Суицид статистикасы жаға ұстатады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5785

Жасөспірімдер мен жастардың ғұмыры қыршыннан қиылып жатыр. 

Суицид статистикасы жаға ұстатады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жер шарында 40 секунд сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсайды. Өкініштісі, әлем бойынша Қазақстан суицид статистикасында үшінші, ал Орта Азияда алғашқы орында тұр.

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, былтыр еліміздің 3 805 азаматы суицид құрбаны болды. Олардың басым бөлігі – Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарының тұрғындары. Өз-өзіне қол жұмсағандардың 3 мыңы – ер адам.

Ең сорақысы, Қазақстан әлем елдері арасында 5-14 жас аралығындағы балалардың өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші бойынша тоғызыншы, 15-29 жас аралығындағы азаматтардың "өліммен ойнау" көрсеткішінде төртінші орында тұр.

Мәжіліс депутаты Артур Платоновтың мәлімдеуінше, карантин кезінде 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау 2 есе өскен. 114 бала суицид жасауға әрекеттеніп, 46 оқиғаның соңы қайғылы жағдаймен аяқталған.

"Жасөспірімдер мен жастардың ғұмыры қыршын қиылуда. Былтыр 15-29 жас аралығындағы 887 азамат өздеріне қол жұмсады. Уланып, асылып, секіріп өліп жатқандарға тосқауыл қоя алмай отырмыз. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы суицид негізінен Түркістан, Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркеледі. Соңғы жылдары бұл тізімге Нұр-Сұлтан қаласы қосылды", – деді депутат.

Артур Платонов өмірлік тәжірибесі жоқ жандар болмашы қиындықты трагедия деп қабылдайтынын, салдарынан шалыс басатынын жеткізді.

"Отбасындағы, мектептегі және достар арасындағы қатынастармен байланысты процестер кейде жасөспірімдердің психикалық жағдайына теріс әсер етеді. Жедел өсу, психосексуалдық даму, гормоналды тұрақсыздық, алғашқы сезім, сыртқы түрдің өзгеруі – мұның бәрі өсіп келе жатқан адам үшін қиындық туғызатын мәселе болуы мүмкін. Ата-аналар мен мұғалімдердің қысымы, құрдастар арасындағы бәсекелестік жағдайды ушықтара түседі. Жасөспірімдер өлгісі келгендіктен емес, проблемамен қалай өмір сүруді білмейтіндіктен, суицид жасау туралы ой пайда болады, – деді ол.

"Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты" қоғамдық қоры 14-29 жас аралығындағы 2 мың адамды қатыстырып, әлеуметтік зерттеу жүргізді. Нәтижесінде респонденттердің 17% өз-өзіне қол жұмсау туралы ойлағанын анықтады. Әлеуметтік зерттеуге қатысқандар психикалық күйзеліс, қаржы тапшылығы, жалғыздық, ата-анамен тіл табыса алмау суицид жасау туралы ойға түрткі болғанын баяндады.

Психолог Бибігүл Нұрмағамбетова өз-өзіне қол жұмсаған жасөспірімдердің 10% ғана шынымен өлгісі келген жандар, қалған 90% қоғамнан орнын таба алмаған адамдар болатынын алға тартты. Ал әріптесі Светлана Богатырева суицид – био-психо-әлеуметтік проблема екенін, онымен кешенді түрде күресу қажеттігін айтты.

Былтыр тамыз конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидке алаңдаушылық білдіріп: "Бұл –  бәріміз үшін қасірет. "Балалар неге ондай қадамға барады?" деген сұраққа  барлығымыз жауап іздеуіміз керек. Өмірлік нақты нұсқамаларды қалыптастыру – айналып келгенде тәрбие беру процесі сапасының түпкі талабы болуға тиіс", – деді. Осының ізін іле-шала баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасын қабылданды. Құжат аясында атқарылатын іс-шаралар суицидті азайта ма, азайта алмай ма, мұны уақыт көрсетеді.

Абылай Бейбарыс


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу