Шымкенттегі әлеуметтік-инновациялық университеттің тағдыры ертеңгі сотта шешіледі

Сотқа тартылған оқу орнының мың студенті басқа университеттерге ауысып кеткен. 

Шымкенттегі әлеуметтік-инновациялық университеттің тағдыры ертеңгі сотта шешіледі

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Шымкенттегі әлеуметтік-инновациялық универсиеттің лицензиясына қатысты ақпарат берді.

"Бұл – Шымкент өңірлік әлеуметтік-инновациялық университеті. Ертең осы мәселе бойынша сот процесі өтеді.  Біз бұған дейін лицензиясын тоқтатқанымызды білесіздер. Заң шығарушылар бізге әуелі уәкілетті орган ретінде тізім енгізу қажет екенін айтады. Одан кейін ескертеміз, белгіленген уақыттан кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін тексереміз. Егер заңбұзушылық анықталса, оны жазамыз. Жағдайды түзету үшін уақыт беріледі. Негізінен 6 айдан кейін кемшіліктер қаншалықты жойылғанын қайта қараймыз. Егер жойылмаса,  лицензияны тоқтатып, тағы бір мүмкіндік береміз. Тіпті онда да кемшілік жойылмаса, заң бойынша университетті лицензиядан толық айыру үшін сотқа жүгінуіміз керек. Аталмыш университетке қатысты  біз заң бойынша осы шараларды қабылдағанбыз. Сотқа лицензиядан толықтай айыру үшін сотқа жүгініп отырмыз. Менің білуімше, ертең сот процесі өтеді. Сот өз шешімін шығарады. Ол туралы сол кезде мәлімдейміз", – деген министр білім ошағы лицензиядан айырылса, онда білім алып жатқан студенттердің жағдайы не болатынын да айтты.

"Бұл жерде ата-аналар мен студенттердің, университет қызметкерлерінің алаңдамағаны маңызды. Оқу орнында заңбұзушылықтар бар екені туралы хабар түскен кезде студенттердің саны айтарлықтай көп болатын. Осы қысқа уақыттың ішінде бірнеше мың студент басқа оқу орнына ауыс кеткенін көріп отырмыз. Лицензиясын алып қою туралы шешім шығарылатын жоғары оқу орындары бойынша студенттердің байыпты әрі ретті ауысуын ұйымдастырамыз. Яғни, біз мемлекет ретінде  студенттердің  өз кәсібі бойынша оқуын жалғастыруын қамтамасыз етуіміз керек. Ауысатын оқу орны сол елдімекенде немесе  студентке ыңғайлы басқа елдімекенде болуы қажет. Қазір бізде тәуекел аймағында тұрған жоғары оқу орындары бойынша арнайы жол картасы қабылданған. Іс-шаралар жоспары бекітілген. Ол жоспарда бірде-бір студенттің назардан тыс қалмауы, өзге оқу орнына міндетті түрде қабылдануы көзделген. Қазір бұл іс бойынша ешқандай мәселе көріп отырған жоқпыз. Оқу орнын ауыстыратын студенттер жүгінуі мүмкін деген оқу орындарының ректорларымен бұл мәселе бойынша жиын өткізгенбіз. Қолданыстағы заңнамада студенттердің өзге университетке ауысуына рұқсат берілген. Лицензия мәселесінің бұл жерде студенттер үшін ешқандай кері әсері жоқ.  Бұған дейін де айтқанмын. Тағы да қайталағым келеді. Біздің алдымызда елдегі жоғары оқу орындарының саны 100 немесе 20, не 30, не 50 болуы керек деген міндет жоқ. Егер барлық оқу орындары сапалы маман дайындаса, 150 университет бірдей жұмыс істей алады", – деді Асхат Аймағамбетов.

Министр қазір республика бойынша 10 жоғары оқу орны тәуекел аймағында тұрғанын айтады. Бұл тізім "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы түзген рейтинг негізінде жасақталған көрінеді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу