Шерхан Мұртазаның немересі, барлығына қарсылардың көптігі, әйелдердің аздығы: сайлау "қызықтары" анықталды

2468

Бұған дейін inbusiness.kz тұңғыш рет пилоттық режимде өткен аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлаудың қорытындысын хабарлаған еді. Енді оның қалай өткеніне, қызығы мен шыжығына тоқталсақ. 

Шерхан Мұртазаның немересі, барлығына қарсылардың көптігі, әйелдердің аздығы: сайлау "қызықтары" анықталды Фото: canva.com

"Альтернатива" өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарёв әкім болғысы келгендердің үлкен бөлігін Ортсайлаукомның жарыс жолына да жібермей, кіреберісте сүріндіргеніне назар аудартады.

"Әкім лауазымына үміткерлерді аса қатаң іріктеу жүргізілді. Бұл бірінші кезекте сайлау туралы және мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптарына сәйкес келеді. Салдарынан, бастапқыда ел бойынша әкім сайлауына кандидатурасын ұсынған 249 үміткердің ішінен сайлау науқанының ақырғы кезеңіне тек 125-і шыға алды. Тек осынша кандидаттың аты-жөнін Ортсайлауком бюллетендерге енгізді. Яғни, әртүрлі жағдайларға байланысты үміткерлердің жартысына жуығы сайлауға қатыса алмаған", – деді сарапшы Андрей Чеботарёв.                                                                                                                                

ALMA university

Осы орайда Integrity Astana коммерциялық емес ұйымының басшысы, қоғам белсендісі Жанат Нұрғалиев тағайындалған әкімдердің "сайланған әкім" шекпенін ауыстырып кигенін әжуалады.

"Пилоттық аудандардың әкімдерін сайлау алдын ала облыс әкімдері бекіткен сценарийге толық сәйкес өткізілді. Тағайындалған әкімдердің сайланған әкімге айналуымен құттықтаймын! Азаматтардың сенімін ақтауға тырысыңыздар", – деп жазды ол әлеуметтік парақшасында.

Желідегі парақшасынан 

Сарапшы А.Чеботарёв та тұңғыш әкім сайлауға қатысты бірнеше "гәпті" атады. Біріншіден, 5 қараша күні 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қаланың, яғни 45 әкімшілік бірліктің әкімін жергілікті тұрғындар тікелей сайлады. Соның ішінде іс басындағы 29 әкім өз орынтағын сақтап қалды. Яғни, жаңадан тек 16 әкім ғана сайланып отыр. Оның 12-сі – әкімдердің орынбасары. Қалған 4-еуі кім?

Түркістан облысының Шардара ауданында әкім болып, аудандық маслихат төрағасы Арман Қарсыбаев, Атырау облысының Исатай ауданында – аудандық мәслихат төрағасы Нұрым Мусин сайланды.

Тағы екі ауданда бизнесмендер әкім болды: Ақмола облысының Есіл ауданында – қостанайлық "Бейсен-1" компаниясының директорының орынбасары Серік Балжанов, ал Түркістан облысының Бәйдібек ауданында – "Корпорация" ERNUR" ЖШС директоры Ерлан Нұрмаханов әкім додасында жеңіске жетті.

  • Бұдан сұрақ туындады. Сонда басшысы ауыспаған көптеген аудандар мен қалаларда ештеңе де өзгермейді ме? Сарапшының пікірінше, бұл жерде әкімнің сайланған деген статус алуы оның қызметін жақсартуына белгілі бір ықпал етеді деп үміттену қалады. Бәлкім, олар облыс әкіміне тым бағынышты болып, үнемі жалтақтай бермей, өзін сайлаған жұртшылыққа бет бұрар?
  • Екіншіден, билік аудан және облыстық маңызды қалалардың бәрінде жаппай әкім сайлау өткізбеді, мәслихаттарға олардың ішінен тек 45-ін пилоттық жобаға іріктеп алуға мүмкіндік берді. Сарапшы қалған аудандар мен қалаларда қашан жаппай сайлау өтетіні белгісіз екеніне назар аудартты. Бұл "таяу болашақта" қолға алынады деген үміт қана бар. Барлық әкім бір күнде сайлана ма, әлде ауыл әкімдері сияқты тағайындалғандары сайланғанына кезең-кезеңмен өзгеріп отыра ма? Бұл істе "әзірге айқындық жоқ".
  • Мысалы, билік 2021 жылдан бері ауыл, кент, аудандық маңызды қалалардың әкімдерін тікелей сайлауды өткізіп келеді. Дегенмен, әлі күнге тағайындалған әкімдер бар көрінеді.
  • Үшіншіден, әкімдер сайлауына соны ұзақ жыл қалап, ілгерілетіп келген оппозициялық күштер қатыспапты. Сайланған әкімдердің 45-інің 42-сі –партиялардың мүшелері. Тарата айтқанда, 36 әкім – "Amanat" партиясынан, 3-еуі – "Ауылдан", 2-еуі – Қазақстанның халық партиясынан және біреуі – "Respublica" партиясынан ұсынылған.
  • Төртіншіден, Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, бұл науқанда сайлаушылардың 666 906-сы немесе 62,79%-ы дауыс берген.

Алайда сарапшылар бұл санның негізінен төрт облыс есебінен молығып отырғанын байқапты: Түркістан облысынан – 116 784, Алматы облысынан – 79 603, Қостанай облысынан – 65 896 және ШҚО-дан – 63 361 сайлаушы қатысқан.

Облыстық сайлау комиссияларының дерегінше, Маңғыстау облысында сайлаушылар тізіміне енгізілген 40 134 азаматтың дауыс беруге небары 11 624-і, Атырау облысында 34 497 азаматтан – 19 328-і ғана келіпті. БҚО-да 28 897 сайлаушының тек 17 033-і, Павлодар облысында 31 910 сайлаушының 17 817-і сайлау учаскесіне баруды маңызды санаған. Тіпті жоғарғы тізімдегі Қостанай облысының өзінде сайлаушылар тізіміне енгізілген 135 198 сайлаушының жартысынан азы – 65 896 сайлаушы ғана дауыс берді.

Қоғам белсендісі, әкімдер сайлауына байқаушы болған Роза Қалдыбекова бір қызықты жайтты баяндады. Ол Құлан ауылындағы №360 учаскесінде таңғы 7-ден бастап бақылапты. Бірінші болып дауыс бергенге сыйлық берілген. Соған қарамастан, аудан жұртшылығы дауыс беруде белсенділік танытпапты: учаскеде тіркелген 2 168 сайлаушының арасынан түс әлетінде тек 146-сы өз таңдауын білдірген. Дәл осы кезде Жуалы ауданының басқа учаскесінде "барлық сайлаушылар 100% дауыс беріп болғаны" жарияланған.

"Сүйсіндік, басқа не дейміз. Мені басқа мәселе алаңдатты. Әкімдерді сайлауда гендерлік мәселе тыс қалғаны байқалды. Сайлау комиссиясы ел бойынша тіркеген 125 кандидаттың бар-жоғы 10-ы ғана – әйелдер болды. Қалғаны қалпымен ерлер", – деді қоғам белсендісі.

Сол ондықтың ішінен екеуі ғана әкім болып сайлана алды. Ақмола облысының Жақсы ауданын – Алмагүл Қадыралина басқарады: ол бұған дейін де Жақсы ауданының тағайындалған әкімі болған. Қадыралина үшін 6644 сайлаушы өз дауысын беріпті. Онымен бәсекелескен Р.Жұмағұлов 798, Е.Оспанов 528 дауыс алды.

Ресеймен шектесетін Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданында іс басындағы әкімді оның орынбасары Елена Степаненко ауыстырады. Степаненко сайлаушылардың 6 817 дауысын жиды. Оның қарсыластары Мейірхан Жұмықов тек 428, ал Абзал Исманов 604 дауыс иеленді.

Негізі, бұдан бөлек, Абай, Жетісу, ШҚО, Қарағанды, Павлодар облыстарында нәзік болмыс иесі саналатын аудан әкімдері пайда болуы мүмкін еді. Бірақ олар іс басындағы әкімдерге жол берді. Сайлау комиссиялары жарыс жолына жіберіп, есімдерін бюллетенге қосқан он әйелдің басым көпшілігі мемлекеттік қызметте істейді. Олардың жасы – 39-дан 59-ға дейін барды.

Байқаушылар Жамбыл облысының Жуалы ауданында басым көпшілігінде зейнеткерлер дауыс бергенін байқапты: "дауыс беруге келген жастар қарасы аз болды". ТұранИнфо ақпарат агенттігінің тілшілері "мемлекеттік қызметшілер белсенді дауыс бергенін және әдеттегідей бюллетендерімен фотоға түскенін" айтады. Нәтижесінде, Жуалы ауданында сайлаушылардың келуі 62,96%-ға жетті. Дауыс санау қорытындысында Жуалы ауданының әкімі креслосы Шерхан Мұртазаның немересі – Жалғас Мұртазаға тигені белгілі болды. Аумақтық сайлау комиссиясының дерегінше, Мұртаза Жалғас Алижанұлы 1988 жылы туған, Жуалы ауданының әкімі. Жуалы ауданының Б.Момышұлы ауылының тұрғыны. Ол өз учаскесіне келген 19 720 сайлаушының 16 520-сының дауысын жинады.

Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, сайланған әкімдердің орташа жасы 46,7 жасты құрап отыр.

Қазақстанның жаңа тарихында алғаш рет өткен аудан-қала әкімдерінің сайлауы онда "Барлығына қарсы" дауыс бергендердің көптігімен де тарихта қалатынға ұқсайды. Мысалы, Қостанай облысының Рудный қаласында дауыс беруге келген 30 мыңдай азаматтың 917-ы сайлау учаскесіне тек "Барлығына қарсы" деген тұсқа белгісі соғып кету үшін келіпті.

Павлодар облысының Шарбақты ауданында өз ықтиярын білдірген 8 мыңнан аз дауыс берушінің 857-і немесе он пайыздайы барлық кандидатқа қарсылығын білдірді.

СҚО-ның Есіл ауданында учаскеге бас сұққан 10 мыңнан астам сайлаушының 724-і, Абай облысының Курчатов қаласында 5 мыңға да жетпейтін дауыс берушінің – 463-і, Алматы облысының Жамбыл ауданында 678 сайлаушы бюллетенде аты-жөні жазылған кандидаттар арасында көңілінен шығатын бірде бірі жоғын тиісті белгі арқылы мәлімдеген.

Билікке осылайша наразылық білдірген сайлаушылар саны, яғни "протестік электораттың" екі облыста көп екені анықталды. Ақмола облысының Ақкөл ауданында – 786, Астрахан ауданында – 526, Есіл ауданында – 778, Жақсы ауданында – 475 сайлаушы, сонымен қатар Түркістан облысының Бәйдібек ауданында – 665, Мақтаарал ауданында – 922, Созақ ауданында – 667, Шардара ауданында – 697 адам сайлау күні арнайы барып, "Барлығына қарсы" деген тұсқа белгі түсіріп кетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу