Су маманы Арал теңізінің ТОП-4 тартылу себебін айтып берді

Бұл сол аумақта өмір сүріп жатқан миллиондаған тұрғынның ғана мәселесі емес. 

Су маманы Арал теңізінің ТОП-4 тартылу себебін айтып берді Фото: Интернет портал СНГ

Әрі қанша жыл өтсе де, теңіз тағдыры түйткілді тақырыптан түспей тұр.

Inbusiness.kz сайтының тілшісіне инженер-гиротехник Әлібек Сабырбаев Арал теңізі жайлы бірқатар тарихи дерекпен қоса, көпшілікке мәлім де беймәлім мәліметтермен бөлісті.

Оның айтуынша, Қызылорда облысын Еркін Әуелбеков төрт жарым жыл басқарғанда, Мәскеуде Партияның Бүкілодақтық XIX конференциясында (1988 жылы) Арал проблемасын "экологиялық апат аймағы" деп көтерген баяндамасы болған. Нәтижесінде, КСРО-ның сол уақыттағы Министрлер Кеңесінің төрағасы Николай Рычковтың қаулысы бірінші рет Арал экологиясына арналған еді.

1. 1988 жылдың 1 қыркүйегіндегі КПСС Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің "Арал теңізі ауданындағы экологиялық және санитарлық ахуалды түпкілікті жақсарту, оның бассейніндегі су және жер ресурстарын пайдалану тиімділігін арттырып, қорғауды күшейту жөніндегі шаралар туралы" қаулысы;

2. 1992 жылдың 18 қаңтарындағы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің "Арал маңы тұрғындарының тіршілік ету жағдайларын түбегейлі өзгерту бойынша жедел шаралар туралы" қаулысы;

3. 1992 жылдың 30 маусымындағы №1468-XII Қазақстан Республикасының "Арал маңындағы экология апаттан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Заңы қабылданды. (экологиялық апат аймағына Қызылорда облысының Арал және Қазалы аудандарының, Ақтөбе облысының Шалқар ауданының аймақтары кіреді. Айлық ақысын коэф. 1,5 есеге көбейтті).

4. ҚР Жоғарғы Кеңесі "Қазақ ССР қоршаған табиғи ортаны қорғау туралы" Заңының 49-бабына сәйкес, Қызылорда облысының барлық ауданын және Қызылорда қаласын, Ақтөбе облысының Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар, Темір, Шалқар аудандарын, Шымкент (Түркістан) облысының Арыс (соның ішінде Арыс қаласы), Отырар, Созақ, Түркістан (соның ішінде Түркістан қаласы) аудандары, және Жезқазған (Ұлытау) облысының Жезді (Ұлытау) ауданы экологиялық апат аймағы деп жариялау туралы" қаулысы қабылданды.

– Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап, Сырдария мен Әмудария өзендерінің суын мақта мен күрішке орынсыз пайдалану салдарынан табиғаттың адам баласына сыйға берген інжу-маржаны – Арал теңізі тартылып, тұтас бір аймақтың экологиялық тепе-теңдігі бұзылып, планетарлық экологиялық апат аймағына айналды. Арал теңізінің аймағында өмір сүріп жатқан миллиондаған халықтың тағдыры қыл үстінде тұр. Арал теңізінің экологиялық апаты, қазіргі уақытта ең өзекті мәселелердің бірі болып қалуда, сондықтан да дүниежүзі ғалымдарының назарын аударады, – дейді гидротехик.

Әлібек Сабырбаев бізбен әңгімесінде 1993 жылдың 26 наурызындағы Кіндік Азия мемлекеттері Президентерінің қатысуымен Қызылорда қаласында Арал проблемасы жөнінде өткен халықаралық конференцияны еске алды. Ол тарихта "Қызылорда конференциясы" деген атаумен қалған.

Оның сөзінше, конференцияда Арал теңізіне байланысты мынадай маңызды шешімдер қабылданған.

1. Арал теңізі аймағының проблемалары жөніндегі мемлекетаралық Кеңес құрылып, оның құрамы бекітілген.

2. Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық Қорды және оның басқармасын құрды, қордың ережесін бекіткен.

3. Аралды құтқару жөніндегі Халықаралық Қордың президенті болып, Н.Назарбаев сайланған.

4. Әр республика өз ұлттық табысының 1 пайызын осы қорға аударатын болған (Бірінші Қырғызстан және басқа да республикалар қорға 1 пайыз төлемейтін болды).

5. Кіндік Азия мен Ресей Федерациясы басшыларының Арал проблемалары жөніндегі Халықаралық конференциясы Біріккен Ұлттар ұйымының Бас хатшысы Бутрос Галиге хат жолдаған.

– Осы Халықаралық конференцияның аясында Ұлы теңізді екіге бөліп, Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу мақсатында жалпы құны 85,8 млн АҚШ долларын құрайтын "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу" САРАТС-1 ірі ұлттық жобаның бірінші кезеңі іске асырылды. Оның ішінде 64,5 млн доллары – Халықаралық даму банкісінің несие қаржысы, ал қалған 21,29 млн доллары республикалық бюджеттен бөлінді. Сөйтіп, "Кіші Арал" атауымен "Көкарал" бөгеті және "Ақлақ" тоспасы салынды. Жоба бойынша "Көкарал" бөгетін 39,90 деңгейден 42 деңгейге көтеру керек еді. Кіші Арал 27 км³ су жиналатын су қоймасына айналып, Арал, Қазалы аудандарындағы кеуіп қалған көлдер жүйесін су мен толтырып, балық шаруашылығын жандандыру керек болатын. Бағдарлама аясында, жобада көрсетілген "Көкарал" бөгетінің құрылыс жұмыстары 2006 жылы ақталды. Екінші кезекте, САРАТС-2 жобасы бойынша "Көкарал" тоспасының биіктігін 42 деңгейден 48 деңгейге көтеру керектігі қарастырылған.

Халықаралық даму банкінің бағдарламасы бойынша САРАТС-1 бірінші кезекте іске асқаннан кейін, жеті жылдың ішінде САРАТАС-2 жобасы аяқталу керек еді. Бұл жобаға 190 млн АҚШ доллары қарастырылған. САРАТС-1 құрылысы берілгеннен бері 19 жыл өтсе де, Қазақстан үкіметі САРАТАС-2 жобасын салуға асығатын емес, – деп бейқамдыққа еріксіз бас шайқайды Әлібек Сабырбаев.

Осылайша, ол "КСРО Министрлер Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Кеңесінің Арал теңізінің проблемасы туралы бес қаулысы мен Заңының нәтижесінде 37 жыл аралығында бар тындырғанымыз Арал теңізін екіге бөліп, "Кіші Арал теңізі" деп тарихқа енгізіп, 14 шақырымдық "Көкарал" бөгетін салғанымыз" деп өкініш білдіреді.

Ал 2024 жылғы республиканың көп облысының көктемдегі су тасқынында қалуы елімізде су мамандарының (гидротехниктердің) жоқтығын көрсетті. Сондай-ақ, су қоймалары мен каналдар жекешелендіріліп, жеке кәсіпкерлердің құзырына өтіп кеткені де белгілі болды.

Осы жылдың наурыз айында депутат Мұрат Ергешбаев депутаттық сауал жолдаған еді. Сауал не себепті Қазақстанға тиісті "Шардара" су қоймасындағы суды Арнасай арқылы Өзбекстан жеріндегі Айдаркөл көліне жіберетіні туралы. Парламент қабырғасында депутат Мұрат Әбенов те жаңа Су ресурстары және ирригация министріне: "Шардараға" "қасықтап жинаған суды, шелектеп не себепті Айдаркөлге жібереміз?" деп сұрақ қойған болатын.

Әлбетте, мұның бәрі – өзекті мәселе. Мұны басты назарға алған Әлібек Сабырбаев теңіздің тартылу себебін айқындап, ТОП-4 түрін тізбектеген екен.

– Арал теңізінің тартылуына байланысты Қызылорда облысы экологиялық аймаққа жататынын ескерсек, Сырдария суының Кіші Аралға жылдан-жылға жетпей жатқанының басты себебі белгілі.

Бірінші, Қазақстанға тиісті суды "Шардара" су қоймасынан Арнасай арқылы Өзбекстан жеріндегі Айдаркөлге (44,5 км³) жіберуіміз.

Екінші, Қызылорда облысында 60-65 мың гектар орнына 86 мың гектар күріш егілуі. "Күрішті экспортқа шығарамыз" деп артық күріш алқабын егетін, латифундистерді қолдап отырғандығы.

Үшінші, "Шардара" су қоймасынан бөлінетін судың көлемін анықтағанда, Қазақ ССР Мелиорация және су шаруашылығы министрлігінің Қызылорда облысы бойынша нұсқауы. Өзеннің санитарлық тазарту шараларына 0,6 км³ пен ортаны қорғауға 1,8 км³, өнеркәсіп-коммуналдық шараларға 0,21 км³, барлығы 2,61 км³ суды есепке алмауы.

Төртінші, Жаңақорған мен Шиелі аудандарынан жерастынан ұңғы арқылы уран өндірілсе, Қармақшы ауданында орналасқан Байқоңыр аймағынан космосқа карабльдерін 1954 жылдан бастап ұшырып келеді. Сондықтан да, Жаңақорған мен Шиелі аудандарының жерасты сулары күкірт қышқылымен араласып адам ағзасына өте қауіпті жағдайға жетті. Байқоңыр ғарыш аймағы Қармақшы ауданын, қоршаған ортаны, адамды зиянды гиптилімен улауда. Сол себепті, негізгі күріш егетін аудандар Қызылорданы қоса есептегенде Сырдария, Жалағаш, Қазалы аудандары болуы керек. Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының зерттеуіне қарағанда, Сырдарияда су көлемінің азаяуына байланысты облыста 60-70 мың күріш егу керектігін ғылыми түрде дәлелдеген, – деп сөзін қорытындылады инженер-гидротехник.

Бұған дейін inbusiness.kz тілшісі Аралды тез-ақ толтыруға болатын 57 жыл бұрынғы ғаламат ұсыныстың қайта жүзеге асқалы жатқанын жазған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу