Шетелдіктерге жерді жалға беруге қатысты дау қайта туды

2710

Жатжұрттықтарға орман егу үшін жер берген жөн бе? 

Шетелдіктерге жерді жалға беруге қатысты дау қайта туды

Мәжілістің бір топ депутаты енгізген түзету кейбір сарапшылардың түсінбеушілігін тудырды. Салдарынан әлеуметтік желіде шу көтерілді, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі. Осы дүбірге ат қосқан қоғам қайраткері, кәсіпкер Мұхтар Тайжан да Фейсбуктегі парақшасында "шетелдіктерге біздің ормандарды жалға алуға рұқсат беріп жатқанына" қарсы екенін білдірді. Рас, артынша "дұрыс түсінбеппін" деп постын жойды.

"Мәжілістегі жұмыс тобының басшысы Берік Оспановтың ресми жауабын зерделедім. Сондай-ақ басқа да дереккөздерге қанықтым. Қысқаша айтсам, орман пайдалану, яғни дайын орманды отау – Қазақстанда шетелдіктерге тыйым салынған. Бұл – дұрыс. Орман өсіру, яғни ағаш отырғызу – Қазақстанда шетелдіктерге рұқсат етіледі. Кейбір мұнай компаниялары мен жер қойнауын пайдаланушылар заң бойынша ағаш егуге міндеттелген. Бұл – дұрыс. Мен бұл терминдердің айырмашылығынан бейхабар болыппын. Тыйым салынғанына қарамастан, ормандарымызды шетелдіктерге беруге рұқсат етіп жатыр деп ойлап қалдым. Дүрбелеңнен бас тартамыз. Ормандарымызды шетелдіктерге жалға бермейміз, сатпаймыз. Тек орман отырғызуға ғана рұқсат етеміз. Сондықтан шетелдіктерге ормандарымызды жалға алуға рұқсат етілгені туралы кешегі ақпаратымды фейк ретінде жойып тастадым", – деп мойындады саясаткер.

Бұл кейбір адамдардың көңілін қалдырды.

"Мұхтар, елді дүрліктірмей, ақпаратты бірінші тексеріп жазу керек қой жариялағанда!" – деп ескерту жасады оған Төлеген Шегербаев.

"Егер жер мәселесін көтеріп жүрген, қасында жүрген сіздер дұрыс түсінбесеңіздер, анық-қанығы дұрыс жеткізілмегені, шикі шешімнің жобасы ұсынылғаны ғой? Басында шегелеп, дұрыс жоба ұсыну керек еді. Билік үнемі осылай істейді. Елде артық әңгіме, сұрақ туындамас үшін қитұрқы шешімдер ұсынылмасын. Ел қалай қабылдар екен деген сыңаймен берілген арам ұсыныс сияқты көрінеді", – дейді Жеңісгүл Ханым.

Дегенмен, өзге адамдардың көңілінде күмән қалды.

"Біздегі жер қойнауын пайдаланушылар орман екпейді және егуге де ниеті жоқ. Әйтпесе, бүкіл Атырау облысы джунглиге айналып кететін еді баяғыда. Олар тіпті қарапайым биологиялық рекультивацияны да  дұрыстап жасамайды", – деп шүбәланады атыраулық Ғабит Өткелбаев.

"Орман өсіру үшін шетелдік мұнай компанияларына жерді жалға алудың қажеті қанша? Жер қойнауын пайдалану телімдері контракті бойынша шетелдік компания есебінен қалпына келтірілуге тиісті. Бұлар бір ұғымды екіншісімен алмастырып отыр. Қисық сылтау", – деген пікірде алматылық Айдар Қамзолдаев.

"Не болғанда бір шикілік бар. Аралдың орнына барып, ешқандай шетел азаматтары, болмаса компаниялары ештеңе екпейді. Егіп жатқан өз мекемелеріміз! Оның өсіп жатқаны шамалы. Мысал келтіргенде неге басын ашып айтпаған. Сондықтан мұндай тесіктерді заңда қалдырған дұрыс емес. Шетел азаматтарына жер сатылмайды да, жалғада берілмейді де! Жалға тек өз азаматтарымызға ғана берілсін. Сенім жоқ", – дейді кәсіпкер Нұрлан Көпбосынов.

Мәселенің мәнісі неде?

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы жерлері енді шетелдіктерге сатылмайтынын және тіпті жалға да берілмейтінін хабарлап, өз бастамасымен жазылған тиісті заң жобасын Мәжіліске енгізді. Мәжілістегі талқылау барысында жұмыс тобы оған өзгерістер енгізген. Содан ақпарат құралдары бір топ депутаттың орман өсіру (лесоразведение) үшін ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге жалға беруге рұқсат ететін норма қосқанын хабарлады. Сөйтіп, "Мажилис саботирует указания Токаева?" деген тақырыпта ақпарат басылды. БАҚ мәліметінше, жұмыс тобы шетелдіктерге орман өсіру үшін 25 жылға дейінгі мерзімге ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алуға рұқсат беретін түзету енгізген.

Тоқаев ұсынған заң жобасында қолданыстағы Жер кодексінің 48-бабының 2-бөлімін толық жою көзделген. Себебі, ол бөлімде "Сауда-саттықтың (конкурстардың, аукциондардың) жеңімпаздарына – шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері жиырма бес жылға дейiнгі мерзіммен жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалануға беріледі" делінген.

Ал жұмыс тобы соның ішінде "орман өсіруді" қалдыруды ұсынды.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы бастамашылық еткен "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын осы аптада Мәжіліс мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді. Ол шетелдік жер пайдаланушылардың, шетелдік қатысуымен бірлескен кәсіпорындардың, сондай-ақ қандастардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін иеленуіне толық тыйым енгізеді.

"Осыған байланысты Жер кодексінен барлық тиісті заңнамалық нормалар алып тасталды. Сонымен қатар Жер кодексінде шетелдіктерге орман өсіру үшін ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру нормалары сақталғанына қатысты БАҚ-та пайда болған ақпаратқа байланысты келесіні түсіндіргім келеді. Жер кодексіне сәйкес, орман өсіру үшін босалқы, өнеркәсіптік (санитарлық аймақтар), сондай-ақ көлік (орманды қорғау жолақтары) жерлерінен жер беріледі", – деді жұмыс тобының жетекшісі, депутат Берік Оспанов.

Ол Орман кодексіне сәйкес, "орман өсіру" – бұл бұрын орман астында болмаған аумақтарда жасанды орман екпелерін құру және өсіру екенін алға тартып, оны "орман пайдаланумен" шатыстырмауды сұрады.

"Атап айтқанда, Арал теңізінің түбі жататын босалқы жерлерде теріс процестердің алдын алу мақсатында орман-мелиорациялық жұмыстар жүзеге асырылады. Бұдан басқа, елдің жекелеген өңірлерінде, Қызылорда, Маңғыстау және басқасында, сондай-ақ шөлейттенуді және құмның жылжуын болдырмау үшін ауылдық елді мекендердің жерлерінде орман екпелерін, изен және басқасын отырғызу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Осылайша, мұндай мақсаттар үшін негізінен бос жерлер, яғни қандай да бір шаруашылық  қызметті жүргізуге жарамсыз жерлер, мысалы, тозған, бүлінген, шөлді жерлер, онда топырақтың пайдалы қасиеттері төмен деңгейде және қолданыстағы орманды пайдалану емес, орман өсіру шаралары қабылданады", – дей келе, ол заң жобасының орман өсіруге қатысты ережелері Президент тапсырмасына толық сәйкес келетіні туралы байламды жеткізді.

Қалай болғанда, Парламент алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргізбей, заң жобасына тосын түзету енгізу арқылы халықты қайта дүрліктіргенге ұқсайды. Жұмыс тобы заң жобасы мақұлданбай тұрып, бұл түзетудің мәні мен маңызын түсіндіргенде, сарапшылар да, ақпарат құралдары да, әлеуметтік желіні пайдаланушылар да жаңылыспас па еді?!

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу