Жекешелендірудің жоспарына сәйкес, Шымкент әуежайы жекешелендірілуі керек. Дәлірек айтсақ, стратегиялық нысан сатып алу құқығымен 10 жылға бәсекелестік ортаға беріледі. 8 қазанда алғашқы тендер өтті. Алайда бір ғана өтінім түскендіктен, конкурс өткізілген жоқ деп танылды. Енді көп ұзамай екінші тендер жарияланады. Жалпы конкурсты үш мәрте өткізуге болады. Мемлекеттік меншікті сенімді басқаруға беру ережесінде дәл осындай норма қарастырылған. Егер үшеуінде де қатысушылардың толық болмауына байланысты тендер өткізілмеді деп танылса, нысан конкурстан алынады. Сондай-ақ конкурс электронды түрде өтетіндіктен, қатысушылардың отандық немесе шетелдік екенін алдын-ала ешкім білмейді. Негізі шетелдік инвесторлардың да қатысуына мүмкіндік берілген.
Өткен аптада Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов осы мәселеге қатысты депутаттық сауал жолдады. Халық қалаулысы мұндай стратегиялық нысанға қатысты асығыс шешім қабылдауға болмайды дейді. Айтуынша, әуежайға қатысты тендерге өтінім қабылдауға үш апта ғана берілген.
"Мұндай қысқа уақытта әлеуетті инвесторлардың бәрі бірдей өтініш беріп үлгермейді. Мәселен, осыған қатысты Air Astana компаниясы наразылық білдірді. Тендерді ың-шыңсыз әрі жылдам ұйымдастыру әлдекімдерге тиімді ме деген ой қалыптасады. Тағы бір таңғаларлығы, конкурсқа жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер де қатыса алады екен. Жеке тұлға қалайша үлкен әуежайды басқармақ? Бұл жағдай қала әуежайының болашақтағы әлеуетіне деген сенімсіздікті қалыптастырады. Сарапшылардың бағалауынша, 5,2 млрд теңге көлеміндегі бастапқы баға мұндай нысан үшін төмендетіліп көрсетілуі де мүмкін. Біріншіден, нысанның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, Шымкент әуежайын сатып алу құқығымен сенімді басқаруға беру тендеріне өтінімдерді қабылдау мерзімін ұзартуды сұраймын. Бұл конкурсқа біліктілігі жоғары ойыншылардың көптеп қатысуына жол ашады. Екіншіден, әлеуетті қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарын қайта қарау қажет. Олар әуежайды тиімді басқаруға қабілетті екенін растауы керек. Үшіншіден, нысанның бастапқы құнына тәуелсіз бағалау жүргізу қажет", – делінген Аманжан Жамаловтың депутаттық сауалында.
Жаңа басқарушы әуежайдың жері мен ғимаратынан бөлек, 80-нен астам автокөлікке қол жеткізбек. Олардың қатарында үш Toyota Corolla, екі Toyota Land Cruises 200 және бір Land Rover Discovery секілді көлік түрлері бар. Талаптарға сәйкес, әуежайдың жаңа басқарушысы нысанның қызмет профилін сақтауы керек және оны дамытуға 6 млрд теңге инвестиция салуы шарт.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, елімізде 20 әуежай жұмыс істейді. Оның 12-сі мемлекет меншігінде. Олар – Нұр-Сұлтан, Атырау, Ақтөбе, Көкшетау, Павлодар, Өскемен, Семей, Қостанай, Талдықорған, Қызылорда, Шымкент, Петропавл әуежайлары. Алдағы конкурстар ойдағыдай өткізілсе, бұл тізімнен Шымкент әуежайы алынады. 7 әуежай (Алматы, Боралдай, Қарағанды, Тараз, Орал, Балқаш және Жезқазған) жекеменшікке өткен. Ақтау әуежайы сенімді басқаруға берілген. 17 әуежай халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) стандарттарына сай халықаралық рейстерге қызмет көрсете алады.
Санжар Беркінбай