2022 жылы қарулы қақтығыс басталғалы дамыған елдердің көптеген автобрендтері Ресейден ресми түрде кетіп қалды. Тиісінше, барлық ресми автосалондарын жауып, өз көлік маркаларын өзгелердің сатуына тыйым салды.
Өз тұрғындарын озық машинажасау өнімдерімен қамтамасыз ету үшін РФ МемДумасы "сұр импорт" туралы арнайы заң қабылдады.
Оған сәйкес, шетелдік көліктерді Ресейге оның құқық иелерінің рұқсатынсыз, айналма жолдармен әкелуге рұқсат етілді. Бұл алаяқтардың "Дубай схемасының" кең қанат жаюына өріс ашты. Оның мән-жайын ресейлік мамандандырылған Autonews порталының сарапшылары түсіндірді.
Порталдың мәліметінше, батыстық беделді автобрендтер кеткеннен кейін, ТМД көлемінде ондаған мың адам "Дубай схемасына" ұрынып, зар илеп қалды. Өйткені алдымен орағытпалы жолдармен Ресейге әкелінген, содан кейін аймақтағы өзге республикалардың тұрғындарына сатылған "иномаркалардың" үлкен көлемі шынында Интерполдың (халықаралық полиция) "ұрланған көліктердің" деректер базасында есепте тұрған болып шықты.
"Батыс автомобиль брендтерінің ресейлік нарықтан жаппай кетуі Ресейде "параллельді импорттың" алуантүрлі схемаларының өркен жаюына соқтырды. Алайда осындай сұр тәсілмен елге енгізілген автокөліктерді сатып алуға шешім қабылдаған ресейліктер және басқа елдердің тұрғындары ары қарай өздерін жағымсыз "тосынсый" күтіп тұрғанын білмейді. Адамдарға дамыған елдерде іздеуде жүрген көліктер жаппай сатылуда", – деп жазды Dialog порталы.
Autonews параллельді импорт негізінде тасылып, тіпті ресейлік автосалондар арқылы өткізіліп жатқан мыңдаған шетелдік көліктің де Интерпол базасында ұрланған ретінде тіркелгенін ескертті.
Сонда бұл қалай жасалады?
"Бұл жерде әңгіме көбінесе "Дубай схемасына" қатысты болып келеді. Шетелден машина айдап әкелушілер Америка Құрама Штаттарында немесе Еуропаның кез келген елінде кез келген автомобильді лизингке немесе арендаға алады. Содан соң ол Біріккен Араб Әмірліктеріне, соның ішінде Дубайға жеткізіледі. Ары қарай Ресейге және ТМД елдеріне сатылады", – деп мәлім етті схеманың байыбына барған мамандандырылған портал.
Оның сарапшыларының түсіндіруінше, автокөлік жолда келе жатқанда, лизинг төлемі, жалдау ақысы уақытында төленіп тұрады. Бірақ машина шекараны кесіп өтіп, Ресей территориясына кіре салысымен, ақша аудару кілт тоқтатылады.
Шетелдегі автомобиль иесі не жалға беруші фирма келісім бойынша белгілі бір уақыт төлем төлеудің жалғасуын күтеді. Ақыры арендатормен хабарласу мүмкін болмағандықтан, полицияға жүгініп, іздеу салады. Іздеу ол көліктердің "Дубайскты" бетке алып, шетел асып кеткенін көрсетеді. Сондықтан іске Интерпол араласып, халықаралық іздеу жарияланады.
Портал, әсіресе осы схемамен, Ресейге АҚШ-тан көп автокөлік айдап әкелініп жатқанын нақтылады. Оның үстіне олар шетінен жаңа болып келеді: жүрісте көп болмаған ("пробег" жоқтың қасы), әрі алаяқтар тездетіп өткізіп жіберу үшін тұтынушыға тиімді бағамен сатады.
Сарапшылар бұл жерде бір гәпке назар аудартады: РФ-та қабылданған жаңа заңдар бойынша АҚШ, Еуропа, жалпы халықаралық заңдар мен келісімдердің күші Ресейде жүрмейді, федералдық заңнама басымдыққа ие.
Қазақстанда бәрі керісінше: Ата заңның 4-ші бабында: "Республика бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады" деп қадап айтылған. Сондықтан сот тәжірибесі шетелде іздеуде жүрген автокөліктерді сатып алғандарды қорғамайды және ешқашан олардың жағына шықпайды. Тиісінше, ондай машиналардың жаңа иелерін үлкен проблема күтіп тұр. Шетелден әкелінген көлікті мемлекеттік тіркеу рәсімдерін өткізу барысында қазақстандық құзырлы органдар оның халықаралық іздеуде бар-жоқтығын тексереді.
Шикілігі шықса тіркемейді, қайта тәркілейді. Зардап шегуші сот инстанцияларына, Парламентке және басқасына жүгінсе де, әділдік таппайды. Өйткені алаяқтарға ұрланған көлікті өткізуге көмектескен болып шығады.
Тіпті ондай автомобильдер ел аумағында жол қозғалысына да жіберілмейді. ІІМ дерегінше, елде, көшелер мен жолдарда 1,5 миллиондай бейнекамера қойылған. Солардың бірі міндетті түрде тіркеп, құзырлы органдарға хабар береді.
Сорақысы сол, қарапайым адамдар шетелден тапсырысымен айдап әкелінген автомобильдің осындай арам схемамен енгізілгенін сатып алғанға дейін еш жерден тексере алмайды.
Сонымен, солтүстік көршіде 2022 жылдан бері параллельді импорт ресми түрде рұқсат етілген. Ресейлік "Автостат" ақпаратынша, тек 2025 жылғы 4 айда РФ-қа осы схемамен 127 мыңнан аса түрлі автокөлік әкелінді. 100 мыңнан астамы – "б/у", қолданыста болғаны.
Арасындағы ең танымал маркалары – Toyota, BMW және Mercedes-Benz. Оның үлкен бөлігі кейін Қазақстан тұрғындарына сатылады. Көршінің жағдайынан хабарсыз қазақстандықтар көліктің РФ-та емін-еркін зымырап жүруіне қарап, "бәрі заңды шығар" деп ойлайды.
Құжаттарда бір адамның ғана аты тұруы қажет
Осы орайда Қазақстанның Еуразиялық одақ елдерінде сатып алынатын автокөлік үшін тосқауыл қойып жатқаны белгілі болды. Сол себепті, Ресей, Беларусть, Армения мен Қырғызстаннан автомобиль сатып алуды жоспарласаңыз, абай болыңыз және тіркеудің жаңа ережелерімен танысыңыз. Тіркеу қағидалары елеулі қатайтылды.
Өйткені бұл елдерден әкелінген машинаға Қазақстанда электронды паспортты рәсімдемей қоюы ықтимал. Ал ондай төлқұжатсыз мемтіркеуге қою мүмкін болмайды. Бұған жаңа техникалық шектеулер мен одақ елдері арасында деректер алмасу қағидалары себепкер.
Жаңа түсініктемелерге сәйкес, көлік құралының электронды паспортын рәсімдеу енді тек мына жағдайларда мүмкін болады:
* егер ККҚК (көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік) пен кедендік декларациялау туралы құжатта сәйкестікті бағалауға өтініш беруші және декларант ретінде бір тұлға ғана көрсетілсе (өтініш иесі мен декларант бір адам болуы шарт). Бұл ретте кедендік декларациялау туралы құжатты ресімдеу күні ККҚК ресімдеу күнінен ерте бола алмайды.
* егер көлік ЕАЭО-ға мүше бір мемлекетте "кедендік ресімделген" ("растаможка") болса, оған ККҚК туралы расталған мәліметтер және кедендік декларациялау туралы құжат негізінде Қазақстанда электрондық паспортты ресімдеуге жол беріледі.
"Қазақстанның электрондық паспорттары жүйесіне мұндай расталған мәліметтер кеден органы мен техникалық регламенттер талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау органының ұлттық операторының ("ҰАТ" АҚ-тың) ақпараттық жүйесімен өзара іс-қимылы жолымен келіп түсуге тиіс. Мұндай мәліметтердің болмауы немесе оларды жоғарыда көрсетілген тәртіп бойынша ұсынбау электрондық паспортты ресімдеуден немесе автокөлікті тіркеу үшін қажет "қолданыстағы" мәртебесі бар электрондық паспортты белгілеуден бас тартуға негіз болып табылады", – делінген жаңа қағидаларда.
Құжатта Еуразиялық одақтың кейбір елінде автомобильдердің қауіпсіздігіне және жарақтандырылуына қатысты талаптар төмендетілгені, "жеңілдіктер" жасалғаны айтылады. Мысалы, РФ өзінің отандық ортанқол маркаларын ілгерілету үшін автомобильдерді "қауіпсіздік жастығымен" жабдықтау талабын жойды. Басқа да "жергілікті жеңілдіктері" (локальные послабления) бар. Бірқатар одақ елдерінде көлікті апат кезінде шұғыл көмек қызметтерін шақыру құрылғысымен немесе жүйесімен жарақтандырмауға, техникалық регламенттің жекелеген пунктерін орындамауға, қауіпсіздік пен экологиялық стандарттарды сақтамауға жол беріледі.
Оның бәрі Қазақстанға жарамайды және мойындалмайды. Тиісінше, қазақстандық қатаң нормаларға жауап бермейтін автокөлікті РФ не Арменияда сатып алсаңыз, оны тек сол елде ғана пайдалана аласыз. Қазақстанға алып келсеңіз, тіпті кедендік рәсімдеуден өтсе де, барлық құжаттары толық болса да, оны мемлекеттік тіркеуге қоя алмайсыз.
Себебі мұндай автомобильдер ЕАЭО-ның белгілі бір елінде ғана қолданылатын оңайлатылған ережелер бойынша рәсімделген. Қазақстан заңнамасында ол елдердің жеңілдіктері қабылданбады, тиісінше, ондай жеңілдікпен тіркелген көліктерді республикамызда тіркеуге тыйым салынған.
"Еуразиялық одақтың басқа елдерінде автомобильдерді сатып алу кезінде азаматтар одақ актілеріне сәйкес белгіленген шектеулер туралы білуі қажет. ЕАЭО-ға мүше бір мемлекеттің аумағында өндірілген және оның аумағында пайдаланудағы көлік құралдары жеткіліксіз жарақтандырылған жағдайда, оған Қазақстанда иеленуге, пайдалануға, оған билік ету құқықтарын жүзеге асыруға жол берілмейді. Соның негізінде мұндай автомобильдерге электрондық паспортты ресімдеу және оларды Қазақстанда тіркеу мүмкін болмайды", – деп мәлім етті Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.
Ведомство одақ елдерінен машина алғызатындарға "ЕАЭО-ның басқа елінде ресімделген электрондық паспорттан үзінді көшірмені алдын ала сұратуға және шектеулердің бар-жоғын тексеруге" табанды түрде кеңес берді.
Егер электрондық паспорты болмаса, онда ЕЭК Алқасының 2015 жылғы 22 қыркүйектегі №122 шешімімен бекітілген Электрондық паспорттар жүйелерінің жұмыс істеу тәртібінің 22-тармағына сәйкес, оны ресімдеп беруді талап ету қажет.