"Сүбедей батырдың ұрпағы" Ресейді жеңіске жеткізе ме?

15979

Қорғаныс министрінен "культ" жасау мемлекеттің ұрысқа қабілеттілігін қамтамасыз етпейді екен.

"Сүбедей батырдың ұрпағы" Ресейді жеңіске жеткізе ме?

Қазір көпшілік біле қоймас, Кеңес Одағында армияны Қорғаныс министрі басқармайтын. КСРО қорғаныс ведомствосының қоластында бірде бір әскери бөлімше болмады, оның міндетіне негізінен, ресейлік және одақтық әскери билік органдарының қызметін үйлестіру мәселесі кіретін. 

Қызыл империяның қорғаныс саласының тізгінін тікелей КСРО басшысы, Жоғарғы бас қолбасшы ұстады. Соңғысы – Михаил Горбачев болатын. Кеңес мемлекетінің қорғанысын нығайтумен, қарулы күштердің қызметін ұйымдастырумен КСРО Қорғаныс кеңесі айналысты.

Соның жаңғырығындай, 1992 жылғы 16 наурызда Ресей Президенті Борис Ельцин КСРО Қорғаныс министрлігі орнына РФ Қорғаныс министрлігін құрғанда, өз жарлығымен қорғаныс министрі функцияларын мемлекет басшысы орындайтынын бекітті. Тиісінше, ол лауазымды РФ тұңғыш Президенті 1992 жылғы 16 наурызы мен 7 мамыры аралығында атқарды. Яғни, солтүстік көршінің тұңғыш қорғаныс министрі – Ельцин. Содан бері ведомствоға тағы 6 адам басшылық етіпті.

Жалпы Ельцинді қоспағанда, ресейлік Қорғаныс министрлігін кеңес заманынан ХХІ ғасырға дейін тек әскери адамдар басқарған. Алайда 2001 жылы меморганның "екі шылбыр, бір тізгінін" Ленинград мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген Сергей Иванов қол қолына алды. 2007 жылы оны Ленинград кеңестік сауда институтының есептік-экономикалық факультетінің түлегі, есепші Анатолий Сердюков алмастырды.

Одан кейін 2012 жылы РФ Қорғаныс министрі лауазымына Сергей Шойгу тағайындалды. Ол да – әскери емес, азаматтық тұлға, ресейлік сарапшылар оның әскерде борышын өтемегенін атап өтеді.

Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Халықаралық сарапшылардың байламынша, Ресейдің Украинадағы жеңілісінің бір ұштығы да ондаған жыл бұрын басталған осы өзгерістерден тамыр тартып жатқан көрінеді.

67 жасар Сергей Шойгу – Краснояр политехникалық институтын құрылысшы-инженер мамандығы бойынша бітірген. 1990 жылғы желтоқсанда РСФСР Министрлер кеңесі Ресей құтқарушылар корпусын құру туралы қаулы қабылдады. 1991 жылы оның басшысы болып, С.Шойгу тағайындалды. Корпус РФ Төтенше жағдайлар жөніндегі мемкомитеті болып қайта құрылғанда, Сергей Кужугетович оның төрағасы креслосына ауысты. 1994 жылы комитет ТЖМ-ге айналды. Шойгу жаңа министрлікті 2012 жылға дейін табан аудармай басқарды. Сонымен бірге ол Үкімет басшысы В.Путиннің орынбасары болды.

2012 жылғы 6 қарашада Путин оны РФ Қорғаныс министрі лауазымына тағайындады. Сол кезден бері РФ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі. "Единая Россия" билеуші партиясының лидерлерінің бірі. Ресей географиялық қоғамының президенті. 1999 жылдан бері "Ресей Қаһарманы", 2003 жылдан бері армия генералы атағына ие.

2018 жылғы 18 мамырда В.Путин оның армияда жүргізген кең ауқымды реформаларын құптап, өкілеттігін ұзартты. Осылайша, солтүстік көрші қазір Сергей Шойгу реформаларының "жемісін" теруде.

ТАСС агенттігі өз сарапшыларына сүйене отырып, оның мемлекетке сіңірген еңбегін зор деп бағалайды.

"Әскери ведомствоның басшысы қызметінде Сергей Шойгу Қырымды Ресейге қосу кезінде РФ Қарулы күштерінің көмегімен қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Сондай-ақ Сирия билігіне ел аумағының үлкен бөлігін басып алған террористік ұйымдардан арылып, бақылауды қалпына келтіруге көмектесті", – деп жазады ресейлік агенттік.  

С.Шойгу Мәскеудің саясат сахнасына алыстағы Сібірден "бұза-жарып кірді". Оны журналистер "Ресейдегі ең атақты тувалық" деп атайды.

Туған жерінде – Тува республикасында Шойгуды және оның отбасын "қасиеті бар адамдар" ретінде құрмет тұтады. Чадан қаласында Шойгу көшесі бар. Республиканың астанасы Қызыл қаласының жағалауына оның әкесі Кужугеттің есімі берілген. Ресейлік зерттеушілер тувалық бұл есімнің "Күшіген-Күчүген" сөзінен шыққанын анықтады.

"Мен кейіндері Сібірге қайта оралып, онда бір емес, екі ірі қала тұрғызғым келеді! Бұл арманымның орындалатынына сенімдімін!", – деген еді сұхбаттарының бірінше С.Шойгу.

Тувада жаңадан бірде бір қала пайда болған жоқ, ал ескі елді мекендерді кедейлік пен қылмыс жайлаған. Өлкеде қарасора-конопля өседі, оны жинайтын жергілікті тұрғындарға полиция жиі рейд ұйымдастыратын көрінеді. Өмір сапасы жөнінен өңір Ресейдегі ең соңғы орындардың бірін місе тұтқан. Қызыл қаласы – кісі өлтіру жөнінен Ресейдегі ең жоғарғы көрсеткішке ие. 2020 жылы 100 мың адамға шаққанда 45 адам өлтірілген.

Ресейлік басылымдардың мәліметінше, соған қарамастан Шойгу культы – республикалық биліктің ұстыны. Шенеуніктердің кабинеттерінде, барлық бюджеттік және басқа ұйымдарда оның портреті төрге ілнген. Өлке бүкіл Ресей құрметтейтін ұланын мақтан тұтады. Бұқаралық іс-шаралар оның есімін құрметпен ауызға алудан басталады.

"Культтің ошағы – Қызылдың орталығындағы Ұлттық музейде орналасқан. "Келушілер Шойгудың кескініне жақындап, тәу етіп, тағзым жасауға тиіс. Осындай жоралғы енгіздік. Көпшілік оны орындайды, бас иеді. Қалай ма, қаламай ма, онысы маңызды емес" дейді музейдің директоры Бичелдей Қадыр-оолы, төрдегі алтынмен әдіптелген Шойгудың портретін көрсетіп. Бичелдей – культтың басты идеологы. Ол моңғолдың атақты қолбасшысы Сүбедей буддизм дініндегі сенімге сәйкес, Шойгу түрінде қайта туды деген идеяның авторы. Министр жұрттың өзін Шыңғыс ханның атақты әскербасысының реинкарнациясы санауына қарсы еместей. Соның бір мысалындай, Қорғаныс министрлігінің бригадасы жөндеген Қызылдағы спорт кешеніне Сүбедей есімі берілді", – деп жазады ресейлік басылымдар

Шойгу басқаратын Орыс географиялық қоғамының қаржылық қолдауымен Бичелдей моңғол қолбасшысы туралы 700 беттік үлкен трактат шығарды.

"Байырғы уранхай жерінің ұланы, Тува мақтанышы, Ресей Қаһарманы, Субедей-маадырдың ұрпағының бірі Сергей Шойгудың РФ Қорғаныс министрі болып тағайындалғаны кездейсоқтық емес", – деп жазылған академиялық трактатта. Кітаптағы кескіндердің бірінде моңғол шапқыншылығы кезіндегі шығыс батыры бейнесінде Шойгу бейнеленген.

2020 жылдың соңында Тувада балаларға арналған ертегі кітап шықты, ол "Күрең тұлпарлы Хур-Кужугеттің ұлы Сергек" ("Сын Хур-Кужугета Сергек с темно-рыжим скакуном") деп аталады. Әрине, қаһарманның прототипі – Сергей Шойгу.

Ресейлік саяси шолушы Римма Ахмирова "қияндағы буддистік республиканың ұланы ресейлік биліктің Олимпін қалай бағындыра алды?" деген сауал қойып, оның жауабы қоғамды құрдымға бастайтын, мемлекетте шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашатын тамыр-таныстықта, туыстықта және трайбализмде жатқанын айтады.

"Сергей Шойгудың әкесі Тува партиялық обкомының төрағасы болып жүріп, Свердлов қалалық комитетіндегі әріптесі Борис Ельцинмен жақсы қарым-қатынаста болған. Сергейдің өзі Краснояр политехінің студенті кезінде-ақ жоғары лауазымды шенеуніктің қызына үйленіп алады. Осы арқылы ол қайын атасының досы, политбюроның болашақ мүшесі, кейін КПРФ-тің жетекшілерінің бірі Олег Шенинмен танысып, жақын дос болып кетеді. Яғни, Сергей Шойгудың таңғалдырарлық, бас айналдырарлық мансаптық өсуі оның жеке қасиеттерінің, білімі мен білігінің емес, табысты таныстықтары мен тиімді байланыстарының нәтижесі. Осы арқылы Сергей өңірлік құрылыстағы қарапайым учаске шеберінен лезде орталықтағы ең ірі қызметтерге қол жеткізді, Ресейде 28 жыл министр болған рекордсменге айналды", – дейді ресейлік публицист Р.Ахмирова.

Ресейлік пропаганда Шойгуді "РФ төтенше жағдайларға ден қою қызметінің негізін қалаушы" деп әспеттеді. Шынында, ресейлік құтқарушылар арасын Александр Щербаков туралы аңыз кезіп жүр. Тәжірибесі мол, белсенділігі зор Щербаков құтқарушылар арасында үлкен авторитетке ие болған, тыңдаушысын әдемі сөзімен, әуезді үнімен еліктіріп әкететін шешен болған көрінеді. Осының арқасында кеңестік альпинистер мен спортшыларды біріктіріп, бірлестік құрады.

Содан соң ол көбіне оққағарсыз жүретін президент Борис Ельцинді бірде Ақ үйдің дәретханасында ұзақ "торуылдап", онымен бетпе-бет ұшырасуға қол жеткізеді. Сәтті қалт жібермеген ол Ельцинді КСРО-да, тіпті біраз дамыған елдерде болмаған мемлекеттік құтқарушылар құрылымын – ТЖ мемкомитетін құруға үгіттейді. Ақыры соған көндірген. Ізінше волонтер-энтузиасттардың басын қосып, ТЖ ведомствосын құруға қажетті базаны қалыптастыра бастайды. Бірақ ақыр соңында Щербаков шет қалады да, Шойгу "дайын асқа тік қасық" болған деседі. 

Ресейлік ақпарат құралдары Сергей Шойгудың ержүрек, қайсар, білікті, құрметті құтқарушы имиджін оның бірінші баспасөз хатшысы Марина Рыклина жасағанын жазып жүр. Ол 90-жылдары дос, таныс журналистерін жұмылдырып, әрбір басылым-телеарна редакцияларын өзі аралап жүріп, "халық арасынан шыққан бірегей бастығының жетістіктерін" дәріптейді, сауатты құрылған баспасөз релиздерін, дайын материалдарды дайындайды. Сенсация іздеген БАҚ бет-жүзінен шаршаңқылық ізі аңғарылғанымен, үнемі күлімсіреп жүретін, күні-түні халықты құтқарумен айналысатын "бүкілресейлік Зорроның" бейнесін қалыптастырды. Сөйтіп, ол тағдырдың талай теперішін көріп, қаһарманға зәру болған қарапайым бұқараның махаббатына бөленді.

1999 жылғы 31 желтоқсанда Ресей Президенті Борис Ельцин ресейліктерге "жаңажылдық" үндеуінде өзінің отставкаға кететін жариялап, орнына В.Путинді отырғызды. Мемлекеттің жаңа лидері өз билігін нығайту үшін Шойгудың халық арасындағы беделін, елдің оған деген сүйіспеншілігін пайдаланды, "айырылыспас" досқа айналды.

Өткен жылы ресейлік саясаттанушылар тіпті Ресейдің болашақ Президенті Сергей Шойгу болуы мүмкін екенін айта бастады.

Алайда оның басшылығы тұсында төтенше жағдаймен күрес саласының құлдырап, нашар жағдайға жеткенін Ресейді жыл сайын жайлаған өрттер паш етті. Ресей орман өрті жөнінен 2012 жылы рекорд орнатыпты. 18,1 млн гектар жасыл желек жанып кеткен. Президент В.Путиннің өзі сынағандай, Ресей 2012 жылғы рекордтық көрсеткішін 2021 жылғы қыркүйек айында-ақ артта қалдырды.

Былтыр 18,5 миллион гектарға жуық орманын "тілсіз жау" жалмады. Биыл да Ресей өртке орануда.

Ал Ресей армиясының Украинадағы "жетістіктеріне" жаһан жұртшылығы куә болып отыр. Әлем мойындамаған ДХР-дің қорғаныс экс-министрі, Донбасты Украинадан бөлуге белсене қатысқан әскери Игорь Стрелков-Гиркин 13 мамырда Шойгуды "қылмыстық салғырттығы" үшін айыптады. Путинге бейнеүндеуінде ол Украинадағы қазіргі соғыста жеңіліске үлес қосқандардың "басын жұлып алуды" ұсынды.

Украина Президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович Ресейдің армиясын қазіргі дәрменсіз жағдайға жеткізгені, жемқорлықтың кең жайлауына жол бергені үшін Шойгуді "Украина Қаһарманы" атағымен марапаттауды әзілдей ұсынған болатын.

"Лен-лиз көмегі әзірге жеткен жоқ. Ал біздің Қарулы күштер 4-ірі қаланы блокададан құтқарды. Әңгіме Киев, Чернигов, Сума, Харковь жөнінде болып отыр. Яғни, қазір Украинаның бүкіл солтүстігі басқыншылардан азат етілді. Бұл аймаққа Батысты ауыр, қаһарлы әскери техникасы толық жете қойған жоқ, біздің армия өз күшімен босатып отыр. Түрлі рейтингте әлемдегі №2-ші армия саналып келген Ресей Қарулы күштерін 4 оперативті бағыттан қашуға мәжбүр еттік. Ал ленд-лиз көмегі АҚШ-тан ағындап келе бастағанда Ресей армиясының жағдайы не болады? Өйткені осы ірі қалаларымызды тероборона, жеңіл қаруланған жаяу әскер, өз артиллериямыз көмегімен оккупанттардан арылттық. Біздің көп танкіміз, қаптаған ұшақтарымыз жоқ. Алда енді америкалық, батыстық сауытты техникалар мен артиллерия есебінен мықты ауыр бригадалар қалыптастырамыз, сонда олардың ахуалы аянышты болары сөзсіз", – деді кеше Алексей Арестович.

Негізі, АҚШ сарапшылары алдағы уақытта Ресей Қарулы күштері көршілерінің бірде біріне шабуыл жасай алмайтын халге жетеді деп болжайды. Бұл ретте бір жағынан, қазақтар да батыр Сергей Шойгуге "алғыс" айтса керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу