Солтүстік Қазақстандағы фермер бір күнде қанша табыс табатынын айтты

3657

Облыстағы ірі кәсіпорын "Дайындық" ЖШС-ның директоры Біржан Шаймерденов сүтті сиырлар мен олардың бұзауына ерекше күтім жасайды. Бұзауларын балабақшадағы сияқты топтарға бөліп-бөліп қарайды.  

Солтүстік Қазақстандағы фермер бір күнде қанша табыс табатынын айтты

Бүгінде жұмысының "қызығын көріп отырған" ол: "Белгілі деңгейге жеткенде экономикалық жағдайыңды нақты есептеп, қанша табыс табатыныңды біле аласың" дегенді айтады. Іnbusiness.kz тілшісі фермердің орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтқан "құпиясын" баян етеді.

Кәсіпкер осыдан төрт жылдай уақыт бұрын 1 200 басқа арнап үлкен кешен салып, Австриядан 600 бас асыл тұқымды сиыр алып келген.

Оның айтуы бойынша, дәл осындай жұмыс бастағысы келетін адам алдына мол сүт алу, бұзауды сақтап қалу және малды ұрықтандыру деген үш мақсат қоюы керек.

"Мол сүт алу үшін малға құнарлы азық беру керек. Азыққа малдың тәбетін ашатын арнайы қоспаларды міндетті түрде қосамыз. Сонда сиырлар исі аңқып тұрған жемшөпке құмарлана бас қояды. Өзіміздің шаруашылықта дәнді-дақылдар егіледі, сондықтан екі жылға жететін азығымыз дайын тұрады",– дейді фермер. 

Ал екінші мақсат бойынша мүлде ерекше еңбектенбесе болмайды. 

"Бізде сиыр бұзаулағаннан кейін, "бұзаулау" бөліміне, яғни жеке қоршауға түседі. Ол бөлімде бұзау үш күн енесінің уызына тоюы керек. Он күн өткенде бұзаулар топтарға бөліне бастайды. Топтарды бұзаулардың енелеріне байланысты ең сүтті, орташа сүтті және сүті аз деп үш түрге жіктейміз. Өйткені сиырлар күніне үш рет сауылатындықтан әр топтағысына әр түрлі әдіс қолданылады. Бір топта 10 бұзау болады. Ол жерде екі ай көлемінде ақ сүт береміз. Ал туғанына бес ай болғанда кептірілген сүт бере бастаймыз. Сонда бұзау 180-200 келіге дейін салмақ тартады. Содан кейін "үлкендер" тобында ұрғашы мен еркегін екіге бөліп қараймыз. Бұзауды сақтап қалу үшін ерекше күтім жасау керек", – дейді Шаймеренов.

Оның айтуы бойынша, жоспардың үшінші кезеңіне өтпей тұрып малды ұрықтандыруға дайындау керек.

"Сиырлар "УЗИ-де" тексеріліп, гинекологиялық ауруы барлары емделеді. Содан кейін барып келесі жылға ұрықтандыруға дайындық жүргізіледі, яғни күтім жасалады. Қай күні ұрықтанғаны, неше рет ұрықтанғаны тіркеліп отырады. Міне, осылай әрекет еткенде кәсіпорын тиімді бола бастайды. Экономикалық ахуалы алға басады. Осындай жұмыс деңгейіне жеткенде барып қанша табыс табатыныңды, қанша сүт беретініңді есептеуіңе болады", – дейді Шаймерденов.

Оның басқаруындағы кәсіпорында 600 сауынды сиыр бар. Соның 450-500-і сауылады. Өйткені сиырлар әртүрлі жағдайға орай сауыннан босатылып отырады. Сүт өңдеуші зауытқа күніне 10-11 тонна сүт тапсырады. Зауыт өз көліктерін жіберіп алдырып отырады. Сүт өткізген жері тиісті ақшасын аптасына бір рет аударады. 

"Бір литр сүтті зауытқа 165 теңгеден өткізсек, оған мемлекеттен 45 теңге субсидия аламыз. Бір күнде, шамамен, 2 млн-нан артық ақша түсіреді екенбіз. Ол қаражат күнделікті қажеттілік пен ферманы жөндеуге жұмсалады. Іс жүргеннен кейін еңбегің ақталады. Біздің сауыншылар айына 300-400 мың теңге арасында ақша алады. Малшылар 250-280 мың теңге алады. Жұмысшылар айына төрт күн демалады. Жалпы 32 жұмысшы бар. Екеуі түнге кезекте істейді. Біреу күзетеді, екіншісі сиырдың алдындағы азық салынған науа жылжып кетсе итеріп, таятып қойып отырады. Шынын айтқанда, ісіміздің қызығын көріп отырмыз. Құлшыныспен кіріскен адам егін ғана емес, малдан да жақсы пайда таба алады", – дейді фермер.

Тасқын Болатұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу