Соттардың біраз құзыры енді прокурорларға берілуі мүмкін

5436

Судьялар секілді, прокурорлардың да тәуелсіздігі күшейтіледі. Бұл үшін прокуратура органдарына қысқартуға жатпайтын "бюджеттік блок" бөлу, прокурорлар жалақысын жыл сайын өсіру ұсынылып отыр. 

Соттардың біраз құзыры енді прокурорларға берілуі мүмкін

"Қасіретті қаңтар" оқиғалары кезінде прокуратура органдарының түсініксіз тірлігіне қоғамның бір бөлігі түңілгені жасырын емес. Елдегі құқықтық тәртіптің сақталуында, кейбір жазықсыз ұсталғандардың құқығын қорғауда және басқа мәселелерде жоғарғы қадағалаушы орган тегеурінді ісімен көзге түсе алмады. Ақорда бас прокурорды ауыстырды. Ел Президенті осы органға қатысты реформаларды жариялады.

Кезінде өзгені қабағымен отырғызып-тұрғызатын қаһарлы орган мұндай күйге қалай жеткен? Бұрынғы "жаңғырулар" кесірінен ол көптеген құзырынан айырылыпты, қылмыстық қудалау өрісіне қуып тығылыпты.

"2017 жылғы өкілеттіктерді оңтайландыру салдарынан прокурорлардың жұмысындағы басты екпін қылмыстық процеске ауыстырылды. Тексерулер жүргізу және шағымдарды қарау кезінде прокуратураның араласу мүмкіндіктері шектелді. Сонымен қатар мемлекеттік органдар азаматтар мен бизнестің проблемаларын сапалы шешуді қамтамасыз ете алмай келеді", – деп түсіндірді Бас прокуратура.

Жалпы бұл орган қаржыландырылу, қызметкерлерін қорғау және қолдау жөнінен дамыған түгіл, посткеңестік кеңістіктегі елдерден арттап қалғандай. Мысалы, Арменияда прокурорлардың өмірі міндетті мемлекеттік сақтандырылады. Жоспарланбаған, күтпеген шығыстарын қаржыландыру мақсатында, әрі қалыпты қызметін қамтамасыз ету үшін "Прокуратураның резервтік қоры" көзделген. Ол қордың көлемі прокуратура үшін әр жылға арналған бюджеттің 2%-ына тең.

Грузияда әр прокурор мемлекет есебінен әлеуметтік сақтандырылады. Қызмет міндеттерін орындау кезінде прокуратура қызметкеріне немесе оның отбасы мүшесіне келтірілген зиян-залал толық көлемде бюджеттен өтеледі. Беларусьте, Молдовада прокурорлар таксиден басқа барлық қоғамдық, қалалық, қала маңындағы және жергілікті жолаушылар көлігін тегін пайдаланады, пойызда да тегін жүреді. Бізде мұның бірі де жоқ.

Прокурор мәртебесі төмендеген бе?

"Ауруын жасырған өледі" дейді қазақ даналығы, жасыратыны жоқ, бізде тіпті прокурорлардың киім-формасын уақытылы жаңартуға да билік ақша бөле бермейді екен. Жаңасын сатып алу үшін орган өзге бағыттардан қаржы үнемдеуге мәжбүр. Қызмет бабымен қосымша шығын шығару қажет болса, Үкімет пен Парламентке қол жайып жүретін көрінеді.

"Прокуратура органдарын қаржыландыру жүйесін қайта қарау қажет. Бүгінгі таңда жоғарғы қадағалау органын бюджеттік қамсыздандыруды Үкімет шығыстардың лимиттері шегінде ғана жүзеге асырады. Бас прокуратура бюджеттік өтінімін осы лимиттер шегінде енгізе алады. Бұл ретте прокуратураның іс жүзіндегі, нақты қажеттілігі бекітілген лимиттерден асып түседі. Салдарынан қосымша қаржыландыруды сұрап, Үкіметке, Парламент депутаттарына бірнеше рет өтініш жасауға тура келеді. Мысалы, жыл сайын Бас әскери прокуратура қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін төлеуге, сондай-ақ нысанды-формалық киім сатып алуға қосымша қаражат бөлуге өтініш беріледі, бірақ ол өтініштер қолдау таппайды. Содан қосымша қажеттілік бюджет қаржысын үнемдеу есебінен өтеледі", – деп мәлім етті Бас прокуратура.

Ал прокуратура қызметкерлерін өзге өңірге ротациялағанда оларға көтерме жәрдемақы төлеу тіпті заңнамалық деңгейде қарастырылмапты. Салыстырсақ, мысалы, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне, Қорғаныс министрлігінің, Қарулы күштердің әскери қызметшілеріне өзге қала-өңірге қызметтік ауыстыру кезінде көтерме жәрдемақылар төлеу мәселесі тиісті құқықтық актілермен реттелген.

Мұның бәрі прокурор мәртебесін асқақтатпасы даусыз. Қазақстан заң қатаң сақталатын құқықтық мемлекет болуы үшін еліміздегі жоғарғы қадағалаушы органға білікті мамандар – белді заңгерлер мен құқықтанушылар келгені маңызды. Мына жағдайда оларды қалай қызықтырмақ? Жете қаржыландырмау, әлеуметтік қорғалмау прокурорларды қызметтік куәлігін қалқан етіп, заңсыз пайда табуға, қылмысқа қолын малуға, бақыт-ауқатын коррупциядан іздеуге итермелеуі ықтимал. Оның үстіне прокурорлар шенеуніктерге кіріптар.

"Прокуратураны қаржыландыру толығымен атқарушы органға тәуелді. Бұл оның ерекше конституциялық мәртебесімен еш қабыспайды. Негізі, қаржыландырудың қолданыстағы тетігін сақтау орталықта да, жергілікті жерлерде де прокурорлардың заңдылықты қамтамасыз ету жұмысындағы объективтілігіне, табандылығына және батылдығына айтарлықтай теріс әсер етуі мүмкін", – деп ескертті Бас прокуратура.

Реформа аясында не ұсынылады?

Біріншіден, "Прокуратура туралы" жаңа, жеке конституциялық заң қабылданады. Оның жобасы дайын.

Екіншіден, азаматтардың құқықтары мен бостандығын, бизнестің, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғауға және қалпына келтіруге мүмкіндік беретін жаңа пәрменді құралдар мен тетіктер өмірге жолдама алады.

Үшіншіден, жоғары қадағалау органы жаңғыртылып, прокурорлар қызметінің кепілдіктері нығайтылады.

"Қолданыстағы заңнама прокуратура органдарының әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік бермейді. Өйткені қадағалау мүмкіндіктері де, прокуратура органдары қарай алатын өтініштердің санаттары да едәуір қысқартып тасталған. Сондай-ақ прокурордың сұрау салуларын өзге органдар уақтылы орындамайды. Бұдан өзге тексерулерді тағайындау және жүргізу тәртібін қайта қарау қажет. Төмен тұрған жергілікті прокурорлардың дербестігін күшейту керек. Қолданыстағы заңнама прокурорлық тексерулерге аудиторларды, басқа мамандарды тартуға мүмкіндік бермейді", – деп түсініктеме берді Бас прокуратура.

Төртіншіден, прокуратура органын қаржыландырудың жаңа моделі ұсынылды. 2022 жылдан бастап сот жүйесі бюджет бойынша тәуелсіздік алғаны мәлім: оған сәйкес сот жүйесін қаржыландырудың лимит-шегі бекітілді, ол шек барлық меморгандарға арналған шығыстардың жалпы сомасының 6,5%-ын құрайды. Осы ақшаны қайда және қалай жұмсайтынын сот билігі өзі шешеді, Үкіметтен сұрамайды. Ұқсас үлгі прокурорларға қатысты енгізілуі мүмкін.

"ЭЫДҰ жария айыптау органдарының (прокуратураның) мәртебесін Қазақстан Конституциясында айқындауға және прокурорларды қызметіне заңсыз араласудан қорғауға, олардың дербестігін, қаржыландыру тұрғысынан тәуелсіздігін кепілдендіруге ұсыным берді. Прокуратура органдарының бюджетін республикалық бюджетте белгіленген меморгандарды қаржыландыру сомасына пропорционалды түрде, пайыздық үлеспен айқындау ұсынылады", – деп мәлім етті ведомство.

Соттар бүкіл меморгандар шығысының 6,5%-ы көлемін еншіледі. Прокурорлардың шегі әзірге жария етілген жоқ. Тек ол қаржыны қысқартып, секвестрлеуге және лимитті өзгертуге рұқсат етілмейді екен.

Сондай-ақ прокуратура органдары қызметкерлерінің жалақысын инфляцияға немесе басқа макроэкономикалық көрсеткіштерге байланысты жыл сайын индекстеу, өсіру жоспарлануда

Бесіншіден, азаптаумен күресу ісінің "операторы" анықталды. Қазақстанда енді прокуратура – азаптауларды (пытки) тергеу жөніндегі уәкілетті орган болып бекітілмек. Президенттің тапсырмасымен, азаптауға қатысты қылмыстық істерді тергеу толығымен Бас прокуратураға беріледі.

Қолданыстағы тәжірибеге сай, азаматтарға азаптау тәсілдерін қолдану фактілерін негізінен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет (2021 жылы – 605 іс), шағын бөлігін – ІІМ (19 іс) және прокуратура (9 іс) тергейді.

"Бұл санаттағы істерді тергеудің тиімділігі төмен. Кінәлілерді анықтау және олардың қатыстылығын дәлелдеу қиын екенін түсініп, әрі куәгерлердің жоқтығын пайдаланып, тергеушілер адамдарды азаптайды, тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін жабық бөлмеде қолданады. Айғақ-дәлелдемелерді, бақылау камераларының бейнежазбаларын жояды. Қалыптасқан практика бойынша азаптау фактілерін тергеуді өзге құқық қорғау органы жүзеге асырады. Алайда ол органдар бір-біріне қатысты кең өкілеттіктерге және ықпал ету тетіктеріне ие емес. Сондықтан тергеуді жүргізуге белсенді түрде кедергі келтіреді. Оның соңы ол құрылымдардың бір-бірімен ведомствоаралық тайталасуына соқтыруы мүмкін", – деп хабарлады Бас прокуратура.

Шынында, Қазақстан тарихында полиция мен антикоррупциялық орган қызметкерлерінің текетіреске түсіп, бетперде киген арнайы жасақтарды жұмылдырып, бірін-бірі қуып, бақталаса аулаған жағдайлары болды.

Азаптау істерін тергеуді тегіс Бас прокуратураның алып қоюы істің мән-жайларын бейтарап зерттеуді қамтамасыз етуге ықпал етуі керек. Тек прокурордың өзі азаптаушылармен әмпей-жәмпейі бір болмаса болғаны.

Реформаның тағы бір ірі жаңалығы сол, оның аясында күдіктіге қатысты санкция беру бойынша біраз өкілеттік соттан прокурорларға берілмек. Заң жобасына сәйкес, тек күзетпен ұстауға, экстрадициялауға және үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беруді ғана судьялар еншісінде қалдыру, қалған барлық тергеу әрекеттеріне санкция беруді прокурордың өкілеттігіне жатқызу мәселесі пысықталып жатыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу