Сұлтан Дүйсенбинов: Ауылда мал жаятын жер жоқ

1574

Бір топ сенатор Үкімет басшысын жайылым мәселесіне назар аударуға шақырды.  

Сұлтан Дүйсенбинов: Ауылда мал жаятын жер жоқ

Олардың айтуынша, жайылымның тарлығы ауыл халқының өзекті проблемасына айналған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Қазір ауыл тұрғындарын соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында және жергілікті жерлерде халықпен кездесулерде "ауылда мал жаятын жер жоқ" деген шағым жиі айтылады. Ондағы халықтың малмен күн көріп отыр", дейді депутат Сұлтан Дүйсенбинов Сенаттың бүгінгі отырысында.

Сенатордың айтуынша Түркістан, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы ауыл тұрғындары жайылымның тарлығынан зәрезап болған.

Елдімекендерде малдың 80%-ға жуығы ауыл шегінде және оның айналасындағы бұған дейін бөлінген жайылымдық жерлер (шамамен 21 млн га жуық) деградацияға ұшыраған. 

"Бүгін де ауылдарда мал шаруашылығы өнімінің 66 %-ы өндіріледі. Бірақ мұндай орасан биологиялық актив мемлекеттік қолдаудан тыс қалып, заманға сай технологиялық процестерге тартылмайды. Жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтендіру бойынша жүргізілген жұмыстар да нәтижелі болған жоқ. Осы орайда, дамыған елдердің барлығы ауыл шаруашылығында кооперация тетігін табысты пайдаланып келеді. Бұл ауылдарда еңбек өнімділігін арттырып, сапалы жəне арзан тамақ өнімдерімен қамтамасыз етіп, тұрақты жұмыс орындарын ашуға үлкен септігін тигізер еді", деп сөзін жалғастырды сенатор.

Оның пікірі бойынша, орталық және жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар, шағын және орта шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер бірлесіп, ауыл шаруашылығында табысты кооперативтер құру жұмысына жұмылдыру қажет. Осы мәселені шешкен жағдайда тек мал азығының сапасын арттыру арқылы ауылдық елдімекендерде өндірілетін ет пен сүттің өнімділігін кем дегенде 30% өсіруге болады. Алайда жайылымдықпен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер күні бүгінге дейін шешілмеген күйінде қалып отыр. 

"Жер мәселесін ұлттық деңгейдегі маңызды жоба ретінде жүйелі түрде қарастырмаса, жайылым мәселесі шешімін таппайды. Деградацияға ұшыраған мыңдаған гектар жерлерді айтпағанда, бір сантиметр қарашірікті (гумус) қалпына келтіру үшін ондаған жылдар және қыруар қаржы қажет. Бірқатар шет мемлекеттер жерді ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі ретінде қарастыруға әлдеқашан көшкен. Сондықтан жер мәселесіне айрықша мән беретін уақыт келді деп санаймыз", – дейді.

Осыған байланысты сенаторлар Үкімет басшысына келесі ұсыныстарға ерекше назар аударуды сұрады.

1. Жергілікті жерлерде шаруа қожалықтарымен түсіндірме жұмыстарын қарқынды түрде жүргізе отырып, олардың бірігіп үлкен кооперативтер құруын жан-жақты қолдау керек.

2. Жайылымдарды ұзақмерзімді кезеңге (5 жылға) басқару жөніндегі жоспарларды бекіту, қоғамдық жайылымдарды пайдалану шарттарын айқындау, жайылым пайдаланушылардың бірлестігін құру және оған жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарлары иелерінің кіру міндеттілігін қарастыру мен жайылым билетін енгізу, ортақ пайдаланымдағы жайылымдарды мал басының санына байланысты пайдаланудың ақылы болуын енгізу керек.

3. Жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларды және жайылым айналымдарының схемаларын, шалғайдағы мал шаруашылығын ұйымдастыру жөніндегі бағдарламаны, жайылымдық инфрақұрылым объектілерін дамыту және реконструкциялау жоспарларын әзірлеуде жан-жақты пысықтау қажет. 

4. Жергілікті атқарушы органдар пайдаланбай жатқан жерлерді қайтару бойынша жұмыстарды белсенді түрде жүргізу керек. Сонымен қатар, қолданыстағы заңдарға ("Жер кодексіне", "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" және "Жайылым туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына) жайылымдық жерлерді басқару мен пайдалану бойынша тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындап отыр. 

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу