Суағарсыз күн қараң

Қалалар қашанғы Венеция болады? 

Суағарсыз күн қараң Фото: ашық дереккөзден

Еліміздегі қалалардың басым бөлігінде дренаждық жүйе болмағандықтан, еріген қар суы мен жаздағы жаңбыр жұртты әжептеуір әбігерге салады. Әп-сәтте шаһарлар Венецияға айналып, адам аяқ алып жүргісіз жағдайға жетеді. Осыдан бір апта бұрын Павлодарда нөсерлетіп өткен жауын коммуналдық саланың осы бағытындағы талай мәселенің бетін ашып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар қаласында әлі күнге дейін бірыңғай дренаждық-нөсерлік жүйе жоқ. Бұрыннан қалған ескі жүйе облыс орталығының тек 20%-ын қамтиды. Оның өзінде желілерді тот басып, жылдар бойы тазаланбағандықтан, одан су өтпейді. Тіпті, кейбір құдықтар асфальттың астында қалған. Оның салдары қалай боларын жақындағы нөсер анық аңғартты. Бірнеше сағаттың ішінде-ақ көшелер мен үйлерді су басты. Бұрын-соңды су тұрмаған Ломов көшесінде 30 сантиметрге дейін жаңбыр суы жиналды. Су сору жұмыстарына 30-дан астам техника жұмылдырылып, көшелерді кептірді. Ертеңгі күні тағы да табиғаттың тосын сыйы жұртты әлекке салғанда не істейміз? Ассенизаторлық көліктерді іздеп, шарқ ұрамыз ба? Бұл – кешенді түрде уақыт оздырмай шешілуге тиіс мәселе.

Күрмеулі жайт қалалықтарды алаңдатпай қоймады. Ос ыжолғы жауынның өзінде талай көлік пен үй су астында қалып, иелері шығынға батты. Бұған әбден қынжылған олар жергілікті билік түйткілді тез тарқатудың жолын қарастыруы керек деп пайымдайды.

"Осы жолы көшеде келе жатып нөсер жаңбыр өткенде көлігім жарты жолда тоқтап қалды. Ішіне дейін су кіріп, жүре алмадым. Соның салдарынан бөлшектері істен шықты. Оны жөндеуге біраз қаржым кетті. Оның өтемін кім береді? Жыл сайын осындай жағдай болғанымен, әкімдік неге әлі күнге дейін суағар салған жоқ?", – деп қынжылады павлодарлық Асхат Уахитов.

Жер үйлер иелерінің де айтар базынасы бар. Әсіресе, екінші Павлодар шағын ауданының тұрғыны зардап шегіп келеді. Көктем келсе еріген қар суы, жаз болса жаңбыр суы жертөлеге жетіп, үйге дейін кіреді. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұнда дренаждық жүйе тарту бойынша жұмыстар қолға алынып, ұңғымалар қазылғанымен, көпшілік нақты тиімділігін көре алмай отыр.

Негізі, суағарды салу Үкімет бекіткен қаланың бас жоспарында бұрыннан бар. Бірақ тек қағаз жүзінде қалып отыр. Өткен ғасырда қолға алынған істің әзірше жалғасы жоқ.

"1960-70 жылдары облыс орталығында суағар салыну жұмыстары басталды. Коллекторлары кейбір көшелерде әлі бар. Сол тұста жасалған жобаға сәйкес, қаланың барлық көшесін кезең-кезеңмен қамту көзделген-ді. Бірақ Кеңес одағы ыдыраған тұста бұл жоба жарты жолда қалды. Содан бері 30 жылдан астам уақыт өтті. Меніңше, бұл уақыт аралығында дренаждық жүйені салуға болатын еді. Қазір оған керек құрылыс материалдары, жаңа желілер – бәрі бар. Тек тиісті жоба әзірленіп, жұмыс қолға алынса болғаны", – дейді Павлодар қаласын 1991-1993 жылдары басқарған әкім Александр Рюмкин.

Ал Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов негізі нөсерлік жүйе 1970-жылдары қала көшелері салынып жатқан тұста бірге жасалуы керек еді деп пайымдайды. Өткен ғасырдың олқылығы енді толтырылмақ. Қазіргі уақытта мұндай жүйені үш кезең бойынша салу жоспарланып отыр. Бірақ ол қыруар қаражатты қажет етеді.

"Бұған дейін дәл осындай жүйені салуда тәжірибе болмағандықтан, суағар құрылысына қажет қаражат көлемі мен уақытты дөп басып айту қиын. Әйтсе де, алдын ала есептеуіміз бойынша, бірінші кезеңнің өзіне кем дегенде 30-40 млрд теңге керек. Мұндай қомақты сома облыстық бюджетте жоқ", – деп кесіп айтты аймақ басшысы.

Соған қарамастан, қала билігі жерасты суының дренаждық желілеріне арналған гидрогеологиялық картаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуде. Ол мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алса, дренаждық-нөсерлік жүйенің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалады. Сол арқылы облыс орталығында сорғы станциясын, тазарту құрылымдарын, кәріз коллекторларын салу көзделген. Бұл жұмыстың барлығы 2030 жылға дейінгі үш кезеңге бөлінеді. Сондай-ақ су басу аумақтарын анықтау үшін гидрогеологиялық жағдайлардың өңірлік математикалық моделі әзірленіп жатыр.

Осылайша, облыс билігі қала көшелері су астында қалмас үшін жаңа жүйенің құрылысын қолға алуға бейілді. Бірақ ол бүгін салына қоймайды, оны да біраз уақыт күту керек. Оған дейін ассенизаторлық көліктерді жұмысқа тартудан басқа амал жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу