Шетелден көшіп келген және солтүстік өңірлерді таңдаған қандастарға жеңілдік мерзімі ұзартылады

2565

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2008 жылы "Нұрлы көш" атты мемлекеттік бағдарлама қабылданған болатын. 

Шетелден көшіп келген және солтүстік өңірлерді таңдаған қандастарға жеңілдік мерзімі ұзартылады Фото: kazpravda.kz

Ол бастапқыда небәрі екі жылға, 2009-2011 жылдар аралығына есептелді.

Алайда бюрократия дерті меңдеген билік оны да жарға жықты: көрегендік танытып, жатжұрттардағы қазақтардың атажұртқа көшін ауылға бұра алмады. Салдарынан елге қоныстанушы этникалық қазақтар негізінен, ұшақтардан түсе сала, халықаралық әуежай орналасқан ірі қалаларда – үш мегаполисте, облыс орталықтарында немесе солардың айналасында қалып қойды. Сөйтіп, онсыз да халқы тығыз шаһарларда жұмыссыздар армиясының қатарын толтырды. Шамадан тыс жұмыс істеп тұрған жергілікті әлеуметтік нысандарға жүктеме түсірді. Қалалардың баспана нарығын "қыздырып", бағаның шарықтауына және тұрғын үй тапшылығының туындауына ықпал етті.

Бұған қоса, бағдарламаға жемқорлар үймелеп, бөлінген қаржыны талан-тараж етті. Соның кесірінен қандастарға арнап салынған үйлердің сапасы нашар болды, қыста іші ызғарлы, өзге маусымдарда сызды болып, оралмандардың қарсылығын және түрлі жанжалдарды туғызды.

Салдарынан, "Нұрлы көш" жарға жығылып, әу бастағы мақсат-міндеттері орындалмай, ақыры тоқырады.

Елде билік транзиті өткен соң белгілі сыншы, Жазушылар одағының мүшесі марқұм Жұма-Назар Сомжүрек елдің жаңа басшылығына "Нұрлы көштің" бетін түзеуді ұсынды. Оның байламынша, төрткүл дүниеде тарыдай бытыраған этникалық қазақтарды елге мың-мыңдап көшіріп, сол арқылы шекара жақтағы тұрғындары тастап кеткен, қаңыраған ауылдарды жанға, қыстау мен жайлауды малға, мектептерді балдырғанға толтыру қажет. Соның арқасында ауыл да, ауыл шаруашылығы да қайта түлейді.

Үкімет мұндай ұсыныстарға ден қойды. Әрине, бірқатар сарапшы ұсынғандай, мемлекет оралған қазақтардың ірі қалаларды таңдауына тыйым салынған жоқ. Бірақ Ресеймен іргедегі солтүстік Қазақстанға көшкен қандастарға ғана үлкен жеңілдіктер мен көмектер берілетін талап күшіне енді. Бұл норма халқы тығыз орналасқан оңтүстік облыстардан еңбек күшіне зәру солтүстік өңірлерге көшкен қазақстандықтарға да қатысты қолданылады.

Бүгінде ел Үкіметі осы тәсілдемені жетілдіру үстінде.

Мысалы, "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы бойынша өңіраралық еңбек ұтқырлығы аясында "оңтүстік–солтүстік" бағытында қоныс аударушылар квотасы 2023 жылғы 6,7 мың адамнан 2025 жылы 7,2 мың адамға дейін арттырылады деп жоспарланған. Осы мақсатта республикалық бюджеттен жалпы сомасы 46,7 миллиард теңге бағытталады.

Бірақ алда бұл көрсеткіш артуы мүмкін. Себебі, қоныс аудару шарттары жақсартылды: енді теріскейге көшкендер мемлекет ұсынған қаржыға өздері ұнатқан кез келген баспананы сатып ала алатын болады.

2023 жылдан бастап, аталған ұлттық жоба аясында әр отбасыға баспана сатып алуы үшін 4 миллион теңге көлемінде ұтқырлық сертификаты табысталады.

Ал бұған дейін қоныс аударушылар негізінен жергілікті әкімдіктер ұсынған баспаналарда тұрды. Біріншіден, олардың саны аз, жиі жетпей қалады. Екіншіден, сапасы нашар болып шығады. Сондықтан Үкімет белгілеген өңірлерге келушілерге үйді нарықтан өзі тауып, таңдап алуға рұқсат етті.

Нәтижесінде, алдағы уақытта Қазақстанның солтүстік және шығыс облыстарына 8 600 қазақстандыққа дейін көшуі мүмкін. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, оның 2 800-і Солтүстік Қазақстан облысына қоныстандырылады деп күтілуде. Биылғы жыл басынан бері Қызылжар өңіріне 260 отбасы табан тіреген.

Бұдан бөлек, Қазақстанға шетелден жыл сайын 20 мыңға дейін қандас оралып отырады деп квота белгіленді. Үкімет олардың көбін де Ресеймен және Қытаймен шектес солтүстік, шығыс облыстарымызға бағыттауға күш салмақ.

Осы орайда мемлекет "Нұрлы көш" аясында қандастардың көшуіне қатысты да бір шешім қабылдады.

"Ел Үкіметінің биылғы тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Үкіметінің "Нұрлы көш" бағдарламасының пилоттық жобаларына қатысушыларға тұрғын үй сату ережесін бекіту туралы" 2009 жылғы 8 мамырдағы №674 қаулысына өзгерістер енгізетін жаңа қаулының жобасы әзірленді. Жобаны қабылдаудағы мақсат – қандастар сатып алатын тұрғын үй кепілімен берілетін, жылдық ставкасы 4,5%-ға дейін баратын тұрғын үй несиесінің ең аз қажетті сомасын жинақтау мерзімін 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту болып табылады. Қаулы жобасын қабылдау әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық теріс салдарға әкеп соқтырмайды", – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндірме жазбасында.

"Нұрлы көш" бағдарламасының пилоттық жобаларына қатысушыларға тұрғын үй сату ережесі" аясында қандастар "Отбасы банкінен" арзан несие алу үшін ақша жинақтауға тиіс. Қажетті соманы жинап болу мерзімі былтырғы жыл соңында аяқталыпты.

"Облыстың уәкілетті органы берген тізімнің негізінде оператор-компания 10 жұмыс күні ішінде бағдарламаға әрбір қатысушымен тұрғын үй және жылыжай құрылысына қарыз шартын жасасады. Онда бағдарламаға қатысушының банкпен арасында тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы шарттың талаптарына сәйкес, тұрғын үй қарызын 15 жылға дейін мерзімге алу және тұрғын үйді кепіл ретінде беру мақсатында 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімде банктегі шотта жинақтауды жүзеге асыру туралы шарт жасасу жөніндегі міндеттемелерін көздейді", – делінген ережеде.

Осы уақытқа дейін қажетті соманы жинағандар несие алды. Қалғандары көмектен тыс қалуы мүмкін.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың түсіндіруінше, этникалық қазақтарды ұтымды қоныстандыру, жайластыру және жергілікті қоғамға интеграциялау мақсатында ел Үкіметінің №1126 қаулысымен 2009-2011 жылдарға арналған "Нұрлы көш" бағдарламасы бекітілді. Оның аясында бағдарламаға қатысушылардың тізімі жасалды. Сол тізімдегілердің бәрі бірдей тұрғын үй құрылысына кредит алып, баспана иеленіп үлгермепті.

"Қазіргі "Отбасы банк" АҚ бағдарламасына сәйкес, бағдарламаға қатысушылар мен жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй қарызын алу мақсатында ең аз қажетті соманы жинақтауды жүзеге асыру туралы шарт жасасты. Шарт бойынша бағдарлама қатысушысы 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін "Отбасы банктегі" шотында жылдық 4,5%-ға дейінгі ставкамен тұрғын үй сатып алуға қажетті соманың минималды көлемін жинап болуға тиіс еді. 2023 жылдың басында бағдарламаның тағы 70 қатысушысы қажетті соманы жинап болды. Алайда олар бәрібір қаражат жинақтау кестесін бұзды. Салдарынан тұрғын үй сатып алуға арзан несие ресімдеу үшін керек 25 балды жинай алған жоқ", – деді министрдің орынбасары.

Сол себепті, егер Үкімет ең аз қажетті соманы жинақтау мерзімін 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартса, онда қалған қандастар да тиісті қаржыны жинап үлгеруі мүмкін.

Осыны қарастыратын Үкімет қаулысының жобасы 15 маусымға дейін қоғамдық талқылауда болады, содан соң қабылданады деп күтілуде.

Жалпы, Үкімет кәсіпкерлік бастаманы қолдай отырып, қоныс аударушылар мен қандастардың жаңа орнында жұмыспен қамтылуы деңгейін 2025 жылға қарай 87%-ға дейін арттыруға ниетті. 

Бұған дейін Еңбек министрлігінің Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов биылдан бастап, қандастарды елге көшіру саясатын түбегейлі өзгерту шаралары қолға алынғанын хабарлады.

"Мысалы, бұдан былай шетелдегі азаматтар елге келу үшін құжаттарын Қазақстанның елшіліктері арқылы тапсырады. Бұл не үшін жасалуда? Атажұртқа қандастар, яғни шетелдік азаматтар визалық және визасыз елдерден келеді. Содан құжаттарын Қазақстанда тапсырғанда, көптеген қиындыққа кезігіп жатады: құжаттары толық не дұрыс болмай қалады. Амалсыз, еліне қайтуға тиіс. Көбісінің оған мүмкіндігі жоқ. Сондықтан осы мәселенің алдын алу үшін қандас елімізге келмей тұрып, тұрғылықты елінен құжаттарын жолдайтын жаңашылдықты енгіздік. Сонда елге барлық құжаттарымен бірге келеді", – деді І.Испанов.

Құжаттарды елшіліктер тікелей Көші-қон комитетіне және қандастың өзі тұру үшін таңдаған өңірдің жергілікті әкімдігіне жібереді. Ол жерде қалай орналасады, қандай қызмет атқарады, отбасы, әлеуметтік жағдайы, бейімделуі, баспанасы – осы мәселелердің барлығының шешімін әкімдікпен алдын ала келісіп алады. Осының арқасында, Көші-қон комитеті басшысының сендіруінше, Атамекенге оралған этникалық қазақ сол күні-ақ қандас статусын ала алады.

Бұл жаңашылдық бұған дейін Түрікменстанға қатысты пилоттық жоба түрінде сыналыпты. Нәтижесінде, түрікпен мемлекетінен 505 қазақ немесе 156 отбасы осындай тәсілмен құжаттарын тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу