Осының алдында "Тұран" шағынауданының тұрғындары Шымкент қаласының жаңа Бас жоспарының жобасына қарсылығын білдірген.
Ондағы кейбір түйткілдер он жылға жуық уақыттан бері шешілмей, қордаланып жатқан көрінеді. Жеке кәсіпкер Жомарт Бөкенбаев мәселенің бірін өз мысалында түсіндіріп берді.
"Айталық, менің әкем 2008 жылы кәсібін ашып, бір ғимаратта СТО, автожуу және дәмхана ашқанда, бұл аумақтық бірлік Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданының аумағына қараған. Сол кезде осы және басқа жер телімдері "қызыл сызыққа" кірмеген. Бертінде билік үшінші жаңа мегаполис жасау үшін осы аумақтық бірлікті тегіс Шымкент қаласына қосты. Содан кейін Жібек жолы автотрассасы кеңейтілді. Нәтижесінде, бұған дейін өз бетінше кәсібін жүргізіп, нәсібін айырып келген шымкенттік бизнесмендер жаңа стандарттардың құрбанына айналды", – дейді кәсіпкер.
2013 жылғы 25 қаңтарда Шымкент қаласының әкімдігі қаланың орталық бөлігінің егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын (ЕЖЖ) бекітеді. Сөйтіп қаптаған шағын және орта бизнес нысандары қызыл сызықтан бір-ақ шықты. Содан бері олар ЕЖЖ-ні әзірлеу барысында кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерінің сақталмағанына наразылықтарын білдіріп келеді. Проблема сол бойы шешілмеген.
Бұл мәселенің реттелмеуі жергілікті бизнестің дамуына тосқауыл, тежеу болып тұр. Жаңа әкімшілік кедергілер туындаған.
Бизнесмендердің мәліметінше, Шымкент қаласының қолданыстағы Бас жоспарын Шымкентте орналаспаған компаниялар әзірлепті. Сондықтан олар "қызыл сызықты" сызу барысында жергілікті тұрғындардың да, кәсіпкерлердің де пікірімен санаспаған. Қашықтан отырып, қағаз бетін сызғылағанда ол жерлерде шынында не орналасқанын білмегенге ұқсайды. Себебі Тәуке хан, Тұрар Рысқұлов, Жiбек жолы сияқты көшелердің тұрғындары мен бизнес иелері де осындай тұйыққа тірелген. Олар мысалы, тұрғын үй тұрған жер телімінің нысаналы мақсатын коммерциялық объектіге өзгертіп, төл бизнесін ашқысы келсе, немесе, қолданыстағы бизнесін реконструкциялауды, кеңейтуді қаласа, оған билік рұқсат бермейді. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдарға жүгінгенде, олар "қызыл сызықта орналасқансыздар" деп, өтінішті қанағаттандырудан бас тартады.
"Қолданыстағы бизнес нысандарының басым көпшілігі бұрынғы қызыл сызықтарды басшылыққа ала отырып, бой көтерген. Біз кәсібімізді ашқанда арнайы топографиялық түсірілімге тапсырыс бердік, зерделедік, ол кезде қызыл сызықтар болмаған. Сәулет-жоспарлау тапсырмасын да алғыздық. Техникалық шарттарды келісімнен өткіздік. Құрылысты бастауға рұқсат алдық. Енді біздің не кінәміз бар? Жаңа бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасындағы қызыл сызықтар бізге қатысты болмауы керек", – дейді шымкенттік кәсіпкерлер.
Бұл мәселені осының алдында Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасының құрылыс және ТКШ комитетінің төрағасы, "Эристайл Қазақстан" ЖШС директоры Ойрат Мамиров та көтерген.
"Қаланың Бас жоспарына сәйкес, шаһардың орталық даңғылдары жалпы маңыздағы магистральді көшелер санатына көшірілді. Яғни олардың ені 60 метр болады деп белгіленді. ЕЖЖ бойынша Тәуке хан даңғылында көп қабатты ғимараттар орналастыру, қаланы биікке көтеруге басымдық беру қарастырылған. Тиісінше, осы даңғыл бойында орналасқан барлық коммерциялық және коммерциялық емес объектілер қызыл сызыққа ілікті. Сондықтан ол маңда тұрғындар, кәсіпкерлер жекеменшіктегі жер телімінің нысаналы мақсатын жеке тұрғын үйден коммерциялық ғимаратқа ауыстыру немесе кәсіпкерлік нысанын кеңейту ниетін жүзеге асырғысы келсе, сәулет-архитектура органы ол мақсаттың қала салу регламентіне сәйкес келмейтіні туралы қорытынды береді. Өйткені ол қызыл сызықты және ЕЖЖ талаптарын бұзады дейді. Сондай-ақ кәсіпкерлер не реконструкция жүргізе алмайды, не 2, 3-ші қабатты тұрғызу, іргесін кеңейту сияқты қосымша құрылысты қолға ала алмайды", – деді О.Мамиров.
Ұқсас жағдай орталық көшенің бірі саналатын Тұрар Рысқұлов көшесінде де қалыптасты. ЕЖЖ бойынша оның бойында көп қабатты заңғар ғимараттар салу қарастырылған. Ал онда жеке тұрғын үйлер, жиһаз орталықтары, тойхана, дәмханалар, базар, автовокзал және басқасы орналасқан.
Орталық көшелер бойында енді жер телімдерінің нысаналы мақсаты өзгертілмейтіндігінен хабарсыз болған бизнесмендер оны учаскені сатып алғанда бір-ақ біліп, сан соғады екен. Олардың арманы да, бизнес жоспары да адыра қалады.
Бұған дейін Шымкент әкімінің орынбасары Маулен Айманбетов олқылықтың түзетілетінін айтқан еді.
"Келісемін, Бас жоспарды әзірлеу, қайта қарау және бекіту кезінде сол жерлерде орналасқан ғимараттарды ескеру қажет. Барлығы міндетті түрде қайта қаралады. Мен сәулет басқармасына ЕЖЖ-нің жаңа жобаларын бекітуді қамтамасыз етуді тапсырдым. Онда қалыптасқан аумақтық құрылыс ескеріледі. Бұл істе бизнестің пікірі басымдық болғаны жөн. Болашақта мұндай құжаттарды қабылдамас бұрын Кәсіпкерлер палатасы алаңында қоғамдық тыңдаулар жүргізіп тұрған жөн деп санаймын", – деді шенеунік.
Бірақ содан кейін ол әкімнің орынбасары лауазымынан босап, басқа жұмысқа кетті.
Қалай болғанда, "былай тартсаң өгіз өледі, олай тартсаң арба сынадының" кері келіп тұр. Себебі Шымкент қаласына кеңею, өрлеу, заңғарлану да қажет. Оның үстіне аталған көшелерде тұрғындар көлік кептелісінен үнемі зардап шегеді. Көше кеңеюі қажет. Ал қаптаған коммерциялық объектілер жолдарға кәдімгідей төніп тұр. Әрі әркім өз нысанын өзі білгенше, қалай болса, солай салғандықтан қаланың сиқын кетіріп тұр. Бірыңғай сәулет стилі туралы сөз қозғаудың өзі күлкілі.
Билік мұндай бассыздыққа көз жұма қарады. Жемқорлық көріністері де бой көрсетіп қалды. Шенділер шағын кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жарияланғанын қалқан етті.
Ал проблема болса, ушығып барады.
Сарапшылардың бағалауынша, болашақта Шымкент мегаполисі тұрғындарының саны жөнінен елорданы басып озады деп күтілуде. Онда бұл жаңа қалаға емес, жаргон тілінде айтқанда, лас, сиықсыз "человейникке" айналып шыға келуі мүмкін.
Бизнесмендердің үндеуі Президент Әкімшілігіне дейін жеткен екен. Ол жақтан Шымкент қаласының әкімдігіне тапсырма берілген.
Әкімдіктің түсіндіруінше, шымқала республиканың оңтүстік өңірінің ірі әкімшілік орталығы болады. Осы мәртебесіне лайық болуы үшін оның орталық даңғылдары мен көшелерінің енін 60 метрге дейін ұлғайту (жолдың әр жағы 30 метрден), олардың өне бойында көп қабатты ғимараттар орналастыру, сөйтіп, заңғарлыққа акцент жасау жоспарланған.
"Қазіргі уақытта Шымкент қаласының Бас жоспарын әзірлеу жұмыс кестесіне сәйкес, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Концептуалды тұжырымдама негізінде 2022 жыл соңына дейін Шымкент қаласының жаңа Бас жоспары әзірленеді. Онда қоғамнан түскен барлық ұсыныстар ескеріледі", – делінген әкімдік жауабында.
Ендеше ұзақ жылға созылған мәселе шешілетін кез таяғанға ұқсайды.