Қазақстандық семсерлесуші София Актаева Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджейра қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы рапирадан Әлем кубогында күміс медаль жеңіп алды.
София турнирді іріктеу кезеңінен сенімді бастап, барлық жекпе-жекте жеңіске жетіп, өз тобында бірінші орынға шықты.
Плей-офф кезеңінде қазақстандық спортшы жоғары деңгейдегі шеберлігін көрсетті. Алдымен ол 1/16 финалда Гонконг өкілі Wong Shun Yat-ты 15:9 есебімен жеңді. Одан кейін 1/8 финалда Словакия спортшысы Rebeka Liliana Forgach-ты 15:13 есебімен ұтты.
Ширек финалда София Қытай құрамасының өкілі Zhu Liting-ті шешуші бір ұпай айырмасымен – 15:14 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Ал жартылай финалда қазақстандық спортшы тағы бір қытайлық семсерлесуші Hu Beini-ден 15:8 есебімен басым түсті.
Финалдық жекпе-жекте София Ресей спортшысына 11:15 есебімен жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Осылайша, ол 2026 жылғы маусымды жоғары нәтижемен бастап, Қазақстан қоржынына алғашқы медальді салды.