Сонау сақ, ғұндар дәуірінен бері азаттық – ата-бабамыздың бүкіл ғұмырының алтын арқау, күміс өзегіне айналған. Алайда бірнеше ғасырға созылған отаршылдық езгі мен тоталитарлық құрсау қазақты азаттықты аңсаудан қорқатын дәрежеге жеткізді. Халқымыз тіпті оның "тәуелсіздік", "дербестік", "егемендік", "еркіндік" секілді синонимдерін қолданудан да қорқатын күйге түсті. Еңсесі езілген Алаш жұртын дәуірлер тоғысында тәуелсіздікке бастаудың тарихи миссиясы Нұрсұлтан Назарбаевтың еншісіне жазылыпты.
"Қазақстан 1995 жылдың наурызында өледі"
Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрдің айтуынша, "90-шы жылдары Қазақстанның аман қаларына, қазіргідей еңселі ел боларына сенген адам өте аз болды". Тіпті оған қазақстандықтардың үлкен бөлігі де сенбеді. Әсіресе, солтүстік, шығыс және орталық облыстар Ресейге қайта қосылуды асыға күткен.
Ресейдің атақты жазушысы, танымал саяси қайраткері Александр Солженицын орыстілділерді Қазақстаннан көшпеуге қызу үндеді: "Көшпеңіздер, кетіп қалсаңыздар, бұл даланы игеруімізді ары қарай кім жалғастырады?!" деген ол Столыпин кезінде басталған орыстардың Қазақстанға жаппай қоныс аударуы науқаны босқа кетеді деп "қамықты". Әсіресе, Ресей ұлтшылы Владимир Жириновский ерекше көзге түсті. Ол: "Қазақстан деген уақытша құбылыс, ол тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүре алмайды" деп лепірді. Ресейлік либерал саясатшы-экономистер: "Қазақстан Ресей Федерациясымен байланысын жоғалтып, банкротқа ұшырайды да, Ресейге тізерлеп өзі-ақ келеді" деп сәуегейсіді.
Солтүстік көршінің ақпарат құралдары қазақстандықтарды үнемі үрейлендірумен болды: "При сохранении нынешней экономической политики, как предсказывают российские эксперты, Казахстан в недалеком будущем ждет гиперинфляция, а точнее – крах новой национальной валюты и общая финансово-экономическая катастрофа. Летальный исход Казахстана наступит не позднее марта будущего года", – деп жазды 1994 жылғы 27 мамырдағы нөмірінде ресейлік "Независимая газета".
Батыс елдері де жас қазақ мемлекетіне көмекке келуге асықпады. Збигнев Бжезинский бастаған америкалық саясаттанушылар республиканың көп этностан құралғанына байланысты қорқыныш білдіріп, жас мемлекет ішкі қайшылықтар мен этносаралық қақтығыстардан құриды деп болжады. Олардың тұспалдауынша, елде азаматтық соғыс басталып, тоз-тоз болған елді Ресей, Қытай секілді державалар талан-тараж ғып таратып алады. Қара аспанды жаудырған үрейлі жорамалдар инвесторларды үркітті: олар қазақстандық экономикаға инвестиция салудан бойын аулақ ұстады.
Тарихтың өзі көрсеткендей, бұл "болжамдардың" бәрі жүзеге аспады. Тони Блэр елордада кеше өткен конференциядағы сөзінде Қазақстанның ұлтаралық не дінаралық қақтығыстардан аман қалуы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығының арқасы екенін айтты. Расында, Елбасының білікті басшылығы болмағанда, Әзербайжан мен Армения арасындағы Таулы Карабахта, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан аумағында, Молдованың Преднестровьесінде, Ресейдің Шешенстаны мен Дағыстанында, Грузияның Оңтүстік Осетия мен Абхазиясында, бертінде Украинаның Қырымы мен оңтүстік-шығысында болған сепаратистік пиғылдар мен қарулы қақтығыстардан қазақ елі де құтыла алмауы ықтимал еді. Себебі, өзгелерге қарағанда Қазақстан халқы біркелкі емес, жүзден аса ұлыстан құралған, қырық-құрақ ел еді. Ал мемлекет құраушы ұлттың үлесі 50 пайызға да жетпейтін.
Кадрлардың қарсыласуы – басшының зор соры
Жоспарлы экономика Кеңес одағымен бірге жайрап қалды. Жоспарлы-әкімшілдік экономиканың бұзылуы, сондай-ақ одақтық өндірістік тізбектер мен экономикалық байланыстардың үзілуі салдарынан Қазақстан тығырыққа тірелді. Алып кәсіпорындардың бәрі тапсырыс таппай, тоқтады, құрал-жабдықтары жылдап шіріп, тот басты.
