Судьялар беделсіз лауазымға қызықпайды

1887

Бірнеше аудандық сот төрағасыз қалыпты.  

Судьялар беделсіз лауазымға қызықпайды

Бұл мәлімет "ҚР кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" конституциялық заңы жобасына ілеспе құжаттарда келтірілген.

Халық пен бизнестің сот төрелігіне қатысты шағымының толастамауы және сот жүйесіндегі олқылықтар мемлекетті осы салада кезекті реформа жүргізуге итермелеуде. Мысалы, біріншіден, елде аудандық соттар төрағаларын тағайындаудың жаңа тәртібі енгізілуде. 

"Қазіргі уақытта кандидаттардың да, жұмыс істеп жүрген судьялардың да шалғайдағы және шағын құрамды соттардағы лауазымдарға орналасуға қызығушылық танытпайтыны байқалуда. Мысалы, 2019 жылғы 24 қазандағы судьялар лауазымына байқауда аудандық соттар төрағаларының 13 бос орны лауазымына бірде-бір судья өтініш берген жоқ! Алматы облысының Райымбек аудандық сотының және Павлодар облысының Железин аудандық сотының төрағалары лауазымдарына 2 рет конкурс жарияланған, соған қарамастан бұл лауазымдарға үміткерлер екі ретте де мүлдем болмаған", – дейді Жоғарғы сот.

Оның түсіндіруінше, кандидаттарды аудандарда өздері қалайтындай деңгейде әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасалмайтыны, яғни ірі қалалар мен ауылдағы өмір сүру сапасының айырмашылығы үркітеді.

Сондықтан үміткерлердің қияндағы аудандарда және құрамы аз соттарда жұмыс істеуге ынталандыру үшін Жоғарғы сот жаңа тетік ұсынып отыр: оған сәйкес, алыс аудандардың бірінде "тар жол, тайғақ кешіп", тауқымет шегіп, кемінде 5 жыл сот төрағасы болған судьяларға жоғарғы лауазымдарға іріктеу кезінде басымдық беру көзделеді.

"Шалғай жерде орналасқан соттарда немесе штат саны 3 бірліктен аспайтын соттарда кемінде 5 жыл жұмыс істеген судьялардың аудандық соттар төрағалары, облыстық соттар судьялары лауазымдарына кандидаттарды іріктеу кезінде басымдығы болады", – делінген конституциялық заң жобасында.

Екіншіден, сарапшылардың пікірінше, антикоррупциялық қызмет биылғы ақпанда Жоғарғы сот кеңесінің бұрынғы мүшесін және Жоғарғы соттың судьясын 8 мың доллар пара алғаны үшін ұстап алғалы бері судьяларға қойылатын талаптарды күшейту қажеттілігі өзекті болуда. Алайда мына заңжобада керісінше, оларға жаңа жеңілдіктер беру қарастырылған.

Қолданыстағы "Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" заңына сәйкес, судьяның кәсіби қызметін бағалау – алғаш рет судья лауазымындағы жұмысының 1 жылының нәтижесі бойынша жүргізіледі. Кейін судьяның кәсіби қызметін бағалау әр 5 жыл сайын өткізіледі. Дегенмен, егер ол жоғары тұрған сатыдағы судья лауазымына, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымына конкурсқа қатысса, қайтадан бағалаудан өтуі шарт. Жаңа құжат осыны жоймақ.

"Ескерер жайт, судьялар онсыз да әр 5 жыл сайын кәсіби қызметін терең бағалаудан өтеді. Осы мақсатта 2019 жылы халықаралық сарапшылардың ұсынымдарына негізделген "бағалаудың жаңа әдістемесі" қабылданды. Ендеше осындай бағалау нәтижелері бойынша "атқаратын лауазымына сәйкес" деп танылған судьяларға келесі 5 жылға "карт-бланш" берілуі қажет. Сол себепті, осы 5 жыл ішінде судья соңғы бағалау нәтижелерін қолдана отырып, кез-келген конкурсқа қатыса алады деп ойлаймыз. Әрбір конкурсқа қатысқан сайын оның жұмысын бағалаудың қажеттілігі жоқ. Өйткені 5 жыл ішінде ол судья конкурстарға 10–15 рет қатысуы мүмкін. Егер оның жұмысын әр конкурс сайын бағалайтын болсақ, бұл судьялардың кәсіби қызметін бағалау жүйесінің өзін мәнсіздендіреді", – деді ведомство.

Бір қызығы, қазіргі қалыптасқан тәжірибе бойынша тіпті "жұмысына лайықсыз" деп ресми танылған судья да жоғарылап кете береді екен. Мәселен, Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия әлдебір судьяның кәсіби қызметін бағалау қорытындысында оны басқа сотқа, басқа мамандандыруға (специализация) ауыстыру туралы шешім қабылдайды.

"Мұндай шешім судьяның қазіргі атқаратын лауазымына толық сәйкес келмейтінін көрсетеді. Яғни, оның жұмыс сапасы төмен деген сөз, бұған соттағы жоғары жүктеме, күрделі санаттағы істердің сапасы мен саны әсер етеді. Осыған байланысты бағалаудың қорытындысын және кейс-міндеттердің нәтижелерін ескеріп, ондай судьяны жүктемесі төмен, мүшелері аз, күрделі емес іс санаттарымен айналысатын басқа сотқа ауыстыру туралы шешім қабылданады. Шын мәнінде, бұл – оған теріс баға берілген болып саналады. Сонымен бірге ол судьяға "түзелуге" және басқа сотта өзін көрсетуге мүмкіндік беріледі. Бірақ іс жүзінде аталған судьялар жіберілген сотта жұмысын жалғастырғысы келмей, бірінші мүмкіндік туа сала, дереу бос судьялық лауазымдарға, соның ішінде жоғары тұрған соттарға және басшылық лауазымдарға конкурсқа қатысу үшін құжаттарын тапсырады", – дейді Жоғарғы сот.

Бұл әрине, Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның қызмет тиімділігін төмендетеді, оған әлгі судьяның жұмысына енді конкурсқа қатысуы үшін қайтадан баға беруге тура келеді.

"Бұл комиссияның шешімдері ұсыным-рекомендациялық сипатқа ғана ие болғандықтан, теріс баға алған сол судья ізінше, бір жыл толмай, биік лауазымға жоғарылап кетуі ықтимал. Осыған байланысты, кәсіби қызметті бағалау қорытындысы бойынша басқа сотқа ауыстырылған судья кем дегенде 2 жыл бойы өзінің кәсіби жарамдылығын жаңа жерде дәлелдеуге тиіс және осы уақыт өткеннен кейін ғана конкурстарға қатысу мүмкіндігін иеленуі керек деп есептейміз", – деді Жоғарғы сот.

Жаңа заң жобасындағы жаңалықтар алда Парламентте және сарапшылар ортасында талқыға салынбақ. Бұл жерде халықтың әл-ауқаты, бизнестің дамуы және елдің өркендеуі әділ сот төрелігіне де тікелей байланысты екенін естен шығармаған жөн.

"Би жаманы елді дауға алдырады" деп халық бекер айтпаса керек.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу