Соғыс, бейбітшілік немесе тығырық?

3339

Америкалық барлаушыларға сенсек, Украинада соғыс бірнеше күнде басталуы мүмкін.   

Соғыс, бейбітшілік немесе тығырық?

Кейбір әуе компаниялары Украина астанасына рейстерді доғарып жатыр. Киевтегі әскерилер болса, жексенбі күні НАТО елдері жіберген қару-жарақтың жаңа партиясын қабылдап алды. Ал АҚШ-тың ескертуінше, Ресей армиясы Украинаға бірнеше күннің ішінде басып кіруі мүмкін.

Президент Владимир Зеленский америкалық әріптесі Джо Байденмен бір сағатқа жуық сөйлесіп, оған өз елінің әлдеқайда қуатты ресейлік әскердің шабуылынан "сенімді қорғаныста" екенін жеткізді.

Байден әкімшілігіне сенсек, Ресей жақын күндері Украинаға басып кіру үшін жалған сылтау ойлап табуы мүмкін.

АҚШ пен Еуропаның барлау қызметтері соңғы күндері мәлімдегендей, Ресей сейсенбі күні Украинаның шығысында жоспарланған әскери жаттығуларды нысанаға алып, соғысқа кірісуі ықтимал.

Сондай-ақ америкалық барлаушылардың болжамынша, әскери жаттығуларды нысанаға алу – Ресей қарастырып жатқан көптеген нұсқаларының бірі ғана. Дегенмен Ақ үй өкілдері Президент Владимир Путиннің басқыншылық жайлы түпкілікті шешімін нақты білмейтінін айтып отыр.

Мәскеу жіберген күштер Украинаның солтүстігіне, шығысына және оңтүстігіне жиналып жатыр. Алайда Кремль ол маневрларды әскери жаттығулар деп сипаттап келеді.

АҚШ әкімшілігі таратқан жаңа деректерге жүгінсек, қазір Украина шекарасының бойына шоғырланған ресейлік күштердің саны 130 000-нан асып кетті. Өткен аптада ғана олардың қатары 100 мыңнан аспайтын.

Алайда Зеленский бірнеше рет АҚШ-тың ескертулерін жоққа шығарып, оның Ресей Украинаға аптаның ортасында басып кіруді жоспарлады деген мәлімдемелеріне күмән келтіріп отыр.

"Біз барлық тәуекелдерді түсінеміз. Егер сізде немесе басқа біреулерде орыстардың шабуылы ақпанның 16-да басталатыны туралы 100% сенімді ақпарат болса, оны бізге жіберіңіз", – дейді жақында телеэфирде сөйлеген сөзінде Зеленский.

Украина экономикасына нұқсан келтіреді деген себеппен Зеленский халықты байбаламға бой алдырмауға үндеп отыр. Бірақ оның азаматтық және әскери әкімшілігі елді қорғанысқа дайындау мақсатында АҚШ пен НАТО-дан қару-жарақты партия-партиясымен алып жатыр.

НАТО-ға мүше Литвадан жексенбі күні Украинаға "Стингер" зениттік зымырандары мен оқ-дәрілер тиелген ұшақ қонып, елдің кез келген авиациялық шабуылға қарсы қорғанысын күшейте түсті.

Зеленский болса, демалыс күндері Украинаның Ресей аннексиялаған Қырыммен шекаралас ауданына барып, танктер мен тікұшақтар да тартылған жаттығуларды тамашалады. Дегенмен кейбір украиналықтар Путиннің елге шынымен де әскер кіргізетініне сенбейді.

"Ресейдің бізге шабуыл жасайтынына күмәндімін. Сахалинде, Краснодарда достарым бар. Сенбеймін", – дейді жергілікті тұрғын Борис Черепенко.

АҚШ Ресейдің басқыншылық жоспары немесе оның жүзеге асырылатын уақыты жайлы ең нақты ескертулеріне қатысты дәлелдерді көпшілікке жариялаған жоқ.

"Ресейге бұл жерде тосын сый жасауға мүмкіндік бермейміз. Біз әлемге көрген жайттарымызды мүмкіндігінше анық етіп баяндауды ойлаймыз", – дейді АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан жексенбі күні CNN-ге берген сұхбатында.

Орыстар Украина маңына және Беларуське зымырандық, әуе, теңіз және арнайы операциялар күштерін орналастырды. Сонымен қатар өткен аптада Ресей алты амфибиялық шабуылдаушы кемесін Қара теңізге жөнелтіп, өзінің жағалауға әскер қондыру мүмкіндігін арттырды.

Путин Украинаға шабуыл жасау ниетін жоққа шығарып, Батыстан бұрынғы Кеңес Одағы елдерін НАТО-ға кіргізбеуді талап етіп отыр. Сонымен қатар ол НАТО-ның Ресей шекарасына жақын жерде қару-жарақ орналастырудан бас тартқанын және Шығыс Еуропадағы күштерін кері қайтарғанын қалайды. Батыс болса, бұл талаптарды орындауға үзілді-кесілді қарсы.

Байден мен Путин сенбі күні бір сағаттан астам сөйлесті. Алайда Ақ үй ол әңгіменің Еуропадғы соғыс қаупін сейілтетіні жайлы ешқандай болжам айтпады.

Батыстың алаңдаушылығын көрсете отырып, голландиялық KLM әуе компаниясы Украинаға авиациялық рейстерді тоқтатты. Украинаның SkyUp чартерлік әуе компаниясы жексенбі күні өзінің Мадейрадан (Португалия) Киевке аттанған ұшағының Молдова астанасына бұрылғанын хабарлады.

Украинаның "Украерорух" әуе қозғалысы қауіпсіздігі агенттігі де мәлімдеме жасап, Қара теңіз аспанын "қауіпті аймақ" деп жариялап, ұшақтарға 14-19 ақпан күндері осы теңіздің үстінен ұшудан аулақ болуға кеңес берді.

Германия канцлері Олаф Шольц дүйсенбіде Киевке ұшып, Зеленскиймен, ал сейсенбіде Мәскеуде Путинмен кездеседі.

АҚШ пен НАТО Ресеймен соғысу үшін Украинаға әскер жібергісі келмейтінін ашық айтып отыр. Есесіне, Байден НАТО-ның шығыс флангындағы одақтастарын тыныштандыру үшін АҚШ-тың Еуропадағы әскерін күшейтуге кірісті. Ол Украинамен шекаралас Польша мен Руымнияға қосымша 3 000 сарбаз жөнелтуге бұйрық берді.

Америка Құрама Штаттары Киевтегі елшіліктегі қызметкерлерінің көпшілігін шығарып, барлық америкалық азаматтарды Украинадан дереу кетуге шақырды. Ұлыбритания да басқа еуропалық елдерге қосылып, өз азаматтарына эвакуациялануға үндеген.

Ресей мен Украина арасындағы тайталас 2014 жылы Украинаның Кремльге жақтас лидері халық көтерілісі нәтижесінде биліктен аластатылғаннан кейін ушықты. Сол жылы Мәскеу Қырым түбегін аннексиялап, кейін Украинаның шығысында 14 мыңнан астам адамның өмірін қиған әскери жанжалдарда сепаратистерді қолдады. Ал 2015 жылы Франция мен Германияның делдалдығымен жасалған Минск келісімі ауқымды соғысты тоқтатуға көмектескенімен, Донбасстағы қақтығыстарға мүлде нүкте қоя алмады.

Кейбір бақылаушылардың ойынша, Украинаның тағдырын алдағы апта шешуі мүмкін. Оны не соғыс, не бейбітшілік, не тығырық айқындамақ.

"Келесі 10 күн немесе оған таяу уақыт өте маңызды болады", – дейді АҚШ-тың Грузиядағы бұрынғы елшісі және Солтүстік-Батыс университетінде халықаралық қатынастардан сабақ беретін отставкадағы дипломат Ян Келли "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу