Шешуші сынақ

6109

Moderna, Pfizer компаниялары коронавирусқа қарсы вакциналарын соңғы рет зерттеуге кірісіп, пандемияға нүкте қоюдан үмітті.   

Шешуші сынақ

Moderna Inc (MRNA.O) және Pfizer Inc (PFE.N) компаниялары коронавирусқа қарсы вакцинаны сынауға шамамен 30 мыңдай еріктіні тартпақ. Егер зерттеу сәтті аяқталатын болса, жыл соңында бұл препараттар мақұлданып, жаппай қолданыс үшін өндіріле бастайды.

Тәжірибенің басталғаны дүйсенбі күні жарияланды. Оны Трамп әкімшілігі қолдап отыр. Құрама Штаттар басшылығы COVID-19-ға қарсы шараларды кейінгі кездері жеделдетіп, тиімді вакцинаның күшімен пандемияны тезірек аяқтауды мақсат тұтып отыр.

Ғалымдар сынаққа кіріскеннен кейін, Moderna акциялары 9%-ға, Pfizer құнды қағаздары 1.6%-ға қымбаттады. Ал, олардың серіктестері – осы вакциналарды жетілдіруге атсалысқан – BioNTech фирмасы акцияларының бағасы 4,2%-ға өскен.

Екі кандидат-вакцина да жедел жасақтау және өндіру технологиясымен қамтамасыз етілген. Алайда вакцинаны шығаруда тәжірибе әзірге шамалы.

Нарыққа ешқашан вакцина жеткізіп көрмеген Moderna АҚШ үкіметінен 1 млрд долларға жуық көмек алды. Айта кетсек, Америка әкімшілігі өзінің Operation Warp Speed атты бағдарламасы аясында қазір бірнеше кандидат-вакцина жобасын қаржыландырып отыр.

Pfizer АҚШ үкіметінен 2 млрд доллар алып, тиімді вакцина жасалса, сол екпені ең алдымен Америкада 50 млн адамға сатуға келісім берді.

Жалпы алғанда, қазір әлемде коронавирусқа қарсы 150-ден астам кандидат-вакцина түрлі деңгейде дамытылып жатыр. Солардың 20 шақтысы адамдарға сынала бастады.

"Джонсон және Джонсон" компаниясы осы аптада АҚШ-та кең ауқымды клиникалық сынақты бастап, қыркүйекте өз вакцинасын бұдан да кеңірек және шешуші тәжіибеден өткізуді жоспарлап отыр. Ал, Британияның дәрі-дәрмек өндірушісі - AstraZeneca Plc Оксфорд университетінің ғалымдарымен бірлесіп жасап жатқан вакцинасын биыл жазда үлкен сынақтан өткізетінін жариялады.

"2020 жылдың соңына дейін қауіпсіз әрі тиімді вакцинаны тарату оңай шаруа болмаса да, Америка халқы үшін дұрыс мақсат", – дейді АҚШ-тың Ұлттық денсаулық сақтау институтының директоры Фрэнсис Коллинз "Модерна" вакцинасын сынаудың үшінші кезеңі басталғанын жариялай отырып.

Вакциналар сынағы әлі аяқталмаса да, бірқатар компания вирустың бетін қайтару үшін оларды қарқынды өндіруге әзірленіп жатыр. Ал, тез тарай бастаған коронавирус бүгінде әлем бойынша 650 мыңдай адамның өмірін жалмап, 16 миллионнан астам тұрғынды ауруға шалдықтырып, ғалам экономикасын күйретіп жатыр.

Коллинздің айтуынша, "Модерна" компаниясы өз вакцинасының тиімділігі мен қауіпсіздігіне көз жеткізгенде, бұл препараттың ондаған миллион данасын шығара алады.

"Файзер" (Pfizer)  сынақ сәтті аяқталатын болса, қазан айында-ақ реттеуші органнан рұқсат алып, 50 миллиондай пациент үшін жыл соңына дейін екі дозалы вакциналарын нарыққа жеткізбек.

Екі компанияның алдағы жылға жоспары тіпті зор. 2021 жылдың соңына дейін Pfizer 1,3 млрд доза, ал Moderna жаңа жылдан бастап 500-1 млрд доза вакцина шығаруды көздеп отыр.

Сынақтың соңғы сатысының мақсаты – вакциналардың қауіпсіздігіне баға беру және олардың симптоматикалық COVID-19-дың алдын-алу мүмкіндігін анықтау.

АҚШ үкіметіндегі инфекциялық аурулар жөніндегі жоғары лауазымды шенеунік – Энтони Фаучи Moderna вакцинасы қараша айында немесе одан да ертерек пайда болуы мүмкін екенін айтты. Тағы бір мәлімдемесінде ол бұл екпенің қауіпсіздігіне "аса алаңдамайтынын" атап өтті және ол Moderna жайында дүйсенбі күні Ақ үйде президент Дональд Трампты хабардар еткенін мәлімдеді.

Американың Ұлттық денсаулық сақтау институты құрған COVID-19-дың алдын-алу желісінің айтуынша, коронавирусқа қарсы вакцинаны кең ауқымды клиникалық сынақтан өткізуге күз аяқталғанша ай сайын кемінде 30 мыңдай адам қатысып отырады.  Дегенмен, "Ассоушиэйтид пресс" агенттігінің дерегінше, бұл тәжірибеге қызығушылық білдіріп 150 мыңдай америкалық интернетте онлайн-реестр толтырған.

Кейбір активистер әлем бойынша саяси, фармацевтикалық және денсаулық сақтау лидерлерін бақылауға алмаса, вакциналардың көбі бай елдерге кетеді деп алаңдап отыр. Өйткені әр мемлекет бірінші өз халқына екпе жасауға мүдделі. Айта кетсек, биыл COVID-19-ға қарсы дәрілердің айтарлық бөлігін Құрама Штаттар сатып алып, Вашингтонның басы үлкен дауға қалды.

Осыған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдегендей, ол 2021 жылдың соңына дейін табысы төмен елдердің тұрғындары үшін 2 млрд доза вакцина алудан үмітті. Жер шарындағы 7,8 млрд адамның 85 пайызға жуығы дамушы елдерде өмір сүреді.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу