әкімшілік және жемқорлық қылмысқа барғандардың шектеуін көтеру керек еді.

"Екі жылдай бұрын Парламент мемқызметшілер мен оларға теңестірілген азаматтардың шығыстарына және кірістеріне бақылау орнатуды көздейтін заң қабылдады. Оған сәйкес, 2027 жылдан бастап егер мемқызметшілердің шашқан шығыстары тапқан кірістерінен көп асып кетсе, онда әкімшілік айыппұл салынып, жұмыстан қуылуға тиіс. Сол заңда олардың мемлекеттік қызметке кіруіне үш жылға дейінгі шектеу белгіленді. Мына заң ол шектеуді екі жылға дейін қысқартты. Заңсыз байығаны үшін мемлекеттік қызметтен қуылғандарға қойылатын талаптарды жеңілдетудің қаншалықты орынды екенін түсінбедім", – дейді мәжілісмен Айдос Сарым.

Депутат Мұрат Әбенов қазіргі біраз заңды мәжбүрлі қабылдайтындарына шағымданды.

"Түрлі-түрлі заң бар. Заңды қабылдаған кезде, ол бойынша шешім қабылдағанда "амал жоқ, қабылдап жатырмыз" деп айтсақ, ол өтірік болмайды. Біз халықтың алдына шыққанда "заңсыз қызмет атқарғаны үшін жұмыстан босатылғандарды Парламент қайтадан қызметке алуға рұқсат беріп жатыр ма?" деп сұрақ қояды. Сол кезде біз ол Конституциялық соттың шешімі, амал жоқ қабылдап жатырмыз, әйтпесе біз оларды жарылқайын деп тұрғанымыз жоқ деп айтамыз", – деді мәжілісмен.

Парламент бұған жол беріп қойды. Сондықтан депутаттың ойынша, ендігі бар үміт – бос лауазымға кандидаттарды конкурстық іріктеуді жүргізетін тұлғалар мен комиссияда.

"Енді жауапкершілік бұрын жемқорлық пен қылмыс жасаған адамды жұмысқа қабылдаған адам мен конкурстық комиссияда болады. Қызметін дұрыс істемей, сыбайлас жемқорлығы үшін қызметінен қуылған адам алдыма келіп отыр, қабылдаймын ба, қабылдамаймын ба, енді ол менің шешімім, менің жауапкершілігім. Ертең: "осы адамды алуға мені Конституциялық сот мәжбүрледі" деп олар айта алмайды ғой. Көзді жұмып тұрып қабылдап алып, ертең қабылдаған басшы өз жауапкершілігінен қашпасын! Ия, мен қабылдадым, мен біліп тұрып қабылдадым деп мойнына жауапкершілікті алуы керек. Дұрысы, мемлекеттік қызметке аса құрметті, ел сенім артқан азаматтарды қабылдаған жөн", – дейді Мұрат Әбенов.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың түсіндіруінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес концепциясына байланысты әзірленген алдыңғы заң 2023 жылы күшіне енген болатын. Бірақ ондағы аталған норма тек 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Ол бойынша егер мемқызметтегі адамның немесе оның отбасы мүшелерінің шығысы кірісінен көп асса, оған 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап тәртіптік жаза қолданылады және екі жылға мемқызметке қайта оралуына тыйым салынады.  

"Бұдан бұрын, 2016-2022 жылдарға жасаған мониторинг көрсеткендей, 200-ден аса мемлекеттік қызметші теріс қылықтар жасағаны үшін жұмыстан шыққан екен. Теріс қылығы үшін жұмыстан шыққан, мерзімі 2 жылдан асқан бұрынғы мемлекеттік қызметші жұмысқа қайта кіремін десе, енді оларға ешқандай шектеу жоқ, бос лауазымға конкурс арқылы қатыса алады", – деді Жазықбай.

Оның айтуынша, мемқызметке кіретіндерден "бұрынғы жұмысынан неге қуылғаны" сұралмайды екен. Оның үстіне бүгінде бәрі онлайн жасалады.

"Бізде мемлекеттік қызметке кіру, одан шығу және өткеру бойынша көптеген жаңару жүргізілуде. Біз мемқызметке тұруды онлайн өткізіп жатырмыз. Депутаттардың айтып отырғаны – конкурстық сұхбат, яғни соңғы кезеңі. Оған дейін үміткер тест тапсырады, эссе жазады. Қазір конкурстық комиссияда оның жеке басына қатысты сұрақтар қойылмайды, тек мамандығына қатысты сауалдар қойылады. Е-qyzmet порталы толық автоматтанатындықтан, алдағы уақытта конкурстық комиссия жойылады, яғни, кандидаттар тек автоматты түрде жиынтық балмен өтеді", – деді мемқызмет агенттігінің төрағасы.

Оның айтуынша, басшы лауазымға кандидат бірінші басшының тікелей ұсыныс-хатымен тағайындалады. Сондықтан бұл мәселеге бірінші басшы жауапкершілікпен қарауы керек екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу