Сұлтанов министрлігіне ІІМ құзыры берілуі ықтимал

3417

Егер Ішкі істер министрлігінің өкілеттігі Сауда және интеграция министрлігіне (СИМ) көшсе, қазақстандықтардың шағымы күрт азаюы мүмкін, деп жазады  Inbusiness.kz.  

Сұлтанов министрлігіне ІІМ құзыры берілуі ықтимал

Қазақстанда тұтынушылардың құқықтары жаппай аяқасты болуда. Ашынған, алданған адам әлеуметтік желіге шағымданады, билік құрылымдарына арызданады. Құқық қорғау органдары "ұсақ-түйекке" бас қатырмайды, тіпті өтінішті қабылдап алғанның өзінде іле-шала оны архивке өткізе салады. Сотқа жүгінетін жан кемде-кем. Яғни, бұл тетік жете жұмыс істемейді. Әйтпесе, Үкімет "алданғандар өз мәселесін сот арқылы шешеді" деп белгілеген.

Салдарынан, халық арасында әлеуметті кернеу, билікке деген жеккөрініш өрістейді. Ресми статистика да жұртшылық тарапынан шағым көбейіп бара жатқанын растады. Салаға жауапты меморган СИМ-нің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеттің хабарлауынша, 2020 жылы барлық мемлекеттік органдар тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша 48 876 өтінішті қарады (орталық меморгандар – 45 430, жергілікті әкімдіктер – 3 446).

Ал тікелей комитетке былтыр 20 919 тұтынушы жүгінді.

2021 жылдың жартыжылдығында комитетке 8 мыңға жуық өтініш келіп түсті, соның ішінде қанағаттандырылғаны – 2 836 ғана. 4 592 өтініш бойынша комитет түсініктеме берумен шектелген.

Тұтынушылар құқығын қорғауға тиіс ведомство 2020 жылы барлық өңірде 17 000 адамды қамтыған кең ауқымды әлеуметтік сауалнама жүргізіпті. Нәтижесінде, көрсететін қызметіне қазақстандықтардың көңілі толмайтын, әрі проблемасы неғұрлым көп салалар анықталған.

І орынға медициналық қызметтер көтерілді. Сұралғандардың 45,9%-ы осы салада былық көп екенін айтқан. ІІ тұғырға көлік қызметтері шықты: жұрттың 43,2%-ы оның қызметінің сапасын да, бағасын да сынаған. Үштікті білім беру қызметтері (41,6%) тұйықтайды. Одан кейін ұялы байланыс қызметтері (36%) тұр.

Құқықтары аяққа тапталған азаматтар полицияға шағымдануы керек. Алайда ішкі істер органдары іс қозғаудан ат-тонын ала қашады. Салдарынан, тұтынушыны қорғайтын басты бап жұмыс істемейді: Әкімшілік кодекстің "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы Қазақстан заңнамасын бұзу" атты 190-бабына сәйкес, 2020 жылы ішкі істер органдары небары 18 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеген.

2021 жылдың 5 айында тағы 18 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Полиция осындай лимит белгілеп қойған ба дерсіз.

Не істеу қарастырылып отыр?

Сауда ведомствосының байламынша, тәжірибе мен тәсілдемені түбегейлі өзгертпей болмайды. Мысалы, ІІМ-дегі құзыр СИМ-ге берілгені дұрыс. Бұл ретте Молдованың, Мексиканың және АҚШ-тың тәжірибесі зерделеніпті: оларда тұтынушылар құқығын қорғаумен шұғылданатын уәкілетті органға күшейтілген құзырет-функциялар жүктелген.

"Қоғамдық ұйымдар қалыптасқан тәжірибеге талдау жасай келе, тұтынушылардың құқығын қорғаудың тиімділігін арттыру үшін осы саладағы уәкілетті органға көбірек тетік беруді, сондай-ақ Әкімшілік кодекстің кейбір баптарын қараудың ведомстволық бағыныстылығын өзгертуді ұсынады. Әйтпесе, ішкі істер органдары өз құзырына жатқызылған, қаптаған өзге де істермен шектен тыс жүктелген. Сондықтан олар Әкімшілік кодекстің 190-бабының бірінші бөлігі бойынша мәселелерді қарауға қалдық қағидаты бойынша келетінін атап өткен жөн. Бұл туралы тұтынушылар мен қоғамдық бірлестіктер хабарлайды", – деп мәлімдеді Сауда министрлігі.

Егер Бақыт Сұлтанов командасының осы бастамасы жүзеге асса, салалық комитет қызметкерлері сауда орындарын және басқа да кәсіпкерлік нысандарды аралап, тұтынушыны жәбірлегендерді сол жерде жазалай алады.

"Таразыдан жеген, қасақана қате өлшеген, төлемді дұрыс есептемеген, тауардың, қызметтің сапасы мен қасиеттеріне қатысты жаңылыстырған, жалған ақпарат берген немесе тұтынушыны басқа да жолмен алдаған жеке кәсіпкерлерді, саудамен, қызмет көрсетумен айналысатын басқа да ұйымдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесімен – тұтынушы құқығын қорғау саласындағы уәкілетті орган айналысуға тиіс. Осыған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 685-бабының бірінші бөлігінде кодекстің 190-бабының бірінші бөлігі сілтейтін сілтемені алып тастау қажет. Осы кодекстің 715-1-бабына да тиісті өзгеріс енгізу қажет", – деп түсіндірді Сауда және интеграция министрлігі.

Сонда Ішкі істер министрлігі тұтынушылардың шағымымен айналысу секілді басыартық жүктен арылады: ІІМ-нің бұл құзыры СИМ-нің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне берілмек.

Мұндай реформа және құзырбөліс "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекске өзгерістер енгізу туралы" жаңа заң жобасында қарастырылған.

Тұтынушыны жабырқатқаны үшін жазаны қатайтуды ұсынды

Сұлтановтың ведомствосы тұтынушыны қанағандар жеңіл құтылатынына қапаланады.

"Әкімшілік кодекстің 190-бабындағы әкімшілік жаза аса тиімсіз. Ол қылмыс жасаудың алдын алу міндетін және жазаның бұлтартпастығы қағидатын орындамайды. Тіпті заң бұзушы әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталаса, жазасы сонша ауырламайды. Тұтынушы құқығын қорғаудың әкімшілік жазаларының санкциясы тіпті жапсарлас сала саналатын техникалық реттеудегіден де бірнеше есе жеңіл", – делінген министрліктің түсініктемесінде.

Мысалы, техникалық реттеу саласындағы заңнаманы бұзса, техникалық регламенттерде және нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өнімді айналымға шығарса, жеке тұлғаларға – 90, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлікке немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 195, орта кәсіпкерлерге – 310, ірі кәсіпкерлікке – 600 АЕК айыппұл салынады. 1 жыл ішінде қылмысын қайталаса, ұйымның қызметі тоқтатылуы, өнімі тәркіленуі мүмкін. Айыппұл көлемі айтарлықтай, 1200 АЕК-ке (3,5 млн теңгеге) дейін өседі.

Ал егер тұтынушылар құқығын бұзса, жеке тұлғаға – 10, шағын кәсіпкерлікке – 20, орта кәсіпкерлікке – 30, ірі кәсіпкерлікке – 50 АЕК қана айыппұл салынады. 1 жыл ішінде қайталаса, өзгелерді алдауын жалғастырса, жеке тұлғаға – 30, шағын кәсіпкерге – 50, орта кәсіпкерге – 75, ірі кәсіпкерге – 100 АЕК (291 700 теңге) айыппұл салынады.

Алда айыппұлдар көлемін арттыру мәселесі пысықталуға тиіс.

СИМ-нің сендіруінше, заң жобасы құпталса, осы шаралар іске асса, онда тұтынушы құқығын қорғау саласындағы мемлекеттік реттеудің тиімділігі тетіктер іске қосылғаннан кейін 1 жыл өткенде – 74,7%-ға, 2 жылда – 77,3%-ға, 3 жылда – 80%-ға, 4 жылда – 82%-ға, 5 жылда – 84%-ға жетпек. Әзірге, 2020 жыл қорытындысында саладағы мемреттеудің тиімділігі 67,5% ғана болған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу