Соңғы 30 жылда болмаған жағдай: қуаңшылық қос бүйірден қысып тұр

Шаруалар әбден тығырыққа тірелді.

Соңғы 30 жылда болмаған жағдай: қуаңшылық қос бүйірден қысып тұр

Биылғы жаз тұтас елдегі шаруаларға оңайға соқпай тұр. Күзде алқаптардан дақылдар, шабындықтардан шөп аз жиналатыны анық. Мұның барлығы онсыз да қымбат ауыл шаруашылығы тауарлары бағасының одан сайын аспандап, көптеген кәсіпкердің тақырға отыруына себеп болуы ғажап емес, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бұл ретте павлодарлық шаруалар да не істерін білмей дал. Ұсақ шаруашылықтар былай тұрсын, талай жылдан бері кәсібін дөңгелетіп келе жатқан ірі агрокешендердің де амалы таусылып отыр.

Успен ауданындағы "Галицкое" ЖШС - тек облыстағы емес, елдегі ірі сүт өндірушілердің бірі. Мұнда сүттен түрлі өнім дайындалып, отандық нарықтан орын алып отыр. Алайда алдағы уақытта аталмыш кәсіпорын тауарларын дүкен сөрелерінен сирек кездестіруіміз мүмкін. Себебі биылғы қуаңшылық ірі кәсіпорынды да қыспаққа алды.

"Сәуірден бастап жауын-шашын болған жоқ. Мұндай оқыс жағдайды соңғы 30 жылда алғаш рет көріп отырмын. Сондықтан қолда бар азын-аулақмалды сатып, арзан бағаға өткізуге тура келеді. Жалпы, тұрғындар қыстан қалай шығарын білмей дал. Ол аздай кей шаруалар субсидияны әлі күнге дейін ала алмай келеді. Бұл да жығылған үстіне жұдырық болып тұр",-дейді аталмыш шаруашылық басшысы Александр Касицын.

Аймақтағы ірі көкөкніс өсірушілердің бірі Зейнолла Сәлменбаев биылғы қиындықтың зардабы келесі жылы да тиетінін алға тартады.

"Осы жылы тұқым салған 30 мың гектар алқабымның 80%-ы күйіп кетті. Демек, биыл сапалы өнімсіз, келесі жылы тұқымсыз қалатын түріміз бар. Гербицид, минералды тыңайтқыштардың бағасы удай қымбат екені тағы бар. Осының барлығын ескеріп, шаруалардың несиесін кешіктіріп төлеуге мүмкіндік беретін тетікті қарастыру керек. Жерді игеріп отырғандардың ешқайсысы шалқып отырған жоқ, барлығы да несиеге "батып" отыр",-дейді ардагер.

Агроөнеркәсіп саласында ұзақ жыл тер төгіп жүрген кәсіпкер Николай Миллер Үкімет тарапынан тиісті қолдау шаралары қарастырылмаса, бұл салада дамудың болмайтынын алға тартады.

"Осы жылы барлық алқаптан ары кетсе 30% ғана өнім алынады. Соның өзінде сапасы жоғары боларына күмәнім бар. Өнім аз әрі сапасыз болса қаржыдан қағыламыз. Сонда келесі жылы қайтіп күн көреміз?! Маған тек тұқымды сатып алуға ғана 1,5 млрд теңге керек. Оны қайдан аламын? Үкіметқолдау шараларын қолға алмаса, біздің жағдайымыз 10-15 жыл бұрынғы кейіпке оралады. Одан соң көрсеткіштерді қайта арттыру оңай болмайды",- дейді шаруа.

Жалпы, көктемде 981 мың гектарға себілген дәнді дақыл алқабының бүгінде 98 мың гектары ғана "жақсы"деп бағаланып отыр. Тағы 661 мың гектар егістіктің жағдайы қанағаттанарлық болса, 75 мың гектары "жаман" деген бағаға ие. Тағы 147 мың гектардан қайыр жоқ, себебі бұл көлемге себілген тұқым мүлде өнім бермейді.

Мал азығымен қамту мәселесі де мәз емес. Шөптің шығымдылығы төмен. Былтыр осы уақытта бір гектардан 16,6 центнер шөп жиналса, қазір 12,1 центнерге әрең жетіп отыр. Сондықтан жергілікті билік қазірден-ақ Солтүстік Қазақстан облысымен келіссөз жүргізіп, сол өңірден мал азығын тасымалдаудың қамына кірісіп кетті.

Шаруалар осыны назарға алып, біраз уақыт бұрын Президентке қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялау туралы хат жолдаған-ды. Алайда Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың сөзінше, төтенше жағдайдан айтарлықтай жеңілдік бола қоймайды. Оны жариялаудың қажеті жоқ, қысқасы. Әкімдік онсыз да жан-жақты қолдау көрсетуге бейілді. Мәселен, арзандатылған жанар-жағармайдың көлемі 4 мың тоннадан 10 мың тоннаға көбейген. Шөптің бағасып арзандатуға 2 миллиард теңге бөлініп отыр. Оған қоса, әр ірі қараға 15 мың теңге, ұсақ малға 5 мың теңге субсидия берілмек. Несиелерді төлеу мерзімін қайта қарау бойынша да шаралар қолға алынады. Жалпы, 1500-ге жуық шаруа мемлекет көмегіне иек арта алады

Осындай кешенді шаралардың қарастырылып жатқаны жақсы-ақ, десе де оның игілігін әдеттегідей ірі шаруашылықтар ғана көруі ықтимал. Ал қорадағы азын-аулақ малымен күн көріп отырғандарға қайтпек керек?! Қазірдің өзінде кей ауылдарда бір тіркеме шөптің бағасы 70-80 мың теңгеге дейін сатылуы мүмкін деген әңгіме ел арасында желдей есіп жүр. Сондықтан ауылдағы ағайын талай жыл өсірген малын су тегінге сата бастады. Шөпті жинау, жеткізуді ғана емес, оның бағасын реттеуді де жергілікті билік назарға алса игі.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу