Шымкент қаласы мегаполиске айналуға қаншалықты лайық?

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
6858

Елімізде әрбір төртінші нәресте Оңтүстік Қазақстан облысында туылады.

Шымкент қаласы мегаполиске айналуға қаншалықты лайық?

Шымкент шаһары алдағы 2-3 жылда еліміздегі үшінші мегаполиске айналары сөзсіз. Өйткені мұнда тұрғындар саны жыл санап артып келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Шымкент қаласында 902 мың адам түтін түтетіп отыр екен. Байқасаңыз, халық өсімінің қарқыны жаман емес. Әрбір төртінші нәресте еліміздің демографиясына сүбелі үлес қосып отырған осы өңірде туылады екен. Бұл – жалпы ел тұрғындарының 17%-ы осында тіршілік кешіп жатыр деген сөз. Қуанарлық әрі құптарлық-ақ жағдай.

Алайда Шымкент қаласы млн тұрғыны бар мегаполиске айналуға қаншалықты лайық, қаншалықты дайын? Шым шаһардың инфрақұрылымдық-инженерлік салалардағы даму үдерісі көңіл көншіте ме? Біз бұл жолы осы сауалдарға жауап іздеуге тырыстық.

Өткенге көз жүгіртсек, 1991 жылы Шымкентте халық саны небәрі 400 мыңға әзер жеткен екен. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін қаладағы бірқатар ірі алпауыт зауыт тоқтап, тоқырауға ұшарағаны да жасырын емес. Тіпті қалада жаппай жұмыссыздық белең алып, жалақыны айлап кешіктіру үдерісі үдей түсті. Көпқабатты тұрғын үйлер газ, су, жылу секілді коммуналдық қажеттіліктерден түгел ажырап қалды. Қала тұрғындары аулаларда от жағып, қазан көтеруге көшті. Қазір оның бәрі артта қалды.

"Шымкент қаласының аумағы бүгінде 13 мың га-дан 117 мың га-ға ұлғайды. Қала бюджеті 1994 жылы 1 млрд теңге болса, бүгінгі күні 110 млрд теңгеден асып отыр. Сондай-ақ қала экономикасына салынған инвестиция 459 млн теңге болса, қазіргі уақытта 200 млрд теңгеден асты. Бөлшек сауда көлемі 1 млрд теңгеден 238 млрд теңгеге жетіп отыр", – дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Қаланың дамуы бірнеше фактордан тұратыны айқын. Нақтырақ айтсақ, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі дамымаса, шаһарды ұстап тұру өте қиын. Биылдың өзінде Шымкент қаласында 20 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліпті. Ал қаладағы өнеркәсіп кәсіпорындары 4,9 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш 1991 жылмен салыстырғанда 54 есе өсіп, 265 млрд теңгеден асқан.

Тағы бір маңызды саланың бірі – тұрғын үй құрылысы екені сөзсіз. 900 мыңнан астам халықты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында соңғы 25 жылда Шымкентте 3 965 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй бой көтеріп, пайдалануға беріліпті. Қалада тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2005 жылдан бастап "Нұрсәт" шағынауданы салынып, бүгінгі күнге дейін 7374 пәтерлі 252 тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Осы аймақтан қаланың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы бой көтеріп, үлкен құрылыс алаңына айналды. Биылғы жылы әкімшілік-іскерлік орталығында 2051 пәтерлі 24 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр екен.

Сонымен қатар қала экономикасына инвестиция тарту үшін "Тұран" шағынауданынан аумағы 427 га жаңа "Шымкент сити" жобасының құрылысы басталды.

Былтырғы жылы инвестиция көлемі 14,8 млрд теңгелік 11 жобаның құрылысын бастауға бюджеттен 2,3 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде инженерлік-коммуникациялық жүйелердің құрылысына 1,9 млрд теңге, 270 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысына 388 млн теңге қаралған.

Алайда бұл баспаналардың әлі де аздық ететіні жасырын емес. Осы түйткілдерді түбегейлі шешу үшін жергілікті билік Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарынан қосымша 77 мың га қосып, қала шекарасын ұлғайтты. Соның нәтижесінде Шымкент Оңүстік Қазақстан облысының агломерациялық орталығы статусына қол жеткізді.

Мойындауымыз керек, Шымкент халқы өте еңбекқор келеді. Кез келген тұрғыны іскер, кәсіп жасауға бейім келеді.

"Қазір біз осы еңбекқорлығымыздың арқасында, кәсіпкерлік жағынан республикада ең алдыңғы қатарда тұрмыз деп айта аламын. Қалада шағын және орта бизнес, қала экономикасының локомотивіне айналды. Қазіргі таңда, 75 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, осы салада 136 мың адам жұмыспен қамтылып отыр", – дейді шаһар басшысы.

Шымкент халқы базар, сауда жасау жағынан да алдына қара салдырмайтыны жасырын емес. Десек те, бүгінде қала жайма базарлардан арыла бастаған. Тіпті орталықта орналасқан көне базарлар қала сыртына көшіріліп, халықтың сауда жасау мәдениеті қалыптаса бастады. Қазір Шымқалада жаңа форматтағы бірнеше ірі сауда орталығы бой көтеріп, халыққа қызмет көрсетуге кіріскен. Бұл ретте Мега, Метро, Магнум, Фиркан, Шымкент плаза сынды ойын-сауық және сауда орталықтарын айтуға болады.

Кеңес үкіметі ыдырай салып, тоқырауға ұшыраған Шымкент қаласындағы Фосфор, Шина зауыттарының орнына "Оңтүстік" индустриялық аймағы құрылды. Қазіргі таңда бұл аймақта жаңа технологиямен жабдықталған 41 кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл жерде 3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып отыр. Сонымен қатар тоқыма класстерін дамыту үшін қалада "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағы құрылған. Бұл аймақта қазіргі таңда 10 кәсіпорын жұмыс істесе, онда 2 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты.

900 мың тұрғынның тамағын тауып беру де оңай шаруа емес. Қалада орташа есеппен жылына тұтынушыларға қажетті 8 мың тонна ет, 148 млн дана жұмыртқа, 44 мың тонна сүт өндіріледі екен. Халық көкөністен де қол үзіп қалмауы үшін Шымкентте 123 га жылыжай іске қосылыпты.

Эспортсыз шағын және орта бизнесті дамыту – тек қиял ғана. Бұл түйткілді қала басшылығы көлік-логистикалық орталығын салу арқылы шешпекші екен.

"Жергілікті өнімдерді экспортқа шығару мақсатында Шымкент аэропортының маңында 112 га жерге көлік-логистикалық орталығы салынып жатыр. Жоспар бойынша бұл орталықта 8 жобаға жеке инвестиция есебінен 28 млрд теңгеге алаңы 242,5 мың шаршы метр ғимарат салу көзделген. Нәтижесінде 800 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 1,4 млн тонна жүкті қабылдап, өңдеуге мүмкіндік туады", – дейді қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Шымкенттегі тағы бір түйткілдің бірі – мектеп. Мәселен 1991 жылы қалада 69 мың оқушысы бар 72 мектеп бар болса, қазір 169 мың оқушысы бар 129 мектеп жұмыс істеп тұр екен. Бір өкініштісі – мектептердің басым бөлігі 3 ауысымда білім беріп жатыр.

Шымқалада балабақша тапшылығы да байқалады. Қазір қаладағы 383 балабақшада 53 мың бала тәрбиеленеді. Бала санының өсіміне байланысты бюджетті жоспарлау барысында бірінші басымдық осы білім саласына беріледі. Мәселен былтырғы жылдың өзінде 6,9 млрд теңгеге 14 мектептің құрылысы жүргізілген.

Қала көшелерінің жалпы ұзындығы 2811 шақырым немесе 3,3 есе ұлғайған. Биылғы жылдың өзінде транспорт саласына 13 млрд теңге қаржы бағытталып, 1 жаяу жүргіншілер өткелі, 9 магистралды көшенін қайта салу, 5 елдімекеннің көшелерін қайта салу, 1 жол өткелін қайта салу, 59 көшені күрделі және 98 көшені орташа жөндеу, 47 тротуар салу, 20 бағдаршам орнату жұмысы атқарылыпты.

Сонымен қатар, қаланың 5 жерінен жолайрықтың жобалық-сметалық құжаты дайындалып, 2 жолайрықтың құрылысын биыл бастау жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу