Стартап компаниялар дамуы үшін нені білуі тиіс

1650

IT салада стартап ашқан жас компаниялар аяқтан тұрып, нарықта өз орнын табуы оңай емес. Олар кәсіпті жаңа бастағанда қанша қаражат керек екенін де біле бермейді. Дегенмен, бұл жас кәсіпкерлердің істі алға жүргізуіне кедергі болмауы тиіс. 

Стартап компаниялар дамуы үшін нені білуі тиіс

Бұл туралы Astana hub технопаркінде  "Жаңа жағдайда бизнесті дамыту стратегиялары" атты ашық талқылау кезінде венчурлық инвестор Мұрат Әбдірахманов пен MTC инновациялар мен инвестициялар жөніндегі директоры Дмитрий Курин айтып берді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда IT мамандардың көп болуы салада стартаптардың артуына ықпал етіп отыр. 

"Қазақстанда әзірлеме жасайтын кадрлар – аса білікті, бірақ аздау. Бұл салада Сүлеймен Демирель университеті білікті мамандар әзірлеп жүр. Қазіргі таңда Назарбаев және КБТУ мамандар әзірлеп жатыр. Олардың нарыққа ықпалын болашақта көреміз деген сенімдеміз", дейді Венчурлық инвестор Мұрат Әбдірахманов. 

MTC инновациялар мен инвестициялар жөніндегі директоры Дмитрий Куриннің дерегінше өткен жылы Ресейде кәсіпкер портреті жасалған. "Оған сәйкес, Ресейдегі кәсіпкер – орта жасы 35-36-тегі ер адам. Ол шамамен 10 жыл корпорацияда жұмыс істеген. Тек, осыдан кейін ғана өз жобасын, өз стартапын іске қосады", - дейді Дмитрий Курин. 

Ал, Мұрат Әбдірахмановтың дерегінше, Қазақстандағы кәсіпкер портреті біршама өзгеше. 

"Бес жыл бұрын олар тәжірибесі жеткіліксіз жастар болатын. Олардың көптеген сала бойынша біліктілігі де төмен еді. Қазіргі таңда портрет біршама өзгерді. Олардың орташа жасы 35. Кәсіпкер ретінде аз-маз тәжірибе жинақтаған, кейде тіпті шетелдік компанияларда жұмыс істеп келген стартаперлер де кездеседі. Алайда квази-мемлекеттік секторда жұмыс тәжірибесі бар кәсіпкерлер өте аз кездеседі, тіпті кездеспейді",- дейді Мұрат Әбдірахманов. 

Венчурлық инвестордың пікірінше, IT қолданба жасау саласындағы мамандар жағынан елімізде тапшылық жоқ. Керісінше қазақстандық мамандар Алматыда отырып-ақ, шетелдерде, халықаралық жобаларда өз қызметтерін көрсетіп жүр. 

Дегенмен, кәсіпкер елімізде маркетолог мамандар тапшы деп есептейді. 

"IT стартаптарға қызмет көрсететін маркетолог мамандардың деңгейі тіпті Қазақстан үшін сапалы қызмет көрсету үшін жеткіліксіз. Ал, халықаралық жобалар туралы тіпті айта да алмаймыз", дейді Мұрат Әбдірахманов. 

Жалпы, кез-келген стартап табысты жұмыс істеуі үшін, оның екі құрылтайшысы болуы тиіс және екеуінің біліктілігі де екі түрлі болғаны жөн, дейді маман. 

"Біріншісі бизнеске бағытталған болса, екіншісі технологияны жақсы білуі тиіс. Ал, стартапер бизнесін жалғыз өзі бастаса – оған өте қиын болады. Өйткені, қазіргі таңда ең алдымен адамдармен жұмыс істей білу – аса маңызды. Команда жинай білу, егер бір салада біліктілігіңіз жетпей жатса, адамдарды жалдауға болады – осылайша біліктілігі өзіңнен де жоғары мамандардан құралған команда жинай аласың. Бұл әрине оңай шаруа емес, ол үшін соған сәйкес тәжірибе болуы керек. Өйткені бизнесте кездесетін мұндай шеберлікті ешбір оқу орнында оқытпайды", - дейді Мұрат Әбдірахманов.

Сарапшылар стартап компаниялар қалыптасудың ерте кезеңінде қаражат табудан қиналатынын айтады. Жалпы, мұндай компаниялар аяқтан тұрып кетуі үшін қаржыны өз саласы бойынша "Бизнес-Періште" компаниялардан іздегені дұрыс. Өйткені олардың негізгі мақсаты да сол – болашағы бар, пайда әкеле алатын стартаптарды тауып, оған қаражат салу. 

Мұрат Әбдірахмановтың дерегінше, Қазақстанда стартап компанияларды дамыту үшін көп қаражат қажет емес. Еуропа немесе АҚШ-пен салыстырғанда Қазақстанда бұл жағынан анағұрлым жеңіл, дейді спикер. 

"Штаты 5 адамнан тұратын стартап компания аяққа тұрып кетуі үшін немесе нарықта өз мүмкіндіктерін сынап көруі үшін, яғни қызметкерлеріне жалақы төлеп, кеңсені жалға алып жұмыс жүргізіп көруі үшін жылына 200 мың доллар қажет. Осы уақыт ішінде стартап нарықта өз орнын табуы тиіс. Ол үшін неғұрлым нарыққа икемді, бейімделгіш және жылдам болуы шарт", - дейді спикер. 

Ал, Дмитрий Куриннің дерегінше статистика бойынша үш жыл ішінде 10 стартаптың 9-ы жойылады. 

"Сонымен қатар, шығарған өнімі нашар стартап емес, ешкімге керек емес өнім шығаратын стартаптың жойылу мүмкіндігі жоғары", - дейді Дмитрий Курин. 

Ал, Мұрат Әбдірахмановтың пікірнше стартаптың өміршең болуы ең алдымен стартапердің өзіне, оның тәжірибесі мен таңдаған саласына байланысты. Егер оның халықаралық аренада тәжірибесі болса онда ол стартаптың халықаралық деңгейге шығуы да жеңіл болады. Сонымен қатар, Мұрат Әбдірахманов мұндай жас компаниялардың дамуындағы тағы бір кедергі - лайықты стратегияның немесе оны жасайтын маманның аздығы. Сондықтан, сарапшылар "Бизнес-Періште" таңдаған кезде де бизнесті жүргізудің стратегиялық басымдықтарына баса мән беру керек дейді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу