Субсидиялау ережесі соңғы 5 жылда 47 рет өзгерді – Қайырбек Сүлейменов

3089

Субсидия ірі агрохолдингтерге ғана кедергісіз беріледі.  

Субсидиялау ережесі соңғы  5 жылда 47 рет өзгерді – Қайырбек Сүлейменов

Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау кезінде кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүддесі жиі бұзылады. Бұл туралы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте айтылды. 

"Кәсіпкерлер субсидияның қолжетімсіздігіне жиі шағымданады. Субсидияның болмауы салдарынан көптеген шаруа қожалықтары екінші деңгейлі банктерден алған қарыздарын қайтара алмай, банкротқа ұшырайды", – деді кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов.

Оның айтуынша, шаруалар ашынғаннан митингке шыға бастаған. 

"Былтыр қараша айында Ақтөбе қаласының шаруалары санкцияланған митинг өткізді. Бұл митингті Қарағанды, Жезқазған, Қызылорда, Қостанай қалаларының шаруалары қолдады. Олар субсидияның дер кезінде бөлінбейтінін айтып, дабыл қақты. Шаруалардың мәлімдеуінше, жыл сайын туындайтын мәселе жүйелі сипатқа ие болып барады", – деді ол.

Қайырбек Сүлейменовтің сөзінше, субсидиялау ережесі соңғы  5 жылда 47 рет өзгерген.  

"Заңнаманың тұрақсыздығы кәсіпкерлерге қызметін алдын ала жоспарлауға, шығарылып жатқан өнімнің тиімділігін есептеуге мүмкіндік бермейді", – деді кеңес төрағасы.

Басқосу барысында субсидия ірі агрохолдингтерге кедергісіз берілетіні, ал шағын және орта шаруа қожалықтары үнемі назардан тыс қалатыны айтылды. 

"Агроөнеркәсіп кешенінің негізін құрайтын шағын және орта шаруа қожалықтары мемлекеттің қолдаудан құр қала береді. Оларды мемлекеттік қолдаумен қамту 60%-ды ғана құрайды. Қалған 40%-ы қиын жағдайды бастан өткеріп жатыр", – деді Қайырбек Сүлейменов.

Жиында Qoldau  субсидиялаудың ақпараттық жүйесі ауылдағы шаруалардың шақшадай басын шарадай қылып отырғаны мезгіл мәселесі ретінде көтерілді. 

"Субсидия алуға өтінім электронды түрде қабылданады. Ауылда интернет дұрыс жұмыс істемейді. Сонда шаруаларға қайтпек керек? Субсидиялау ережесіне сәйкес субсидияны беруден бас тарту "Мемлекеттік қызметтер туралы" заңның 19-1-бабымен қарастырылған негіз бойынша іске асырылады. Негіздемеге сәйкес, бюджеттік қаражаттың болмауы шығындарды субсидиялаудан бас тартуға себеп бола алмайды. Ережеде өтінімді тіркеуден бас тартуға шағымдану тәртібі регламенттелмеген. Заңда да, Ережеде де Qoldau әрекетіне бақылау жүргізетін қандай да бір органның құзыреті белгіленбеген",– деді кеңес төрағасы.

Оның ойынша, ауыл шаруашылығы министрлігі Qoldau ақпараттық жүйесінің қызметін қайта қарап, агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау көлемін жоспарлау жүйесін жетілдіруге тиіс.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу