ШЫҰ Саммиті: Қытай мен Түркия айбарланды, Мәскеу ұятқа қалды

3715

Өзбекстанның Самарқанында әлем халқының басым көпшілігі тұратын 14 мемлекеттің лидері бас қосты. Ғаламат құрылтайдың тосын қорытындыларын шығарып, қызығы мен шыжығына тоқталсақ. 

ШЫҰ Саммиті: Қытай мен Түркия айбарланды, Мәскеу ұятқа қалды Фото: akorda.kz

Самарқан саммитіне қатысқан көшбасшылар тізімінің өзі таңдай қақтырады. Ұйымға мүше елдерден Қазақстан лидері Қасым-Жомарт Тоқаев, Қытай төрағасы Си Цзиньпин, Үндістан Премьері Нарендра Моди, Пәкістан Премьері Шахбаз Шариф, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Ресей Президенті Владимир Путин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ ШЫҰ бақылаушы мемлекеттердің басшылары – Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Иран Президенті Ибрахим Раиси, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Беларусь Президенті Александр Лукашенко сөз сөйледі.

Яғни, пандемия толық жойылмағанына қарамастан, мұндай мәртебелі құрылтайды ұйымдастыра алған өзбек ағайындарға қол соғуға болады.

Енді оның қорытындысын тілге тиек етсек. Қазақстан тарапының бағалауынша, бұл саммит қазіргі күрделі шақта "өзара сенімге, тең және ашық диалогқа негізделген бірегей "Шанхай рухын" нығайту" жолындағы жаңа тарихи белеске айналды. Қазақстан Президенті ұйым қызметін одан әрі жетілдіруді, оның тиімділігін арттыруды және әртүрлі саладағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуды ұсынды. Яғни, Қ.Тоқаев халықаралық саясатта да жаңғыру мен реформаны ілгерілетпек.

Қазақстан көшбасшысының байламынша, бұл ұйым бірінші кезекте оның мүшелерінің жерінің бүтіндігін, сыртқы агрессиядан амандығын қамтамасыз етуге тиіс.

Әйтпесе, оның мүшелері бір-біріне көз алартуда: Ресейдегі зәлім күштер қазақ жеріне көз сұғын қадап отыр. Тәжікстан Қырғызстандағы экславын қайтарып алуға ынтық. Үндістан мен Қытайдың да шекаралық дауы шешілмей, қатырылған жанжал күйінде қалды. Мүше елдердің шекаралық дауына түпкілікті тосқауыл қойылғаны маңызды. Ол миссиясын атқара алмаса, ұйымның құны көк тиынға тұрмас.

"Шанхай ынтымақтастық ұйымы қызметінің өзектілігін оның жарғылық құжаттарында көрсетілген негізгі қағидаттар айқындады. Олар: экстремизм, терроризм, сепаратизм секілді "үш зұлымдыққа" қарсы күрес, мемлекеттердің егемендігі мен территориялық тұтастығын қорғау, ішкі істерге араласпау! Ұйымның негізгі міндеті аймақтық қауіпсіздікті нығайту болып қала береді" – деп жөн-жосық көрсетті Қазақстан лидері.

Жасыратыны жоқ, Ресей сияқты елдер ШЫҰ-дан НАТО-ға қарсы әскери блок жасағысы келеді. Осы мақсатта Ресейдің ілгерілетуімен, Батыспен тайталасқан, сөйтіп санкция астында қалған Иран осы саммитте ШЫҰ-ға толыққанды мүше болды. Ал ресми Астана бұл ұйымды қазақ елін дамыған елдермен текетіреске емес, өркениетке жетелейтін құралға айналдырғысы келеді.

"Біз ШЫҰ-ны жаһандық экономикалық платформаға айналдыруымыз керек. Ұйым адами, ресурстық, технологиялық әлеуеті бар әлемнің қарқынды дамушы экономикаларын біріктіреді. ШЫҰ мемлекеттерінің үлесі әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен төрттен біріне тең: 23 трлн доллардан асады", – деген Қ.Тоқаев блокқа бөлінбеуге шақырды.

Қытай тарапы да ШЫҰ-ның шың елінің экономикалық қуатын арттыруға үлес қосқанын қалайды. Бұл туралы Синьхуа   https://russian.news.cn/20220916/3a9a6072679642c486b7948d8f17d180/c.html агенттігі жазды. Шығыс көршінің жетекші агенттігі "ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің маңызды баяндамасына "Бақуатты болашақ үшін келісім мен ынтымақтастықты нығайту" тақырыбы арқау болғанын" мәлімдеді.

Си тұжырымдауынша, "Шанхай рухы" дегеніміз қырғын соғыс пен қантөгіс емес, "өзара сенім, өзара пайда, теңдік, ақылдасу, өркениеттердің әралуандылығын құрметтеу және бірлесе дамуға ұмтылыс". Мұның бәрі де басқыншылықты жоққа шығарады. Жұңғо елінің лидері Қытайдың көмекті қажет ететін дамушы елдерге 1,5 млрд юань көлемінде шұғыл гуманитарлық көмек ұсынатынын мәлімдеді.

Си Цзиньпин соғысқа қарсы нақты мәлімдеме жасады.

"Біздің бәріміз мультилатерализмді ұстануға міндеттіміз! БҰҰ жетекшілік ететін және сол діңгегі болып табылатын халықаралық жүйені және бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтарға, халықаралық құқыққа негізделген әлемдік тәртіпті қатаң қорғауға тиіспіз. Блоктық саясаттан бас тартуымыз шарт. ШЫҰ-ның басты әрі абыройлы миссиясы – бүкіл Еуразия континентінде бейбітшілік пен дамуды қолдау", – деді ҚХР лидері.

Осылайша, Қытай көшбасшысы Қазақстанның көшбасшысын қолдап шықты. Мәскеудің бұл ұйымнан Батыс әлеміне қарсы блок жасау ниеті жүзеге аспайтыны анықталды.

Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоғанның Самарқан саммитіне төл күн тәртібін ілгерілету үшін келгені және оның басты миссиясы – ұйым аясында түркі елдерін біріктіру, қорғаныс әлеуетін нығайту болғаны аңғарылады. Түрік басылымдары ШЫҰ міндеттеріне емес, Ердоған мырзаның Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесуіне баса маңыз берді. Айтқандай, түрік сарапшылары Анкараның өз билігін Кавказда, Орталық Азияда және Сирияда нығайтып жатқанына назар аудартуда. Қазіргі кезде Әзербайжан армиясы орнына Әзербайжан-Түркия бірлескен армиясы қалыптастырды. Түркия Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанмен әскери байланыстарын өрістетуге ден қойды.

ШЫҰ туралы көп шулап, саммитті аспандата дәріптеген жалғыз ел – Ресей. Ресейлік пропаганда "ШОС разрушила гегемонию доллара", "ШОС представила замену ООН", "Саммит ШОС в Самарканде стал вердиктом однополярному миру" деп көкіді. Көршінің ақпарат құралдарына сенсек, "ШЫҰ батыс елдерінің агрессиясын тоқтатуға мүмкіндік береді". Бұл ретте ұйымның бірде бір елі мысалы, оккупанттарды түре қуған Украина Қарулы күштері Ресей жеріне енсе, оларға қарсы Ресеймен бірге соғысуға еш кепілдік бермеген. Демек, ондай агрессияны ШЫҰ-ның қалай тоқтататыны беймәлім. ҰҚШҰ-дан айырмашылығы сол, бұл ұйымның бітімгершілік әскері жоқ.

Ресейлік пропаганда "саммит аясында Батыссыз дамуға ұмтылатын державалардың жаңа ұйымының нобай-контуры пайда болды" деп сандырақтады. Бұл жерде Қазақстан да, Өзбекстан да, Қытай да, Үндістан да өз дамуында Батыстың дамыған елдеріне бағдарланғанын ескерсек, бұл байлам фейк болып табылады. Оның үстіне сөз сөйлеген лидерлердің ешқайсысы Батыссыз даму туралы сөз қозғаған жоқ.

Саммит қорытындысында өзара есеп айырысуда ұлттық валюталардың үлесін бірте-бірте арттыру бойынша жол картасы қабылданды. Бірақ ол доллардан бас тартуды қарастырмайды. Ресейден, Ираннан басқа елдердің бәрі резервтерін долларда ұстауды жалғастыруда.

Батыстың ауыр санкциялары РФ экономикасын тоқыратты, оның ірі жобаларынан ірі инвесторлар теріс айналды. Мәскеу амалсыз, Азияға қол жаюға мәжбүр. Ресейліктер тіпті бұрын өзінен төмен санап, әжуалаған шағын елдердің енді өзіне мырза болғанына мәз. Ресейлік саясаттанушы Марат Баширов ақпарат құралдарына сұхбатында екіжақты кездесу қорытындысында, В.Путиннің санкциядан дағдарған "Сила Сибири–2" алып газ құбырын салуға Моңғолияның қаржы бөлуіне қол жеткізуін саммит аясындағы маңызды оқиға ретінде атап өтті.

Ресейлік журналистер Мәскеу басшысының саммитке келген барлық дерлік лидермен кездескенін, олардан РФ-ға қаржы салуын сұрағанын айтады. Ресейлік пропаганда В.Путинді жаңа әлемдік тәртіптің "бас архитекторы" деп мақтап та жіберді.

"Қол жеткізілген уағдаластықтар және оқиғалардың даму векторы бойынша саммит тарихқа екінші Ялта ретінде кіруі мүмкін. Себебі, Самарқан саммитіне өз болашағын өзгертуге бел буған елдер қатысты", – деген ойға келді ресейлік Life пропагандистік басылымы.

1945 жылғы 4–11 ақпанда Қырымдағы Ялтада антигитлерлік коалицияның басты көшбасшылары саналатын АҚШ, КСРО және Ұлыбритания лидерлері кездескені мәлім. Е.Рузвельт, И.Сталин, У.Черчилль соғыстан кейінгі әлемдік тәртіпті бекітті. Басқаша айтқанда, дүниежүзін төл ықпал аймақтарына бөліп алды.

Бірақ ақпарат құралдары бұл жолы В.Путиннің империя көшбасшысына тіпті де ұқсай алмағанына назар аудартады. Мысалы, РФ басшысы ұшағынан түскенде, сүрініп құлай жаздаған. Ол өзін қарсы алған Өзбекстан Үкіметі өкілімен бірнеше метр қашықтық сақтап, сөйлескен. Содан ұшақ шуылынан екеуіне айғайлап тілдесуге тура келді. РФ Президентін қарсы алған өзбек аруы оған гүл шоғырын табыстамаған.

Блогер Зина Портнова өзге лидерлерді қарсы алу салтанатымен салыстырды. Мысалы, ҚХР Төрағасын өзбек жағы үлкен құрмет, қошеметпен қарсы алды: оның ұшағының алдында қарақұрым адам жиналды, ұлттық өзбек биінен, әдемі әнінен тұратын тұтас театрландырылған қойылым қойылды. Тоқаевқа да үлкен ілтипат көрсетілді. Ал РФ басшысы шоудан қағылды.

Одан әрі тіпті сорақы болды. Ақпарат құралдары Владимир Путинді өзге лидерлер өзін күтуге мәжбүр еткенін жазуда. 

"Путинді әлемнің өзге лидерлері күткен заман келмеске кеткенге ұқсайды. Өзбекстанда, ШЫҰ саммиті алаңында Путинді қырғыз Президенті Садыр Жапаров жападан-жалғыз біраз күттіріп қойды. Әлеуметтік желіні пайдаланушылар мұны жұртшылық алдында қорлау деп таныды", – деп жазды Telegraf.

Ресейлік ақпарат құралдарының мәліметінше, В.Путинді кезінде Ұлыбритания патшайымы II Елизавета – 14 минут, Испания королі I Хуан Карлос – 20, Швеция королі Карл XVI Густав – 20, АҚШ президенттері Барак Обама мен Дональд Трамп – 40 минут, Рим Папасы – 1 сағат,  Жапония Премьері Синдзо Абэ – 2 сағат күтуге мәжбүр болған екен.

"Путин Самарқанға барды. Бірақ ол жерде ешкімге де керек еместігін түсінді. Бұл көзге ұрып тұрды. Таяуда ол Ердоғанды күткен еді, ал ол онымен жүздесуге асықпаған. Сонда жұрт мұны кездейсоқтыққа балады. Жарайды, ал қырғыз әріптесі де байқаусызда кешікті ме?" – деп сауал тастады украиналық саясаткер Алексей Гончаренко.

Журналистер өзге кездесулерде де Путинге күтуге тура келгенін хабарлады. Мәселен, Иран Президенті Ибрахим Раисиді тағатсыздана күтіп, тұнжырап тұрған Путиннің видеосы тарады.

Сонымен бірге Түркия Президентінің баспасөз қызметі жариялаған саммит қатысушыларының фотосуреті әлемге тез таралып кетті. Онда ағаш отырғызу рәсіміне қатысқан лидерлердің тынығып отырған сәті бейнеленген. Фотода төрдегі мәртебелі орында, жеке орындыққа еркін қонжиған Реджеп Тайип Ердоған көсіле әңгіме айтуда. Оның сол жағында, жеке орындықта Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев жайғасқан. Оған жақынырақ, диванның басында қожайынның өзі – өзбек Президенті отыр. Ал РФ басшысы В.Путин мен Беларусь басшысы А.Лукашенко шағын диванның шетінде қысыла, қымтырыла жамбас төсепті. Блогер Рустем Адагамов бұл суретте лидерлердің қалай орналасқанынан аймақтағы күштердің қалай жаңаша орын ала бастағанын аңғаруға болады деген ой түйеді. Себебі, бұрын шетелдік биік лауазымды қонақтарын өзінен "қозы көш" жерде отырғызатын, өзін жарты әлемнің патшасы санаған Кремльдің қожайыны басқа жағдайда босаға жақта жайғасуға келіспес пе еді?   

"Бұл Ресей самодержавиесінің, империяшылдардың соңғы күзі" деп қысқаша пікір білдірді Украина Президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк.

Батыс сарапшылары Самарқанда G7 саммиттеріндегі сияқты риясыз, достық пейілдегі әңгіме болмағанын қаперге салды. Әр мүше ел өз проблемасымен, төл күн тәртібімен келген, соны қолдайтындар айналасында топтасқан. Дамушы елдерге әлі де болса өзара сенім мен құрмет, ортақ құндылықтар жетіспейтінге ұқсайды.

Euronews төл дереккөздеріне жүгініп, саммит алаңында Қытай, Үндістан, Түркия және Қазақстан Ресейді соғысын тоқтатуға шақырған, қатты алаңдаушылық білдірген деп хабарлады. Бірақ В.Путин бар айыпты Украинаға жауып, доғара алмайтынын жеткізген деседі. Саммиттен соң ақпарат құралдарына брифинг өткізген Кремль басшысы келісөзге дайын екенін, алайда өз қолындағы Украина жерлерін босатпайтынын жеткізді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу