Осы аптада Астанаға қысқа мерзімдік жұмыс сапарымен Швейцарияның сыртқы істер федералды департаментінің басшысы (министр) Дидье Буркхальтер ұшып келді.
Бұл адамға осынша шұқшиымыз жай емес. Оның саяси сахнада жүргеніне 30 жылдан асты. Жасы 53-ке келгенде Дидье Буркхалтердің мойнына қос бірдей жауапкершілік жүгі сылқ ете қалғаны бар: ол Швейцария президенті әрі ЕҚЫҰ-ның төрағасы атанды.
"Менің бүгінгі Қазақстанға сапарым үш мақсатты көздейді. Біріншісі – Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін тамашалау. Швейцария павильонының ашылу салтанатына қатысу, өзге елдердің, дәлірек айтсақ Орталық Азия елдерінің павильондарындағы инновациялармен танысу", – деді Буркхальтер мырза abctv.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында.
Екінші мақсат – Швейцарияның Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару жөніндегі идеясын тарату. Жоғары лауазымды қонақ "Орталық Азиядағы су әлемі: 2030 жылға міндет – су қауіпсіздігі және өзара тиімді өсім" тақырбында өткен үшінші халықаралық конференцясына қатысты. Аталған шараға Еуропа мен Азия елдерінің жетекші сарапшылары шақырылды.
Еске сала кетсек, бұған дейінгі су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі конференциялар Швейцария мен Орталық Азия елдерінің қатысуымен 2014 жылдың қараша айында Базельде және 2016 жылдың қыркүйегінде Алматыда өткен болатын.
"Еуропаның өзен-сулары Швейцариядан бастау алатындықтан, су ресурстарын көрші Германия және Франциямен бірлесіп пайдалануда көп тәжірибе жинақтадық. Біз осы үдерісті талдамақпыз, саяси диалогты жандандырып, аймақтарыңыздағы су мәселелерін шешуде көмек көрсетуге дайынбыз", – деп баса айтты Швейцарияның сыртқы саяси мекемесінің басшысы.
Сапардың соңғы, үшінші мақсаты – Қазақстандағы әріптесі Қайрат Әбдірахмановпен кездесіп, өзара ынтымақтастықтың болашағын талқылау. Қазақстаның Швейцариядан үйренері көп, әсіресе экономиканы жаңғыртудың үшінші толқынында бұл мәселе біз үшін өте маңызды.
Швейцария осымен жетінші жыл қатарынан инновация саласындағы жаһандық рейтингті бастап тұр, оның құрамында 130 ел бар. Беделді сарапшылардың пікірінше, бүгінгі күні "инновациялар ғана ұзақмерзімді экономикалық өрлеуге жеткізетін құрал бола алады".
Ел жетінші жыл қатарынан рейтингтің алдын бермей келе жатқанның сыры неде деген сұрағымызға Дидье Буркхальтер мәселенің барлығы адами ресурстарға келіп тірелетінін айтты.
"Біздің табысымыздың сыры қарапайым: біз шағын, ресурстарға кедей мемлекет болғандықтан, жер бедері пайдалы қазбаларды толық деңгейде пайдалануға мүмкіндік бермейді, біз ғылыми-техникалық саланың барлық инновациясы мен жаңалықтарын барынша тиімді пайдалануға тырысамыз", – деді Дидье Буркхальтер.
Ол ел билігі Швейцария жұртына алғыс білдіруі керек екенін мойындады.
"Біздің асқан ойшылдарымыз жаңашыл идеяларын ұсынады. Біз болашақ туралы қиялдап қана қоймай, оны шындық өмірде жүзеге асыру үшін осымен төртінші жыл қатарынан жаңа бастамаларға қолдау көрсетіп келеміз. Климаттың өзгеруі және ресурстардың тапшылығы мәселесі бүгінгі күні өте өзекті болып тұр және барлығы осы мәселемен айналысатын адамдардың қосқан үлесіне байланысты", – деді ол.
Саясат мәселесі де әңгімеден тыс қалмады, нақтырық айтсақ, Дидье Буркхальтер бір ғана жылға созылған президенттік мерзімі қалай өткендігі туралы әңгімеледі.
"Менің президенттік мерзімім қысқа болды, бар-жоғы бір жылға созылды. Бұл арнайы және терең ойластырылған институционалдық шешім болып табылады, ол билікке келген адамнан барынша тиімді жұмыс істеуін талап етеді. Біздегі президенттік сайлау жүйесі сәл өзгешеленеді, президент болған адам бұл орынның уақытша екенін түсініп, қысқа ғана мерзімде елдің басындағы қиындықтарды шешуге барынша күш салуға тырысады", – деп түсіндірді Дидье Буркхальтер. – Мен үшін бұл екі есе қиын кезең болды, себебі ел президенті бола тұра мен ЕҚЫҰ-ның Еуропадағы өкілдігін басқардым. Бұл қызығы мен қиындығы қатар жүрген кез болды, себебі мен Еуропа елдерінің алдында тұрған проблемалар мен сын-тегеуріндерді талқылауда өзге ел президенттеріне сөзім жүрді".
Әйгерім Сүлейменова, Күлпаш Қоңырова