Соғыс ардагері: Қарттар үйіндегідей бағып-қағатын адам жоқ

3880

От пен оқтың ортасынан аман өтіп, бүгінде жасы 89-ға келген майдангер Олег Линник қарттар үйінде тұрып жатыр.  

Соғыс ардагері: Қарттар үйіндегідей бағып-қағатын адам жоқ

Олег Иванович Линник 6-сыныпты аяқтай сала қан майданға аттанған. Небәрі 15 жастағы бозбала құжат бойынша тағы үш жас қостырып алып, фашистерге қарсы соғысқа кете барған.

– Олег Иванович, бүгінгі біздің бейбіт өміріміз - сіздердің ерліктеріңіз. Жалғыз анаңызды қалдырып, қалайша соғысқа кеттіңіз?

– Иә, біздің тағдырымыз енді қайталанбасын деп тілеймін. Мен Краснодар облысының тумасымын. 6-сыныпты тәмамдап, қол өнер училищесіне түстім. Анама көмектескім келді. Өйткені, әкем қайтыс болған соң, жағдайымыз қиын болды. Бірақ 1942 жылы немістер қаламызға жақындап қалды деп, барлығымызды қаладан шығарды.

– Сонда анама қайтамын деп сұранған жоқсыз ба?

– Ол кезде ата-анаңа бар деп жатқан ешкім жоқ. Барлық баланы қуып шықты. Немістерден қаштық. Аман қалсаңдар шүкір деңдер деді. Сөйтіп Кавказ тауларынан асып, Туапсе қаласына жеттік. Бұл жерде артқа шегініп келе жатқан әскерлер, теңізшілер мен басқалар да болды. Тек түнде жолға шығатынбыз. Себебі, күндіз немістер бомбалайтын. Кейін олар түнде де шабуыл жасауды меңгеріп алды. Содан соң қашудың өзі қиын болып кетті. Туапсе қаласында директорымыз барлығымызды жинап, діттеген жеріміз - Самарқан қаласы екенін айтты және "Кім қалай жетсе де, өзі біледі" деп жол сілтеді.

– Самарқанға жеттіңіз бе?

– 1942 жылдың қыркүйегінде бар-жоғы 15 адам болып соңғы нүктеге де жеттік. Ол жерде бірден фабрикалық оқуға тіркеді. Алты айдан кейін бір топ жинап, Жайық жаққа жөнелтті. Жолда қос өкпеме қатты суық тиіп, Свердловтың ауруханасынан бір-ақ шықтым. Ауруханада бірі - қолынан, біреуі аяғынан айрылған солдаттар көп болды. Сондағы көріністердің бәріне қарап жату мүмкін емес еді. Сөйтіп соғысқа барамын деп шештім.

– Жасыңыз 15-те болды ғой. Қалай қабылдады?

– 1 тамыз күні таңертең комиссарға барып, өз еркімен майданға баратынымды айттым. Жасың нешеде деген сұраққа, есімде жоқ деп жауап бердім. Сөйтіп, 1928 жылы туылғаныммен, құжатқа 1925 жыл деп жазғызып алдым. Соғысқа кетер алдында ата-анаңа немесе туысқандарыңа хат жазу керек. Мен Ақмолада тұратын әпкеме "Лагерьге бара жатырмын" деп хат жазып жібердім. Себебі, соғысқа бара жатырмын деп жаза алмайтыным белгілі. Ертеңгісін таңертеңмен аттандық.

Ол күндер әлі көз алдымда. 25-танкілік корпус отрядының құрамында болып, 26 күн Курскіні азат еттік. Екі жақтан да қарша бораған оқ пен отты  ұмыту мүмкін емес. Киевтің солтүстік-батыс бөлігіндегі "Бабий ярда" қырылып жатқан адамның санында шек болмады. Қаншама жылғы қырғыннан кейін, Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа ту тігіп, жеңіске жеткенімізді, радиодағы хабарламаны естігенде ұзақ уақытқа дейін өз-өзімізге сенбей жүрдік. Өйткені, соғыс бітпейтіндей болып көрінді.

– Анаңызбен қауыштыңыз ба?

– Жоқ, өкінішке қарай, анамды көре алмадым. Мен соғыста жүргенде ол қайтыс болыпты. Сол себепті, Ақмоладағы әпкеме қарай тарттым. Қалтамда көк тиын жоқ. Не істерімді білмей, вокзалға келдім. Ол жерден келісіп, Ақмолаға жетіп алдым. Әпкемнің мекенжайын сұрастырдым. Вокзалда ақмолалық жігіттерден бір-екі сом ақша сұрадым. Оларға мән-жайды айтып, түсіндірдім. Жігіттер көлігімен әпкемнің үйіне дейін жеткізді. Қазақтың қонақжайлылығы ғой. Осылайша, Қазақстанмен қауыштым. Менің анамдай мейіріммен қабылдаған да Қазақстан еді.

– Қазір жағдайыңыз қалай? Ұлдарыңыз бар екен, олар қайда?

– Иә, екі ұлым бар. Үлкенім – шетелде, кенже балам Ақмола облысында тұрады. Жолдасым қайтыс болды. Қазір қарттар үйін паналап отырмын.

– Сонда баспанаңыз жоқ па?

– Иә, баспанам жоқ. Болса да, Қарттар үйіндегідей бағып-қағатын адам жоқ. Жасым 89-ға келді. Сондықтан осы жерде болғаным дұрыс шығар.

– Олег Иванович, Жеңіс мерекесімен құттықтаймыз! Салиқалы әңгімеңізге рахмет, соғыстағы ерен ерлігіңізге бас иеміз!

Сұхбаттасқан Рахиля Бекназарқызы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу