Шығыста аэроұтқыр құтқару топтары сеңмен ілесіп жүр

Оларға кептеліс пайда болған жағдайда дереу әрекет ету жүктелген.

Шығыста аэроұтқыр құтқару топтары сеңмен ілесіп жүр

28 наурыз күні Бесқарағай ауылы жер астынан шыққан судың тұтқынына түскен болатын. Содан бері 3 үй мен 29 аула су ортасында тұр. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Александр Ломыгин БАҚ өкілдерімен өткен брифингте аталмыш ауылда 17 моторлы сорғы, 10 техника, 67 адам жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Бүгінге дейін 400 мың текше метр су сорылған. Алайда жер астынан толассыз шығып жатқан судың қайтатын түрі жоқ.

"Су алған 3 үй мен 29 ауланың жағдайы сол күйі, өзгеріссіз", – дейді департамент өкілі.

Сәуір-маусым аралығында тау өзендерінің қаһарына мінетін әдеті бар. Сондықтан төтенше жағдай мамандары Күршім, Алтай, Катонқарағай аудандарындағы жағдайды жіті бақылауға алған.

"Азаматтық қорғаныс күштері түгелдей жоғары дайындық режіміне көшті. Барлық аудандарда жедел штабты аудан әкімдері басқарып отыр. Өңір бойынша 385 қауіпсіз орын дайындалды. 5 ауданда 20 мәрте мұз жару жұмыстарын жүргіздік. Ең бастысы, барлық гидротехникалық нысандар қалыпқа сай жұмыс істеп тұр. Ал Шығыс өңірлік аэроұтқыр құтқару жасағының екі тобы Катонқарағай ауданының Сенное ауылында, Бесқарағай ауданының Кривинка ауылында сең ағынымен бірге ілесіп жүр. Олардың міндеті – кептеліс пайда болған жағдайда дереу әрекет ету" - дейді Александр Ломыгин.

Департамент өкілінің айтуынша, барлық гидронынсандарда тәулік бойы кезекшілік қойылған. Ал Өскеменде мәліметтерді өңдеп, шұғыл әрекет ету үшін дағдарыс орталығы жұмыс істеп тұр.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу