Шикізаттың орнына неміс технологиясы

5865

Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Германия арасындағы сауда айналымы 45%-ға өседі.

Шикізаттың орнына неміс технологиясы

Қазақстанның Германиядағы елшісі Болат Нүсіпов abctv.kz-ке қазақ-герман қатынасының қазіргі жай-күйі және екі жақты әріптестіктің алдағы басымдықтары туралы әңгімелеп берді.

– Германия – Қазақстанның Еуропадағы ең ірі әрі маңызды серіктестерінің бірі. Ресми деректерге сүйенсек, былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 4,5 млрд еуроны құрады. Бұл 2013 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда едәуір төмен. 2013 жылы сауда айналымы 6,5 млрд еуроны құраған еді. Сауда-саттық саласындағы көрсеткіштің құлдырауы себебі неде?

– Төмендеудің төркіні шикізат құнының құлдырауында жатыр. Атап айтқанда, мұнай мен түсті металл бағасының арзандауы кері әсер етті. Қазақстан Германияға мұнай тасымалдау тұрғысынан төртінші орында тұр. Біздің ел Еуропа мен Германия федеративтік республикасының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөлге ие.

2016 жылы Германияның Орталық Азия елдерімен арадағы сауда айналымының шамамен 85%-ы Қазақстанға тиесілі. Екі ел арасындағы өзара тиімді қарым-қатынас ұзақ жылдар бойы тұрақты сақталып келеді.

Қазақстандық экспорттың 91%-ын минералды ресурстар құрайды. Ал қалғаны – қара (2,4%) және түсті металдардың (1,7%), органикалық емес химикаттардың (2,2%) үлесінде.

Жалпы, негізгі шикізат ресурстарының бағасы төмендесе де, қос мемлекеттің сауда айналымындағы тұрақтылыққа сызат түскен жоқ. Осы жылдың соңғы бес айындағы алыс-беріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36%-ға дейін артып, 2,1 млрд еуроны құрады.

2017 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы шамамен 45% көлемінде болады деп күтілуде. Осылайша біз 2013 жылы тіркелген рекордтың ауылына аяқ басамыз.

– АҚШ пен Еуропалық одақтың Ресейге қарсы санкциялары Қазақстанға кері әсерін тигізуі ықтимал деген қауіп бар. Осының салдарынан қазақ-герман экономикалық қатынастарына сызат түсуі мүмкін бе?

– Олай деп ойламаймын. Осыған дейін қол жеткізілген уағдаластықтар екі елдің байланысын одан әрі нығайта түспек. Германия федеративтік республикасының президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің Астанаға неміс депутаттарынан, іскер ортаның өкілдерінен құралған ірі делегацияны бастап келуінің өзі көп жайдан хабар беріп тұр.

Іскерлік кеңестің қорытындысы бойынша жалпы құны шамамен 1 млрд доллар болатын 21 жобаны жүзеге асыру үшін екі жақты экономикалық құжаттарға қол қойылды.

Бекітілген келісімдер мұнай-химия, энергетика, жаңартылмалы энергия көздері, бөлшек сауда, құрылыс, геологиялық барлау, машина жасау, әскери-техникалық және ақпараттық әріптестік секілді өзге де бағыттарды қамтыды.

Бұл ретте немістің "4.0. Жаңғырту" бағдарламасының элементтерін өзімізге енгізу туралы келісімге қол жеткізуіміз толайым табыс болды. Бұл бағдарламаға Фраунгофер институты, Германия машина жасаушылар одағы және Мюнхеннің TUM International жоғары технологиялы орталығы қатысады.

Бүгінде неміс инвестициясының 90%-дан астамы Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторына бағытталады. Яғни қайта өңдеу өнеркәсібі, химия, құрылыс материалдарының өндірісі, машина жасау, ауыл шаруашылығы салаларын қамтуда.

Сондай-ақ екі ел көлік логистика саласында тығыз қарым-қатынас орнатқан. Жүктерді контейнерлік пойызбен Қытайдан Еуропаға Қазақстан арқылы тасымалдау көлемі соңғы екі жылда шамамен бес есеге ұлғайды.

Берлин еуразиялық клубының жұмысы та табысты. Аталған ұйым 2013 жылы Қазақстан мен Германия, сонымен қатар Орталық Азия мен Еуроодақ арасындағы ауқымды мәселелерді талқылайтын диалогтік алаң ретінде құрылған-ды.

Бес жыл ішінде Астана, Брюссель және Берлин қалаларында клубтың 20 отырысы өтті. Соңғы отырыстың Астана қаласында ұйымдастырылғанын жақсы білеміз. Клубтың келесі, 21-інші отырысы осы жылдың 4 қазанында Брюссель қаласында өтеді. Оған Еуропаның қоғамдық-саяси, талдамалық және іскерлік тобының өкілдері қатысады.

– Экономикаға инвестиция тарту – еліміз үшін өзекті мәселе. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы және қазіргі уақыттағы герман инвестициясында өзгерістер бар ма?

– Әлбетте. Қазіргі инвестициялық қарым-қатынас федералды және өңірлік деңгейде жаңа мүмкіндіктер іздеумен ерекшеленеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, неміс инвестициясы негізінен экономиканың шикізаттық емес секторына бағытталуда.

Қазақстан Ұлттық банкінің деректеріне сүйенсек, 2005-2016 жылдар аралығында Германиядан Қазақстанға тікелей тартылған инвестицияның жалпы түсімі шамамен 4 млрд долларды құрапты.

Соңғы үш жылда Қазақстанда неміс капиталымен тіркелген экономикалық құрылымдардың саны 1200-ден 1450-ге дейін өсті. Осылайша, бірлескен кәсіпорындар, неміс компаниялары мен банктерінің өкілдіктері ашылды.

Инвестициялық әріптестік негізінен қайта өңдеу өнеркәсібі, сауда, құрылыс, көлік және байланыс, ауыл шаруашылығы, түрлі коммуналдық, әлеуметтік және жекелеген қызметтер бағытында және экономиканың басқа да салалары бойынша жүзеге асырылуда.

Осы орайда, Knauf, Heidelberg Cement, Мetro, Linde, Funke және басқа да неміс компанияларын мысалға келтіруге болады.

– Сонда бұл Қазақстанның шикізаттық секторына тартылатын неміс инвестициясының азайғандығы ғой?

– Жоқ. Бастысы, инвестицияның сапасы артты. Екі ел арасындағы шикізаттық, өнеркәсіптік және технологиялық бағыттар негізінде әріптестікті нығайту жөнінде үкіметаралық келісімшарт жасалды. Германия бұған дейін дәл осындай құжатты тек Моңғолия және Чили елдерімен ғана бекіткен. Осының өзі көп жайды аңғартса керек.

Аталған құжат неміс компанияларының елдегі шикізат ресурстарына қолжетімділігін қарастырады. Нақтырақ айтсақ, олар шикізат ресурстарын игереді. Оның орнына жоғары технологиялар мен инновацияларды ұсынады.

Немістің шикізат агенттігі екі жыл бойы қазақстандық кен орындарына зерттеу жүргізді. Агенттік 2015 жылы арнайы каталогты да жарыққа шығарды. Ол неміс фирмаларының ішінде кең таралды.

Кейбір компаниялар нақты жобаларды жүзеге асыруды бастап та кетті. Атап айтқанда, "Ульмус Фондс" фирмасы Қарағанды облысында асыл және түсті металдарды барлау жобасын қолға алды. "Квеста Капитал" концернінің еншілес құрылымы - "Аурум Дойчланд АГ" компаниясы алтын, вольфрам, молибден кен орындарын зерттеумен айналысуда. Сондай-ақ, аталмыш компания Жамбыл облысында алтын өндіретін зауыт салмақшы. 2016 жылы "Интернэшнл Корпорейшн оф Металл энд Эллой Девелопмент Холдинг ГмбХ" компаниясы Қызылорда облысында ферроқорытпа зауытының құрылысы туралы келісімді бекітті.

Германия президентінің Астанаға жасаған жұмыс сапары барысында "Ульмус Фондс" компаниясы "Қазгеология" АҚ-мен келісімге қол қойды. Келісімге сәйкес, неміс компаниясы Қарағанды облысынан мыс кен орындарын іздемек. Осылайша, Қазақстанда алғашқы стационарлы неміс зертханасы құрылады. Айтуларынша, бұл келісімнің берері мол.

– Германиядағы қазақ диаспорасының жағдайы қалай?

– Қазір Германиядағы қазақ диаспорасының саны 1 мың адамға жетіп отыр. Негізінен отандастарымыз Кельн, Мюнхен және Берлин қалаларында көптеп шоғырланған. Олар өткен ғасырдың 50-60 жылдарында еңбек мигранттары ретінде Түркиядан келіп, қоныстанған. Бүгінде қазақтардың арасынан дәрігерлер, инженерлер, заңгерлер мен басқа да саланың білікті мамандары шығуда.

Бұл ретте, біздің ел тарихи Отанына қайтып келуге ниетті жандарға жан-жақты қолдау көрсетуде. Оларға үш жылдық тегін виза беріледі. Кейбірі балаларын Қазақстанда білім алуға жібереді.

– Кезінде Қазақстанда тұрып, кейін тарихи отанына қоныс аударған неміс ұлтының өкілдері туралы сұрақ қоюдың реті келіп тұр. Олармен байланыс орнатылған ба?

– Қазақстанда тұратын немістер мен тарихи отанына қоныс аударған отандастарымыз – екі ел арасындағы берекелі байланыстың алтын көпірі.

Германияның ішкі істер органының мәліметінше, Қазақстаннан Германияға шамамен 1 млн этникалық неміс қоныс аударған.

Олардың арасында Германияда қоғамдық-саяси бағытта жетістікке жеткендер де бар. Мәселен, ең соңғы болып жер аударылғандардың ішінен Қазақстанның тумасы Хайнрих Цертик бундеслиганың депутаты болып сайланды.

Қазақстанға қайта оралғысы келетіндер де жоқ емес. Жыл басынан бері 80 неміс азаматы біздің елді тұрақты мекен ету үшін виза алған.

Қазақстаннан көшіп келген немістерің қоғамдық бірлестігі біздің елшілікпен тығыз байланыста. Ұйымдастырған шараларымызға үнемі қатысып тұрады. Сондай-ақ, Қазақстан неміс азаматтарының мәселелерін реттеу бойынша үкіметаралық комиссия құрылды. Комиссия неміс диаспорасын, оның дәстүрі мен тілін қолдайды. Комиссияның кезекті отырысы Германия президентінің Қазақстан жасаған жұмыс сапары аясында Астана қаласында ұйымдастырылды.

Еркебұлан Қыздарбек, Күлпәш Қоңырова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу