Шымкент әкімдігінің корпорациясы аста-төк сыйақы алды

4648

Квазимемсектор ұйымының басшысы журналистерді алдаған ба?  

Шымкент әкімдігінің корпорациясы аста-төк сыйақы алды

Мемлекетке тікелей және жанама бағынатын кәсіпорындарды жайлаған былықтар Мемлекет басшысын да мазалайтын болса керек. Өйткені 15 қаңтар күні VII шақырылымдағы Парламенттің І сессиясын ашқан ел Президенті Қ.Тоқаев осы салада реформа басталатынын жариялады.

Атап айтқанда, квазимемлекеттік сектор оңтайландырылады, оның "миссиясы, рөлі және фунциясы қайта қаралады". Мұның нені білдіретіні қаңтар соңына қарай анықтала жатар. Қайткенде, аталған сала ежелгі грек аңыздарында айтылатындай, замандар бойы тазаланбай бықсыған Авгийдің ат қорасын көзге елестететіні жасырын емес.

Мысалы, қазіргі кезде журналистер өңірлік ұлттық компания – Shymkent әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қатысты түйткілдің байыбына баруға тырысуда. Әріптесім, белгілі журналист Кирилл Павловтың айтуынша, осы акционерлік қоғамның бірінші басшысы ақпарат құралдары өкілдеріне мәлімдеме жасап, "2020 жылы ӘКК-те ешкім де ешқандай бонустар мен сыйақылар алмайтынына" сендіріпті.

Бұл әділетті болар еді. Себебі, пандемия, дағдарыс және қазақстандық экономиканың рецессиясы жағдайында квазимемсектордағылардың зор жалақыға қоса қыруар сыйақы алуы орынсыз көрінеді.

"Алайда Шымкент әкімдігінің еншілес ұйымы саналатын "Shymkent" ӘКК" АҚ басшылығы 2019 жылы салық төлеушілер қалтасынан өз қалталарына 31 миллион теңгеден астам бонус аударғаны анықталды. Мұны растайтын құжаттар бар. Бұған қоса, әлгі мәлімдемеге қарамастан, Shymkent ӘКК-нің қызметкерлері 2020 жылы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай және жыл қорытындысы бойынша мол сыйақы төлемдерін алғаны белгілі болды. Осы корпорация басшысы Бауыржан Канкин журналистерді суқаны сүймейді, ұрысып, ұрынуға бейім тұрады. Ол өз командасымен бірге салық төлеушілердің ақшасына шалқып жүргенін ұмыта береді", – деп кейіді журналист.

Сондықтан ақпарат құралдарының өкілдері Шымкент әкімдігіне талап қойды: жұртшылық бұл корпорация қызметкерлерінің 2020 жылы ай сайын қанша табыс тапқанын, оларға қанша үстемеақы, сыйақы, сыйлықақы-премия, еңбекақы, бонус, демалыс төлемі, материалдық көмек, іссапар және басқа да төлем түрлері төлгенін білуі керек. Өйткені бұл жекеменшік емес, мемлекет қойнындағы кәсіпорын. Демек, билік бұл ақпаратты халыққа ашық жариялауға тиісті.

Сонымен қатар журналистерді "Shymkent" ӘКК басшыларының 2019 жылы 31 миллион теңгеден астам бонусты не үшін, қандай ерен еңбегі үшін алғаны алаңдатады.

"Неге біз, салық төлеушілер әкімдіктің осы еркетотайын ұстап тұруға тиіспіз? Олар ең төменгі жалақыдан да аз алатын қарапайым бұқара өкілдерінен несімен ерекшеленеді?" – дейді Кирилл Павлов.

Әкім сонда не деді?

Журналистер көтерген мәселеге әр пункт бойынша түсініктеме берген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бірден бір мәселенің басын ашты: ӘКК-ті салық төлеушілер емес асырап отырған...

"Неге біз, салық төлеушілер, қайдағы бір квазимемлекеттік сектор қызметшілерін ұстап тұруға тиіспіз?" деген сұраққа жауап берейін. "Shymkent" ӘКК" АҚ өз бетінше табыс табады және жыл сайынғы бюджетін өзінің қаржылық-шаруашылық қызметі есебінен қалыптастырады", – деді ол.

Екінші мәселе – 31 миллион теңге бонусқа қатысты. Сома одан әлдеқайда көп болып шықты. Тек атауы "бонус" емес.

"Мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталында 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңді қамтитын аудиттік қаржылық есеп орналастырылды. Сонда "Өзара байланысты тараптар туралы ақпаратты жария ету" тармағына сәйкес, "Shymkent" ӘКК-тің басты басқарушылық персоналына 2019 жылы төленген сыйақы (вознаграждение) 42 миллион 514 мың теңгені құрады. Бұл бонус емес, сыйақы. Ол әкімшілік шығысқа жатқызылды. Яғни, 2019 жыл үдерінде аталған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшылығы бонус, яғни қандай да бір ақшалай емес жеңілдік немесе сыйлықақылық төлемдер (премиальные выплаты) алған жоқ", – деді әкім. 

Үшінші мәселе – 16 желтоқсан қарсаңында және 2020 жыл қорытындысында төленген сыйлықақылық төлемдерге қатысты.

"Әрине, осы акционерлік қоғамның 2020 жылғы табыстылығына алдын ала талдау жүргізе келе, сондай-ақ ұлттық және мемлекеттік мерекелер құрметіне қызметкерлерге айлықақыларының 50%-ы көлемінде ақшалай төлемдер берілген. Бұл "Shymkent" АҚ-тың ішкі нормативтік құжатында белгіленген. "Акционерлік қоғамдар туралы" заңына сәйкес, жылдың оң қорытындылары бойынша сыйлықақылық төлемдер директорлар кеңесінің шешімімен және жалғыз акционердің (әкімдік) бекітуімен төленеді", – деді шымқала басшысы.

Тағы бір мәселе – квазимемлекеттік сектор ұйымы қызметкерлерінің табысын халыққа жариялау. Себебі, бұған дейін біраз әкімдер, министрлер және депутаттар қанша алатынын жария еткені мәлім.

Дегенмен, Шымкент қаласы әкімдігінің дерегінше, Кәсіпкерлік кодекстің 28-бабы бойынша журналистер сұратып отырған бұл ақпарат, яғни төлем ведомостінің немесе есептесу парақтарының көшірмесі – коммерциялық құпияға жатады және сырт көзден қорғалады. Өйткені "Shymkent" АҚ қызметкерлері – әкім не министр секілді мемлекеттік қызметші емес. Табысын жарияламайды.

Сонымен бірге үшінші мегаполистің басшысы "Shymkent" ӘКК" АҚ-ның 2018 жылы ел қаржысына құрылғанын және сол жылы оның операциялық шығыстарына бюджеттен қаражат шығындалғанын жасырып жатпады.

Бүгінде "Shymkent" ӘКК" "Нұрлы жер" және "7-20-25" мембағдарламалары аясында шымқалада 48 көпқабатты үй салуда.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу