Шымкенттің шырайын кіргізуге не кедергі?

2303

Бірер жылдан соң бұл шаһар адам танымастай өзгеруі мүмкін. 

Шымкенттің шырайын кіргізуге не кедергі?

Осы аптаның сейсенбісінде шымқала жұртшылығымен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев оларды "Жерұйығын тапқан жұрт" деп атады. Әрине, бұл қалада барлық мәселе шешіліп, халық жер жәннатында шалқып өмір сүріп жатыр деген сөз емес.

2018 жылғы 19 маусымда алғашқы Президент жарлығымен Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала – мегаполис мәртебесі берілді. Бірақ шыны керек, шаһар әзірге мегаполис дәрежесінен алыстау. Шымкенттің жалпы аумағы – 116 280 гектарды құрайды. Жасыратыны жоқ, бұрынғы билік қалаға іргелес жатқан аудандардың 41 елдімекендерін қосу арқылы оны табиғи емес, жасанды жолмен "миллиондық қалаға" айналдырды. Енді Шымкентті нағыз мегаполис жасау жаңа биліктің, Әділетті Қазақстанның еншісіне түспек.

Әйтпесе, мегаполис тұрғындары саналғанымен, шымқалаға қосылған елдімекендердің мәселесі толыққанды шешілмеген.

Атап айтқанда, біріншіден, оның құрамындағы 8 елдімекенде сапалы электр жүйесі жоқ. Жұрт орта ғасырдағыдай қараңғылықта отырады. Президент алдағы жылы бұл мәселені толығымен шешуді тапсырды.

Екіншіден, тағы 8 елдімекенде газ мүлдем жоқ. Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдікке бұл жерлерге газ жеткізу үшін қаржы бөлу мәселесін пысықтауды жүктеді.

Үшіншіден, Шымкентте интернет нашар екеніне тұрғындар жиі шағымданады. Бұл енді Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің мойнындағы міндет.

Төртіншіден, шымкенттіктер судан тарығып жүр. 7 шағынауданында (елдімекенде) тұрғындарға су кеңес кезіндегідей, водовозбен тасылады. Жылдың соңына дейін 15 мың тұрғыны бар Құрсай елдімекеніне ауызсу жеткізіледі. Қала әкімдігі 2023 жылы қала орталығынан шалғай орналасқан 2 елдімекеннің су мәселесін толық шешуге міндеттелді. Былтырғы 2021 жылы 14 су құрылысы жобасы іске асырылған (3 магистральдық және 11 кварталішілік су құбыры). Нәтижесінде, қазіргі кезде Шымкент тұрғындарын ауыз сумен қамту 98%-ға таяп қалды.

Бесіншіден, көлік-логистика және инженерлік инфрақұрылым сын көтермейді. Оны жетілдірген жөн. Шымқалаға бір барған адам онда жолдардың сапасы нашар екенін аңғарса керек. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың айналма жолын тұйықтайтын автожолды тезірек іске қосуды тапсырды. Қырықтан аса ауыл мен кентті автоматты түрде қоса салып, Қазақстанда үшінші мегаполистің пайда болғанына мәз болған бұрынғы билік олар үшін инженерлік инфрақұрылымның қуатын арттыруды да ойластырмапты. Сондықтан енді осы мақсатқа 4 жылда республика бюджетінен 135 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Соның арқасында ауыз су, электр қуаты және газ мәселесі біршама реттелуге тиіс.

Әрине, егер миллиардтар талан-тараж болып кетпесе. Жалпы, Шымкенттің тотыдайын таранып, заманауи, жайнаған мегаполиске түрлене алмауына жемқорлықтың жойылмауы да себеп болса керек. Қала әкімдігі жемқорлықпен күрес аясында жергілікті телеарналарда коррупцияға қарсы іс-қимыл шаралары туралы 500-ден астам түрлі материалдар, роликтер көрсетілгенін хабарлады. Сондай-ақ "қоғамда антикоррупциялық мәдениетті қалыптастыру үшін қала театрларында "Қол" және "Двойник" психологиялық қойылымдары тегін көрсетілгенін" мәлім етті. Бірақ оны тамашалауға қанша шымкенттік келгенін, қандай ой түйгенін нақтыламады. Бұған қоса, көпқабатты үйлердің қасбеттеріне "Жемқорлық – қоғам дерті" деген үнпарақтар ілінген.

Театр демекші, қазір қалада ауқымды іс-шаралар өткізетін мәдениет ошағы жоқтың қасы. Тұрғындар кеңес кезіндегі мәдени нысандарда жиналады. Сондықтан Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен шымқалада 2 мың орындық Конгресс холлдың құрылысы басталды. Бұл нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Қалада ескі Опера және балет театры бар. Алайда оның ғимараты көнерген, әрі ұсқынсыздау. Сондықтан Президент Үкіметке Шымкентте сұлу сәулетімен қала ажарын ашатын жаңа Опера және балет театрын салу туралы тапсырма берді.

1,1 миллиондай халқы болғандықтан қалада оқушылар орны тапшы. Жас ұрпақ бірнеше ауысыммен оқиды. Дегенмен алдағы жылы Шымкент бұл проблемадан толық арылмақ.

Шымкент әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтың дерегінше, 2021 жылы апатты және үшауысымды мектептер санын 13-ке дейін қысқарту қарастырылыпты. Оған сенсек, іс жүзінде қалада апатты мектептер проблемасы толық шешілген. Ал үшауысымды мектептер саны 9-ға дейін азайды. Былтыр 11 064 орындық 25 мектеп іске қосылған екен.

Негізі, бұл тұрғыда еліміздің басқа өңірлері шымқалаға қызыға әрі қызғана қарайды. Түркістан облысынан басқа өңірлерде сонша көп көлемде білім ордасы жаңадан салынбайды. Шымкентте 5 жылдың ішінде 101 мектеп салу жоспарланған. Бұл жұмысқа бизнес өкілдері белсене атсалысып жатыр. Қалада соңғы екі жылда 50 жекеменшік мектеп ашылды. Мемлекет басшысы тапсырғандай, әкімдік алдағы 2023 жылы үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешуге тиіс.

Шымкентте бүгінде жаңа Оқушылар сарайы және Балалардың шығармашылық орталығы салынып жатыр. Қ.Тоқаев қаладағы демографиялық дүмпуді ескере отырып, әкімдікке 2025 жылға дейін тағы бір жаңа Оқушылар сарайын салуды жүктеді. Мысалы, салыстырсақ, Астанада 2 Оқушылар сарайы ғана бар.

Осы жаңа ғимараттардың бәрі Шымкенттің сыртқы бейнесіне әр беріп, оның заманауи мегаполиске айналуына үлес қосуы мүмкін.

Әзірге қалада шешімін таппаған өзге де проблемалар бар. Қала тұрғыны Евгений Яворский шымқалада АХАТ (ЗАГС) органдарының желісін кеңейту қажеттігін жеткізді. 

"Біз ресми түрде миллионнан астам халқы бар республикалық маңыздағы қала болып табыламыз. Қала 5 ауданға бөлінген. Соған қарамастан, Шымкенттің аумағында тек бір ғана азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі бар. Бүкіл қала сонда кезекке тұрады. Сұратылған құжаттарды да ұзақ күтесің. Мысалы, республикалық маңызы бар қала санатындағы Астана мен Алматыда әр ауданда бөлек АХАТ бар. Бізде де солай болуы керек. Ол болмаған соң, қалалық АХАТ қызметкерлері шектен тыс ауқымды жұмысты еңсере алмай жатады. Бұл олардың қызмет сапасына кері ықпал етеді", – деді тұрғын.

Айтқандай, Президент ұзаққа созылып бара жатқан Шымкенттің жаңа әуежай терминалының құрылысын уақтылы аяқтау керектігін ескертті. Жалпы Шымкенттен көп жаққа ұша алмайсыз. Содан олар өзге қалаларға сабылып жүргені. Мысалы, кейінгі жылдары Шымкент пен Өскемен арасында тығыз қарым-қатынас орнай бастады. Бұл орыстілділері көп өңірдің жүзіне қазақы қан жүгіртті. Шымкенттіктер шығысымыздағы курорттық өлкелерді игеріп, бизнес ашып, туған өлкені танып, туризмнің дамуына түрткі болады. Өскемендіктердің бұрыннан Ресеймен байланысы мықты болатын, бірақ Батыстың санкциялары нәтижесінде солтүстік көрші қараң қала бастады. Бүгінде өскемендіктер шымкенттіктерден басқа елдерден түрлі тауарларды, мысалы, көлікті тапсырыс беріп алғызады.

Бұл байланыс одан да күшті болар ма еді, бірақ жергілікті белсенді Жандос Байбақыровтың айтуынша, қос қаламызды қосатын тікелей әуе қатынасы жоқ. Сондықтан ол Үкіметтен Шымкент-Өскемен және Өскемен-Шымкент тікелей рейстерін қайта қалпына келтіруді, бұл істі ішкі әуе қатынасын дамыту үшін мемлекет құрған "Fly Arystan"-ға жүктеуді сұрапты.

"Бұл бағытта қазір тікелей әуе рейсі жоқ болып тұр. Қос қала арасында тікелей автобустар да қатынамайды. Салдарынан, Шымкенттен Өскеменге не кері бағытта жету үшін қыруар қаржы мен уақытты шығындауға тура келеді. Мәселен, Шымкенттен Өскеменге бару үшін Астана немесе Алматы арқылы транзитпен ұшуға тура келеді. Автобуспен де солай. Семей арқылы баратын балама бағыт бар. Қалаларымыз арасында тікелей теміржол қатынасы да жоқ. Соның кесірінен, алдымен Алматыға жетіп, сол жерден басқа пойызға қайта отыруға мәжбүрміз. Бұған бірнеше күн кетеді. Кері қайту да сол тауқымет", – деді ол.

Жалпы былтыр Шымқала мен Өскемен арасында демалыс күндері тікелей рейстар жасалыпты, бірақ артынша доғарылған. Оның себебін "Fly Arystan" нақты түсіндірмепті.

Дегенмен Үкімет әзірге бұл мәселеге бас қатырып отырған жоқ. Шенеуніктер әлдебір нәрсеге бас қатырғысы келмесе, бәрін нарыққа сілтей салатыны мәлім.

"Қазақстанда 2012 жылдан бері ішкі авиатасымалдар нарығы толығымен либерализацияланып, ырықсыздандырылған. Тиісінше, билік тарапынан рейстер саны мен бағыттар бойынша ешқандай шектеулер жоқ. Яғни ішкі тұрақты коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға рұқсаты бар әрбір қазақстандық авиакомпания өзі қалаған кез келген уақытта кез келген қалалар арасында тұрақты рейсті жолға қоя алады. Мұның бәрін сұраныс шешеді. Біздің комитет келіп түскен өтінішке сәйкес, "Fly Arystan" авиакомпаниясының Шымкент-Өскемен-Шымкент маршруты бойынша тұрақты рейстерді қайта қалпына келтіруі мәселесін пысықтады. Авиакомпанияның ақпараты бойынша таяу уақытта, орта мерзімді перспективада аталған маршрутта тікелей рейстерді бастау жоспарланып отырған жоқ", – деп мәлім етті Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева.  

Соған қарағанда, Шымкенттің мегаполис мәртебесі көп мәселені шешуге  ықпал ете алмайтынға ұқсайды. Президент осы сапарында шымқаланы еліміздегі төрт хаб-қаланың біріне айналдыру міндетін қойған болатын. Егер Шымкенттің өз қалаларымызбен тура көлік қатынасын құра алмаса, Үкіметтің бұл міндетті қалай шешетіні беймәлім.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу