Шетел баспасөзі Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен кетуі жайлы не жазуда

5405

inbusiness.kz назарларыңызға Елбасының шешімі жайлы шетел баспасөзінде жарияланған материалдарға қысқаша шолуды ұсынады.

Шетел баспасөзі Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен кетуі жайлы не жазуда

"Қазақстан президенті аймақты таңырқатып биліктен кетті". Әйгілі "Нью-Йорк Таймс" газетінде наурыздың 19-да жарық көрген мақаланың тақырыбы осындай. Басылым тілшісінің айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың отставка жариялауын қазақтар потенциалдық жаңа дәуірдің бастамасы деп қабылдаса, сарапшылар бұл саяси жаңалықты Ресейді 20 жылға жуық басқарған Владимир Путин билігіне жағымсыз әсер етуі мүмкін оқиға ретінде алға тартып отыр. Және де америкалық тілші Вашингтондағы Джордж Вашингтон университетінің Орталық Азия бағдарламасының директоры Марлен Лоруеллдің осыған қатысты пікірін жариялаған. Оның қысқаша мазмұны мынадай: "Назарбаевтың президенттік өкілеттігін тапсыруы Қазақстанның бұндай мәселені шеше алатынын, ал Ресейдің шеше алмайтынын көрсетіп берді. Әрине, Путин 66-да, жасырақ, оның үстіне былтыр ғана тағы 6-жылдық мерзімге сайланды. Дегенмен, Астанадағы саяси оқиға Кремльге тікелей болмаса да, символикалық қысым жасап отыр".

Сейсенбінің кешінде Елбасы жасаған мәлімдеме "Блумбергтің" де назарынан тыс қалған жоқ. Америкалық агенттік Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаевтың саясатын әрі қарай жалғастыруға ниетті екенін баяндай отырып, жаңа президенттің алдында Орталық Азияның ең үлкен экономикасын қайта жандандыру міндеті де тұрғанын атап өткен. "Назарбаев өткен айда үкіметті ауыстырып, халықтың тұрмысын көтеруге қосымша триллиондаған теңге талап етті. Ал, 2009 жылдан бері Қазақстан банк жүйесін сақтау үшін 18 миллиард доллар жұмсады. Бірақ, бұл ақша нақты секторды жеткілікті деңгейде несиелендіре алмады. Сонымен қатар, жақында Назарбаев қазақ отбасылары үшін өмірдің қымбаттап, табыстың төмендеп бара жатқанын ескертті", - деп жазады "Блумберг" тілшісі.

Ресейдің әлемдік аудиторияға негізделген РТ телекомпаниясының хабарлауынша, Назарбаев президенттіктен кеткенімен, Қазақстан Ресейдің негізгі одақтасы болып қала береді. Бұл мәселеде көрші елдің халықаралық арнасы ТМД Институтының профессоры Аза Мигранянның пікіріне жүгінген. Мигранянның ойынша, "Қазақстан – Орталық Азиядағы шешуші мемлекет. Онда биліктің байыппен әрі қауіпсіз ауысуы тұтас аймақ үшін өте маңызды". Профессор атап өткен тағы бір жайт – Ресеймен қатынасты бұзу Қазақстанның өзіне зиян. Өйткені, екі мемлекеттің сауда айналымы былтыр 17,6 миллиард долларға жеткен екен.

"Ресейдің кейбір көршілері Мәскеумен байланыс орната отырып, экономикалық факторларға салғырт қарайды. Бірақ, бұл жағдайдың Қазақстанға қатысы жоқ. Қазақстан Ресейдің Орталық Азиядағы басты одақтасы болып қала береді", - дейді ТМД-лық ғалым.
Енді "Франс пресс" агенттігінде жарияланған материалға тоқталсақ, орталықазиялық республиканы трансформациялаған Нұрсұлтан Назарбаев қызметінен кететінін хабарлағанда, Қазақстан жұрты төбеден жай түскендей күй кешті. Сонымен қатар, франциялық тілшінің сөзінше, Назарбаевтың билігі аясында халқының саны өсіп, 18 миллионға жеткен Қазақстан, өзінің энергетикалық ресурстары мен стратегиялық орнын ықпал ететін құралға айналдырып, экс-советтік елеусіздіктен Иранның ядролық бағдарламасы мен Сириядағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерді қабылдаған мемлекетке айналды. Ал, бірнеше жылда ғана бой көтерген футуристік Астана Назарбаевтың мемлекетті жаңа жүйеге көшіруінің символы іспетті екен. Бұған қоса, агенттік Мәскеу жоғары экономика мектебінің профессоры Андрей Суздальцевтің ойына сүйене отырып, Назарбаев өз қалауымен президенттіктен кете отырып, Орталық Азияда билікті тапсырудың жаңа дәстүрін қалыптастырғанын хабарлайды.

Дегенмен, "Фран пресс" жазғандай, қазір Қазақстанның шикізатқа тәуелді экономикасы 2014 жылы мұнай бағасының түсуінен және Батыстың Ресейге қарсы санкцияларының зиянынан қайта еңсе көтеруге күш салып жатыр. Агенттіктің өзге бір мәліметіне қарағанда, Қытай сыртқы істер министрлігі "уақытша президент Тоқаевты - Қытай халқының ескі және жақсы досы" деп мәлімдеді.

"Рейтер" агенттігіне жүгінсек, Назарбаев Путинмен жақын одақтас бола отырып, Қытаймен жылы қатынас орнатып, Батыс компанияларымен іскерлік байланысты дұрыс жолға қоя білді. Соның нәтижесінде елдің бай мұнай және газ ресурстары игеріліп, Қазақстан жан басына шаққандағы табыс көлемі бойынша бұрынғы КСРО аумағында ең гүлденген мемлекеттердің біріне айналды және оның мұнай өндірісі үш есеге жуық артып, экономикасына ондаған миллиард доллар инвестиция салынды. Бірақ, осы агенттікке берген сұқбатында GlobalData компаниясының сарапшысы Уилл Скаргиль айтқандай, қазақ билігіндегі өтпелі кезең реформаларды, соның ішінде энергия секторындағы реформаны баяулатуы мүмкін.

Қазақстан басшылығындағы айтулы өзгерістерге "Ассоушиэйтид пресс" халықаралық ақпарат агенттігі де қалам тербеген. Америкалық журналистің сөзінше, Назарбаев билікке келген жылдары республика түрмелерімен, ядролық сынақ полигондарымен, Байқоңырдағы ғарыш айлағымен ғана танымал еді. Ал, Нұрсұлтан Назарбаев сол елді модернизациялап қана қоймай, Ресей мен Батыстың арасында нәзік тепе-теңдікті сақтай алғаны үшін шетелде кең көлемде мақтауға ие болып отыр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу