Бір тостағы ағзаға қажетті колорияны беретін түйе шұбаты қымбаттап барады. Бұл күнде шұбатты іздеп таппайсыз. Есесіне алыпсатарлар су қосып, қымырынды шұбатқа балап, қымбат бағаға сатып жүр. Литрі 500-600 теңгеден аспаған шұбаттың құны карантин басталғалы күрт өсті. Бүгінде кейбір сауда нүктелерінде тұрғындар литрін кемі 1000-1200 теңгеге алып жатыр. Осыған орай біз шұбат бағасын бақылап көрдік.
Дәруменге бай шұбатты індетке шалдыққан науқастар алатыны сөзсіз. Әлсіреген ағзаға сеп болар сусын оның тез оңалып кетуіне ерекше әсер етеді. Өйткені құрамында май, ақуыз, минералды заттар мол. Түрлі вирусқа қарсы тұратын қасиетін әлем мойындап та қойған. Бірақ қымбат бағаны көтере алмаған тұрғындар "шұбат алуға шамамыз келмей қалды" деп жатыр.
"Шұбат бағасы тез көтеріліп кетті ғой. Ішкіміз келеді, бірақ қалта көтермейді. Еттің бағасына жақындап қалды. Үлкен кісілерге, зейнеткерлерге қиын, ала алмай жатыр", – дейді қала тұрғыны Жадыра Қайырбекова.
Сәуле Сейдахметова аптасына екі рет Абай ауылынан Қызылордаға шұбат әкеліп, оны "Айт-бек" базарының сатушыларына бірнеше жылдан бері сатып келеді. "Шұбатты 800 теңгеден өткізіп жүрмін" деген Сәуле тек 10-15 литр ғана әкелетінін айтады. Осындай бағаға, аты-жөнін атағысы келмеген Бесарық ауылының тұрғыны да клиенттеріне тікелей әкеліп береді екен.
Қала тұрғыны Бейсенкүл Абдуллаева бірнеше жылдан бері ауылдан шұбат алдыратынын айтады. Су қосылмаған қою шұбатты 5 литрлік құтымен аптасына бір рет алады екен.
"Бағасы 3 мың теңге. Яғни литрін 600 теңгеден алып отырмын. Олар тұрақты тұтынушыларына жеткізіп береді. Бағаны көтеру туралы әңгіме болған емес", – дейді тұрғын.
Біз бірнеше ашық базарды аралап шыққан соң, шұбат бағасының 1200 теңгеден кем емес екенін, тек "Ақ-барыс" дүкенінде ғана 1000 теңгеден сатылатын білдік. Дүкен сатушысы сүт өнімдері Жалағаш ауданынан аптасына екі рет жеткізілетінін айтты.
"Кейде баға төмен, кейде жоғары болады. Шұбатты 1200-1300 теңгеге көтеру, тұрғындарды тонау. Өйткені халық қиын күндерді бастан кешуде", –дейді сатушы Ақзира.
Түйе біздің өңірдің табиғатына сай түлік. Оны он екі ай қорада ұстамайсыз. Сондықтан түйе күйісін (өз тамағын) шөлді жерде жүрсе де табады. Ал оның сүтіне бола табын иелері қорада ұстап, жем-шөппен қоректендіріп отырмайды.
"Алыпсатарлар жағдайды пайдаланып, бағаны көтеріп отыр", – дейді Арал ауданы "Құланды" ЖШС директорының орынбасары Серік Диханов.
"Азық-түлік, жем-шөп бағасы қымбаттаса да, фермер бұрынғы бағада сатуға мәжбүр. Себебі тауар тұрып қалмау керек, жаңа өнімді сату да тиімді. Біздің зауытта 2 500 бас түйе мен жылқы бар. Біз шұбатты стерильді жағдайда өндіреміз. Оның өз бағасы литрі үшін 400 теңге, оны біз 500 теңгеден сатамыз. Ал көшедегі саудагерлер оған өз бағасын қояды", – дейді кәсіпкер.
Жаңақорған ауданындағы "Бақытжан" ЖШС 10 мыңнан астам жылқы, түйе, қой мен сиыр бар. Серіктестік директоры Әлібек Нәлібаев: "Шұбат бағасы бізде литрі үшін 700 теңге, бағаны тұрақты ұстап тұрмыз", – дейді.
"Шұбаттың бағасы көтерілетіндей жем-шөп бағасы қымбаттаған жоқ. Жылқыны жемге байласа күйлі болатынына, жақсы сүт беретініне келісемін. Ал түйелерге жазда қосымша азықтың қажеті де жоқ. Қазір бидай көтерме саудада бір келісі 80 теңгеден, ал жоңышқа 400 теңгеден сатылып жатыр", – деді Ә.Нәлібаев.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының азық-түлік қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Ерхан Ағыбаев мемлекет кәсіпкерлер қойған бағаға әсер ете алмайтынын айтты.
"Шұбат әлеуметтік азық-түлік тізіміне кірмегесін оған шекті баға енгізілмейді. 2016 жылдан бастап елімізде шекті баға белгілеу тетігі жоқ. Ал 15 күнге шекті баға белгілеу үшін нормативтік актілерді 45 күн күту керек", – деді бөлім басшысы.
Нұрбек Дәуренбеков