"Темекі өнімдерін сәйкестендіру құралдарымен таңбалау және қадағалау қағидаларын бекіту туралы" Қаржы министрінің 2020 жылғы 28 қыркүйектегі №927 бұйрығына өзгерістер енгізілді. Қаржы министрі Мәди Тәкиев осыны қарастыратын №481 бұйрығына 2024 жылғы 24 шілдеде қол қойды. Жаңа бұйрық биылғы 10 тамызда күшіне енеді.
Құжат темекі бұйымдарын Қазақстан аумағына әкелу туралы хабарламаны ресімдеу және айналымға енгізу кезінде тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесіне мәліметтерді ұсыну тәртібін бекітті.
"Оператор ТТҚ ақпараттық жүйесінде қабылдау актісін тіркеу нәтижелері бойынша нақты уақыт режимінде Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелеріне осы қабылдау актісі бойынша мәліметтерді, оның ішінде берілетін тауардың саны және құны бойынша ақпаратты береді", – делінген бұйрықта.
Онда анықталған алшақтықтар туралы хабарламаның мазмұны да регламенттелді.
Жалпы, темекіні, тері бұйымдарын, аяқ киімдерді, дәрі-дәрмекті және басқа өнімдерді таңбалау және қадағалау ісін осылай жетілдіру арқылы шенеуніктер одан енді бас тартпайтынын аңғартуда. Мәжіліске жолдаған хатында Үкімет басшысы Олжас Бектенов өнімдерді таңбалауды (маркировка) – көлеңкелі экономиканы азайтудың, салықтың жиналуын арттырудың бір құралы ретінде қарастырып отырғандарын мәлімдеді.
Сондықтан Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында таңбалау – пәрменді механизмдердің бірі ретінде анықталды. Ең бастысы, таңбалауды – Еуразиялық одақ нарығын толық бақылауына алып, ен жайлауға ұмтылған өңір лидері Мәскеу талап етіп отыр.
"Еуразиялық экономикалық одақтың аясында Қазақстан тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау және қадағалау жөнінде халықаралық міндеттеме алды. ЕАЭО тиісті келісімінде одаққа мүше мемлекеттердің Еуразиялық одақ аясында тауарлардың заңды айналымын қамтамасыз етуге, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және оларды жаңылыстыратын іс-әрекеттердің алдын алуға деген тілегі бекітілген. Сондықтан бүгінде елімізде тауарлардың әртүрлі топтарын таңбалауды кезең-кезеңмен енгізу жүзеге асырылып жатыр", – деді Премьер-министр.
Қазақстанда тері бұйымдарын таңбалау – 2018 жылғы 11 қаңтарда, темекі өнімдерін – 2020 жылғы 1 қазанда, аяқ киімдерді – 2021 жылғы 1 қарашада, барлық дәрі-дәрмекті – 2024 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілді. Үкімет басшысы жетістік бар деп отыр.
"Мысалы, темекі бұйымдарын міндетті таңбалауды енгізу нәтижесінде темекі өнімдерінің барлық түрі бойынша акциз салықтарының түсу көлемі 46,8%-ға өсті. Акциз 2019 жылғы 191,5 миллиард теңгеден 2023 жыл қорытындысында 281,1 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. 2022–2023 жылдары жалпы сомасы 12 миллиард теңгеден астам заңсыз темекі өнімдері әшкереленді. Елімізге импортталатын аяқ киім өнімдерінен түсетін қосылған құн салығы мен кедендік баж 2021 жылғы 7,8 миллиард теңгеден 2023 жылы 32 миллиард теңгеге дейін, яғни, 4 еседен аса артты. Сондай-ақ отандық аяқ киім өндірісі 20%-ға – 2021 жылғы 1,5 миллион жұптан 2023 жылы 1,8 миллион жұпқа дейін көбейді", – деді Олжас Бектенов.
Ол таңбалау және тауарлардың қозғалысын қадағалау жүйесі шағын және орта бизнеске ешқандай қосымша ауыртпалық түсірмейтінін жеткізді. Алайда өз хатында "егер шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі – тауар өндіруші болса, онда одан әрбір бірлік тауарына таңбалау кодын түсіретін арнайы жабдықты сатып алу талап етілетінін" ескертті.
Бұған қоса, қолданыстағы тетік тауарларды өндірушілерден де, импорттаушылардан да таңбалау бойынша төлемдерді төлеуді талап етеді.
Сарапшылар таңбалау жабдықтарының және басқасының негізінен Ресейден тасылатынын айтып жүр. Қазақстан болса, сол жабдықтардың шетелдік өндірісін бюджеттен қолдап келеді. Мысалы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Е.Дауылбаевтың 2022 жылғы 15 маусымдағы №342 бұйрығымен "Отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету қағидалары" бекітілді.
Онда аяқ киім өнімін таңбалауға арналған бағдарламалық қамтылымды қоса алғанда, сәйкестендіру, таңбалау құрал-жабдықтарын, таңбалау кодтарын сатып алуға байланысты кәсіпкерлік субъектілерінің 10 000 АЕК (2024 жылы 36 920 000 теңгеге дейінгі) шығындарын бюджеттен өтеу қарастырылған.
Премьердің айтуынша, қазіргі кезде ұқсас қолдау шараларын дәрілік құралдар өндірушілеріне де көрсету мәселесі пысықталуда.
Жалпы, Үкімет таңбалау тәжірибесін басқа да көптеген тауарларға таратуға ниетті. Мысалы, арақ-шарап, сыра сияқты өнімдерді таңбалау қолға алынуда.
"Қазіргі кезде елімізде алкогольдік өнімдер тек есептік-бақылау маркаларымен ғана таңбаланады. Бұл ретте ол өнімдердің әрбір данасының қозғалысын қадағалау жолға қойылмаған. Сондықтан бүгінде Қаржы министрлігі енді алкоголь өнімдерін де таңбалаудың пилоттық жобасын жүргізуді пысықтап жатыр. Бұған қоса, Қаржы министрі таңбалаудың бірыңғай операторы – "Қазақтелекоммен" бірлесіп, 2024 жылғы ақпанда сыра өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жобаны іске қосты", – деді Олжас Бектенов.
Бизнес сүт өнімдерін таңбалаудың пилоттық жобасының енгізілуі кесірінен елімізде халық үшін маңызды бұл өнімдер 39%-ға қымбаттап шыға келгенін алға тартады. Аяқ киім дүкендерінің мәліметінше, таңбалау енгізілгелі аяқ киімдер 25% қымбаттаған. Биылғы 1 шілдеде барлық медикаментті міндетті таңбалау басталды. Дәріханалар дәрі-дәрмек бағасының жоғарылауы 30%-ға дейін жетеді деп күтуде.
Үкімет басшысы бұл байламдармен келіспейді. Бектеновтың мәліметінше, сүт өндірушілердің жалпы шығынында таңбалаумен байланысты шығындарының үлесі:
• Ірі өндірушілерде – 2,5-тен 5,8%-ды,
• Орта кәсіпорындарда – 1-ден 3,2%-ды,
• Ұсақ кәсіпкерлерде – 0,4-тен 2%-ды құрапты.
Дегенмен, Премьер тек 1 ғана желінің жабдықтарын сатып алу шығындары 9,2 миллион теңгеге дейін жететінін жасырмады.
Үкімет басшысының дерегінше, Қазақстанда тауарларды міндетті таңбалау енгізілгелі бері, 2024 жылғы мамырдағы жағдай бойынша жалпы саны 4,4 миллиард – темекі өнімдері, 102 миллион жұп – аяқ киім, 13 миллион – дәрі-дәрмек таңбаланыпты.
Еуразиялық одақтың өзге елдері енжарлық танытып, артын бағып отырғанда, таңбалау ісінде аққұла Қазақстанның Мәскеумен бірге әсіре белсенділік танытуын Мәжіліс депутаттары да құптамайды.
Мәжіліс депутаты Асқар Садықовтың айтуынша, біріншіден, таңбалау – шағын және орта бизнеске қосымша қаржылық жүктеме болып отыр. Олар тиісті жабдықтарды сатып алуға, қосымша есеп-қисаптар жүргізуге, осы үшін қосымша білікті қызметкерлері қымбат жалдауға мәжбүр.
"Екіншіден, таңбалау міндетті төлем төлеуді талап етеді. Ал, бұл – салық салудың тағы бір түрі, ондайға жол берілмейтінін Президент Тоқаевтың өзі айтқаны мәлім. Сорақысы сол, бұл жасырын салық мемлекеттің бюджетіне бағытталмайды, "Қазақтелекомның" еншілес кәсіпорны саналатын жеке коммерциялық компанияның – ЖШС-ның қалтасына түседі. Іс жүзінде екінші "Оператор РОП" құрып алған. Бұл аз болғандай, "рәсімді жеңілдету үшін" деген сылтаумен отандық кәсіпорындарды сол ЖШС жанынан құрылған әлдебір "қауымдастыққа" мүше болуға мәжбүрлейді, мүшелік тегін емес, міндетті жарна төлеулері тиіс", – деді мәжілісмен Асқар Садықов.
Ол Үкіметтің таңбалауды халық кең тұтынатын басқа да тауарларға таратуды жоспарлап қойғанына назар аудартты.
"Мұндай жағдайда көптеген шағын кәсіпорындар банкрот болып, жабылып тынады. Ірі желілердің, негізінен ресейлік ірі компаниялардың отандық нарықты жаулауы жүріп жатыр. Отандық шағын бизнес болса, өркениетті сауда орындарынан базарларға ығыстырылып тасталады. Салдарынан, таңбалау көлеңкелі нарықты жоймайды, керісінше, ұлғайтады. Бірінші кезекте қажетті тауарларды бұқараға қолжетімсіз етеді. Сондықтан "Ақ жол" фракциясы Үкіметті аталған ресейлік құралды енгізудің орындылығын тексеруге шақырады", – делінген депутаттық сауалда.
Үкімет депутаттардың бұл ұсынысын құптамады және таңбалауды белсенді жүзеге асыруға құлшынуда.