Әмбебап циркуль мен бала жыласа өздігінен тербелетін электронды бесік ойлап тапқан өнертапқыш қандасымыз Серікбол Шаймарданұлының туындыларына жапондар жармасып жатыр. Олар өнертапқыш өреннің ақыл-ойының жемісін өндіріске енгізбекші.
Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы Серікбол Қытайдың Шыңжаң өлкесінде дүниеге келген. Атасы мен әкесінің кітапқұмар болуына байланысты ол жастайынан жан азығын байытып өскен.
2007 жылы атамекеніне қоныс аударған Серікбол Алматы облысындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты үздік аттестатпен аяқтағаннан кейін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне түскен. Осы жоғары оқу орнының радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандығын қызыл дипломмен тәмамдап, магистратурада білімін жалғастырған.
Қиялы жүйрік, ойы ұшқыр жігіттің әмбебап циркуль мен Smart бесіктен басқа 30-ға жуық туындысы бар. Тапқыр жігіт инновациялық туындыларын жалпақ жұртқа жария етуге асықпайды. Себебі ол ұстазы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Мұқтарбай Өтелбаевтың жетекшілігімен құрғақ жерлерде қолдан жауын жаудыратын және жел энергиясын пайдаланатын құрал ойлап табудың қамымен жүр.
Айтпақшы кейіпкеріміз жазудан да құралақан емес. Оның "Өнертапқыш: амал мен әдіс" атты кітабы бар. Онда тапқырлықтың негізгі амалдары баяндалған.
"Бұл тақырыпты бұрынғы Кеңес одағының ғалымы, қазіргі "TRІZ-дің әкесі" атанған G.S. Altshuller 1946 жылдан бастап зерттеген. Менің жазғаным көшірме емес, өйткені біздің идеямыз ұқсас болғанмен, әдістеріміз әртүрлі. Мен өз еңбегімді дүниеге әкелген кезде ғана G.S. Altshuller-дің осы жайында зерттеу жүргізіп, ғылыми еңбек жазғанын білдім. Салыстырып көріп, G.S. Altshuller екеуміздің жазған дүниелерімізде идеялық ұқсастық бар екенін анықтадым. Сөйттім де өз еңбегімнің ерекшелігін басқаларға дәлелдеу үшін G.S. Altshuller-дің есімін кітабыма енгіздім және оның еңбектерін жарияладым.
Еуропа және басқа да дамыған елдерде "TRІZ" ғылымын зерттейтін арнайы органдар бар. Ал бізде зерттеу органын былай қойғанда, "TRІZ" ғылымы туралы кітап та жоқ. Мен осы олқылықтың орнын толтырғым келді", – деді бізге өнертапқыш.
"Қытайлықтарға авторлық құқығымды сатпадым"
Ол мектеп оқушыларының барлығы пайдаланатын циркульдің жаңғыртылған нұсқасын Қытайда оқып жүргенде, 6-сыныпта ойлап тауыпты. Оның мұндай қадамға баруына екі оқиға түрткі болған көрінеді.
Бірде Қытай телеарналары өнертапқыш ұйғыр балаларын жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Сонда Серікболдың санасында: "Ұйғыр баласының менен несі артық? Ол тапқан өнерді мен неге таппаймын?" деген ой жанартаудай жарылады. Намысқа булығып жүрген кезде төмендегідей оқиға орын алады. Бұл туралы Серікбол: "Сабаққа қалам алып баруды ұмытып кетіппін. Мұғалім: "қалам тап, жаз!" деп тұрып алды. Сөмкемді ақтарып едім, қолыма кәдімгі циркуль түсті. Соның басындағы қарындашпен ұстазымның айтқанын жазып отырып: "Осы циркульді жетілдірсе, оның мүмкіндігін арттырса қалай болады екен?" деген қиялға беріліп кеттім. Сөйтіп жүріп 2 ай уақыт өткенде шеңбер сызуға арналған қарапайым құралды күрделендіріп, оған қалам, қарындаш, сызғыш, штрих, өшіргіш, транспортер, үлкейткіш линза, ұштағыш, орнықтырғыш, сағат және қалам мен қарындаштың қабын қостым. Нәтижесінде қарапайым циркуль әмбебап циркульге айналып шыға келді", – деді.
Әмбебап циркуль дайын бола салысымен Серікболдың әкесі аймақтағы техника комитетіне патент алуға барады. Ондағылар өтініштің қабылданған-қабылданбағанын 2 күннен кейін хабарлайтынын айтады. Алайда 2 күн 2 жылға созылады. Бұған Серікболдың мекенжайының дұрыс толтырылмауы себеп болады.
Әупірімдеп жүріп патентке қол жеткізген күні Серікбол бұдан да зор қиындыққа кезігеді. Әмбебап циркульді қалыпқа құйып тарату үшін қытайлықтар көп қаржы сұрайды. Серікбол олардың сұрағанын тауып бере алмайды. Осыны білген ханзулар қазақ баласына әмбебап циркульдің авторлық құқығын сатуды сұрайды. Серікбол сызбаны сатудан бас тартады. Осылайша әмбебап циркуль қалыпқа құйылмаған күйінде, қағаздағы қалпында қалып қояды. Алайда бұған өнертапқыш жігіт өкінбейді. Керісінше бозбала әмбебап циркульдің авторлық құқығын қытайларға сатпағанын, олардың алдында өз ұлтының абыройын асқақ ұстағанын мақтанышпен еске алады.
"Әмбебап циркульдің патентін алып жатқанда қатты қуандым. Сахнаға 2 адамды бірдей шақырды. Ол кезде мен бар болғаны 9 сыныпта оқимын. Дегенмен денем кесек, бойым ұзын. Ал менімен қатар ортаға шыққан адам мосқалдау болды. Ұлты қытай, бойы да менен аласа. Мен одан барлық жағынан биік тұрдым. Сол жерде мен емес, менің халқым, қазағым биік тұрды. Ал қытайлықтарға әмбебап циркульдің авторлық құқығын сатпадым. Себебі ме, себебі белгілі ғой", – деді ол бізге жүзі бал-бұл жанып.
"Smart бесікке өмірімнің 6 жылын сарп еттім"
Серікболдың 10 сыныпта ойлап тапқан электронды бесігі әу баста кез келген дыбысқа тербеліпті. Қазіргісіне баланың жылаған дауысы ғана әсер етеді екен.
"Сәбидің шырылдаған дауысының жиілігі 380-415 герц аралығында болады. Электронды бесік 300-415 герц аралығындағы дыбысты ғана қабылдайды. Өйткені бесікке құрылыста қолданылып жүрген дыбыстық айырып-қосқыш орналастырылған. Сол арқылы бала жыласа, бесік тербеле бастайды", – деді Серікбол математикалық есептеулер мен геометриялық дәлдіктердің қыр-сырын ашып.
Бұл бесіктің басқа бесіктерден тағы бір ерекшелігі, мұнда сүт жылытатын құрылғы, баланың дәрет сындырғанынан белгі беретін қоңырау және ана әлдиін есіне сақтап, сәбиге қайталап айтып беретін қондырғы бар.
Бесікті оңды-солды үлкен жылдамдықпен тербете беруге болмайтынын түсінген Серікбол тиісті заңдылықтарды сақтау үшін көп ізденіпті. Сөйтіп жүргенде ол жапонның әйгілі медицина ғалымы Гау Шияу Иуе Илаңның зерттеулерін табады.
Өз еңбегінде ғалым: "Ана құрсағында бала тербеліп жатады. Ол баланың миына оң әсер етеді. Баланың денсаулығы қалыпты болу үшін бір тербелістің жиілігі 1,8 секунд болуы қажет" деп жазыпты. Осы деректі қазақ әйелдерінің бесік тербетуімен салыстыра тексерген Серікбол бесікке төрт дөңгелек қосады. Ол бала ағзасына қауіп төндірмейтін, кернеуі 36 вольт қана болатын тоққа тәуелді болады. Ал тербеліс жиілігі 1,8 секундқа шақталады. Нәтижесінде бала жыласа, бесік тербеледі.
Серікбол үшін бесіктегі сүт жылытқыш қондырғыны ойлап табу оңайға соқпапты. Баланы сәл жылытылған сүтпен тамақтандыру дұрыс емес екенін ұққан өнерлі өрен қолдан берілетін сүттің температурасы ана сүтінің жылылығымен бірдей болу қажет деген байламға келеді. Ол ғалымдардың зерттеулерін ақтара жүріп, ана сүтінің жылылығы адамның қалыпты температурасынан 1-2 градусқа ғана төмен болатынын анықтайды. Ақыр аяғында осы температураны бір қалыпта ұстап тұратын сүт жылытқыш қондырғыны ойлап табады.
Серікбол дүниеге әкелген Smart бесікті "ақылды бесік" десек, қателеспейміз. Өйткені ол қай қырынан алып қарасаңыз да аналардың қолын ұзартып отыр.
Серікболдың электронды бесігін нарыққа жаппай шығаруға біздегі "атымтай жомарттар" құлық танытпай отыр. Ал жапондар өнертапқыш жігітке жалынып жүр. Қазақтың қарадомалағы жапондарға патентін сатса, олар ертең-ақ өз бесігімізді өзімізге пұлдамақшы.
"Алғашында бесікті қағаз қорапшадан жасадым. Қытайда кімде-кім жаңалық ашып, онысын тиісті комитетке көрсетсе, ондағылар құрақ ұшып, көмек көрсетеді. Ал бізде басында барлығына өзің жүгіресің. Жасағаның шын мәнінде инновациялық дүние екенін дәлелдей алсаң ғана қолдау көресің", – деді өнертапқыш жігіт.
Серікбол Smart бесікті де патенттеп алыпты.
"Қолымда әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқығы комитеті берген құжат бар", – деді ол.
Smart бесіктің ұзындығы - 100, ені - 40, биіктігі - 60 сантиметрді құрайды. Бесікті автоматты түрде немесе пультпен басқаруға болады. Осы турасында өнертапқыш: "Smart бесік сәби жыласа өздігінен тербеледі. Бесікті уақытқа шек қоюы және алыстан басқару арқылы да тербетуге болады. Бесік бала дәретке отырса, көрпесі ашылып қалса белгі береді.
Жалпы, Smart бесікке өмірімнің 6 жылын сарп еттім. Оны алдағы уақытта Smart бесік-1, Smart бесік-2 деген атаулармен жетілдіре бергім келеді", – деді кейіпкеріміз.
Қауіпсіз үзеңгі, әдебиетті математикалық модельдеу және автоматтандырылған киіз үй
Ат құлағында ойнап өскен қазақ баласы үзеңгінің не екенін жақсы біледі. Оның атқа мінгенде, түскенде, бәйгеге шапқанда атқаратын қызметінің рөлі зор екені айтпаса да түсінікті. Дегенмен үзеңгінің бір кемшілігі бар. Адам аттан ауып, аяғы үзеңгіге ілініп қалатын болса, өлімге душар болуы мүмкін. Осыны болдырмас үшін Серікбол үзеңгінің жаңа жобасын жасады.
Бұл үзеңгінің әдеттегі үзеңгіден айырмашылығы, оның үштен бір бөлігі алынып тасталған. Осы арқылы өнертапқыш қауіпсіздікке кепілдік беріп қана қоймай, үзеңгі жасауға жұмсалатын материалды үнемдеген.
Әдебиетті математикалық модельдеу арқылы 100 бетке жуық шығарманы бір беттік сызбаға сыйғызуға болады екен. Осыны дәлелдеу үшін Серікбол Мұхтар Әуезовтың "Қара қыпшақ Қобыланды" атты 4 актілі, 8 суретті дастан-драмасын алыпты.
Әдеби образдарды Y осі арқылы моральдық өлшем етіп көрсеткен жігіт кейіпкерлерді жағымды және жағымсыз деп 2 топқа бөлген. Сәйкесінше жағымды кейіпкерлерді Y осінің оң жағына, жағымсыз кейіпкерлерді сол жағына орналастырған. Ал кейіпкерлердің жасын Х осімен белгілеп, бас кейіпкерлерді • арқылы, жанама кейіпкерлерді ° арқылы бейнелеген. Нәтижесінде 100 беттік әдеби шығарма, 1 беттік математикалық модельге айналған.
Қазір Серікбол автоматтандырылған киіз үйдің үлгісін жасауды ойлап жүр. Бұл ой әлі пісіп-жетілмегендіктен, оның қандай болатыны туралы ешкімге тіс жарғысы келмейді. Дегенмен түптің түбінде автоматтандырылған киіз үйдің пайда болғанын құлағыңыз шалып жатса, авторы Серікбол екеніне күмән келтірмеңіз.
"Ғылымда жолым болмаса...."
Серікбол осылай дегенде жүрегіме шаншу қадалғандай болды. "Ғылымда жолым болмаса..." дейді. Ашынғаннан айтып отыр ғой, әйтпесе өнертапқыш жігіттің ғылымдағы жолы әлдеқашан болып қойды емес пе?!
Алдағы уақытта қалталылар тарапынан Серікболға қолдау көрсетілмесе, ол біржола бизнеске бет бұрады. Сөйтіп Қазақстан мықты өнертапқышынан айырылады. Тума талант тұншығады, тұншықтырылады. Сосын биік мінбелерден сөз сөйлейтін лауазымды тұлғалар: "Бізде жас ғалымдар жоқ, аға буын мен іні буынның арасында кеңістік көп" деп даң-дабыра жасап, бұрынғы байбаламдарына басады. Ал өнертапқыштығымен өрге өрлеген өрен жатжұрттың жарылқағанын емес, өз елінінің өгейсітпегенін, қалайды. Бауырына басса, қолдаса екен дейді.
Серікболға электронды бесіктің авторлық құқығы үшін жапондар ұсынып отырған қыруар қаржыны алып, шырт түкіріп жатуға да болады. Бірақ ол бұлай етуге арланып отыр.
"Намысым жібермейді. Қазақстанға қоныс аударғанда атажұртымның өсіп-өнуіне бар күшімді жұмсаймын, егемен елімнің гүлденуіне атсалысамын деп келгенмін. Бабамыздан мұра болып қалған бесікті жапондардың қанжығасына байлап берсем, елдің бетіне қалай қараймын?" – дейді өнертапқыш өрен.
Шынар Қанашева