Қазақстан нарықтық қатынастарға, бәсекелі экономикаға көшуге бел буды. Бірақ неден бастау керек? Реформа жүргізу тұрмақ, реформаны дұрыс тұжырымдай алар, жөнді бастама ұсына білер маман тапшы еді. Империяның ыдырауынан есін жия алмай жүрген біздің маман-ғалымдар консерватизмге, ойдың тоқырауына, идеяның жұтауына ұрынды.
Тұйықтан шығу үшін Елбасы шетелдік әріптестерінің кеңесіне, ірі экономистердің ұсынымдарына құлақ қоя бастады. Ол осындай ізденістер үстінде сыртқа талай сапар жасап, Маргарет Тэтчер, Франсуа Миттеран, Гельмут Коль, Ли Куан Ю және басқа да әлемдік деңгейдегі беделді тұлғалармен кездесті. Сондай адамдармен араласуы арқылы оның әлемдік кең ауқымдағы көзқарастары қалыптасты.
"Олармен пікір алысып, қарым-қатынаста болу менің дүниежүзі қандай даму кезеңінде жүріп жатқанын және Қазақстан әлемдік картада қандай орын алуы керектігін ұғынуыма көмектесті. Біз әрдайым ашық әңгімеге дайын болдық және бұрыннан таныс емес жаңа идеяларға құлақ асып, өз атымызға айтылған сындарды дұрыс қабылдадық. Егер басқа елдердің тәжірибесі біз үшін қызықты болса, оны батыл қабылдадық және өзімізге енгіздік", – деп еске түсірді Н.Назарбаев.
Тұңғыш Президенттің реформа жүргізуіне парламент депутаттарының барынша кедергі болуы ақыры кеңес кезінен билікте басымдыққа ие Жоғарғы кеңестің 1995 жылы түбегейлі таратылып, орнына қос палаталы қазіргі Парламенттің құрылуына әкелді.
Елбасының бір қызықты естелік айтқаны бар: еліміздің алғашқы ірі стратегиялық бағдарламасы – "Қазақстан-2030" стратегиясын жазуға отандық шенеуніктер шақырылмапты.
"Стратегияны жасауда бізге халықаралық ұйымдар мен донорлардың, ең алдымен БҰҰ Даму бағдарламасының үлкен көмегі тиді. Ақыл-кеңес берушілер ретінде Х.Берсток, К.Грей, В.Худжонг, Г.Аллисон, Р.Блэквилл секілді 40-тан аса әйгілі халықаралық сарапшы жұмыс істеді. Біз бұл жұмысқа Үкімет мүшелерін кірістірмедік. Маған сол кездегі Премьер-Министрдің бұл мәселеге бас ауыртқысы келмейтіні және материалдарды жинақтауды тежейтіні баян етілді. Стратегияны жүзеге асыру жұмысын мұндай Үкіметке қалай сеніп тапсыруға болатын еді?! Сондықтан 1997 жылдың күзінде мен Қажыгелдинді қызметтен босаттым да, Үкіметті таратып жібердім", – дейді Елбасы.
90-шы жылдар басындағы жекешелендіру секілді науқандар кезінде қателіктер мен ағаттыққа жол берілуі де білікті мамандар тапшылығының бір кесірі болса керек. Дегенмен, бұл реформалар Қазақстанда мемлекетке масыл емес, қайта тірек болатын топтың – ұлттық кәсіпкерлердің пайда болуына жол ашты.
Елбасы өзінің кейінгі еңбектерінде асығыс, жедел жүрген жекешелендіру арқылы бірден бірнеше мақсат көзделгеніне нұсқады: біріншіден, осылайша, меншік атаулыға мемлекеттің абсолютті монополиясын жою процесі жүзеге асырылды. Екіншіден, "экономиканың және тұтастай алғанда қоғамның дамуына серпін беретін меншік иелерінің қалың орта табын құру" мақсат етілді.
"Нақ осы тап қоғамда масылдық пиғылдар, тегін көмек сұрау және экономикалық қиыншылықтар туғанда Үкіметке шағымдану әдеті сияқты теріс құбылыстарды жоюға мүмкіндік туғызады", – деп сенді Тұңғыш Президент ("Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы" құжаты, 1992 жыл).
Нәтижесінде, елімізде отандық бизнес қалыптасты, бұғанасы қатты, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына бірікті. Сол кәсіпкерлер қазіргідей пандемия заманында ел мен экономикаға тірек болып отыр.
Бірер дерек: КСРО ыдыраған түста Қазақстан халқының саны 16,4 миллионды құрапты. Ізінше көптеген этнос өкілдері тарихи отанына үдере көшіп, 2001 жылға қарай ел 14,8 миллионға азайды. Ал 2020 жыл аяқталар тұста қазақстандықтар саны 19 миллионға жуықтап отыр.
Азаматтарымыздың өмір сүру ұзақтығы 1991 жылы 67,9 жасты құраған екен. 2020 жылы бұл көрсеткіш 73 жасқа жетті.
1991 жылы Қазақстанның ІЖӨ-сі небары 24,8 миллиард доллар болыпты. 2018 жылы ол 179,3 миллиард долларға дейін өскен. Рас, жаһандық дағдарыс пен пандемия салдарынан ол біршама төмендейді деп болжануда. 1990-шы жылдары ел бюджеті небары 200 миллиард теңгені құрапты. 2004 жылы республикалық бюджет алғаш триллиондық биік асуды бағындырды. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы республикалық бюджеттің шығысы 14 триллион теңгеден асады.
Өзгеге жол ашқан ізашар ел
"Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні" той иесі – Елбасы туралы пікір айтқанда саясаткерлер, саясаттанушылар, сарапшылар мақтауға негіз іздеп көп қиналмайтын болса керек.
Елбасының көшбасшылығы арқасында Қазақстан өзге елдерге бір емес, бірнеше бағытта үлгі болып, ұлағат-өнеге көрсете алды. Бұл мақтанышқа негіз. Оның Жарлығымен қазақ елі ажал сепкен тажалға айналған Семей ядролық полигонын жойды, алапат ядролық арсеналдан бас тартты, сөйтіп, қазақ адамзат тарихында теңдесі жоқ үлгіні бастады. Осыдан кейін Қытайдағы Лоб-нор полигонында, АҚШ-тың Невада штатындағы сынақ алаңында, Ұлыбритания мен Францияның Тынық мұхиттағы Муруроа секілді атолл-аралдарында ядролық сынақтары түбегейлі тоқтады.
Тоталитарлық кеңес билігі "ұлттар лабораториясына", "халықтардың абақтысына" айналдырып жіберген Қазақстан азаматтық соғыстан қалайша аман қалғанын, дінаралық және ұлтаралық қақтығыстарға қалай жол бермегенін шетелдік зерттеушілер зерделеуде. Бұған таяуда, 2020 жылғы 13 қарашада РФ Президенті В.Путиннің Қазақстан үлгісінде "Ресей халықтарының Ассамблеясын" құрғаны дәлел.
Бұдан бөлек, Елбасының басшылығымен мамандар толассыз келіссөз жүргізіп, жан-жағымыздағы шекараны толық шегендеді. Қазақстанның бұл іс-қимылы аймақтағы өзге елдерге тағылым, түрткі болды. Мысалы, қазақ елі – ҚХР-мен шекарасын межелеген тұңғыш елге айналды. Оған дейін шың елі бірде бір елмен шекарасын "шектемеген". Өйткені осыдан 2,2 мың жылдай бұрын, б.д.д. 259–210 жылдары Цинь империясының билеушісі, барша қытайдың "ұлы императоры" Цинь Ши Хуанди Қытайдың шекарасы жоқтығын, ол "аспан астын ен жайлаған жалғыз ел" ("аспанасты елі" дейтіні содан) екенін айтып кетті. Осы Ұлт көшбасшысының өсетін мыңдаған жыл қалтқысыз сақтап келген Қытайды қазақпен арадағы шекарасын бекітуге көндіру алуының өзі – Елбасының тарихи жеңісі болса керек. Бұл мәселеге Ресейдің тіпті ақ патшалар тұсында тісі батпаған екен, бізден кейін солтүстік көрші де ҚХР-мен арадағы шекара шартына қол жеткізе алды.
Қазақ елін тарихта тұңғыш рет тәуелсіз мемлекет ретінде бүкіл әлемге мойындатып, БҰҰ-ға мүшелікке кіргізуі (жеке отау құрғанымен, халықаралық қауымдастық мойындамаған елдер көп), басқарушылардың жаңа формациясын қалыптастыруы, отандық өндірістер мен жаңа салаларды құруы, ұлттық төл валютаны енгізуі, елдің астанасын ауыстыруы, қазақ жазуын жаңа латын әліпбиіне көшіруі – Елбасының басқа да көптеген тарихи қадамдары зерттеушілердің кейінгі буындары үшін де жеке-жеке ой елегінен өткізетін тұғырлы тақырыптар болса керек.
Жанат Ардақ