Көлікті кері қайтарушылар девальвациядан ұтты

2789

Бүкіл әлемді жайлаған "return" кеселі Қазақстанға да келді.

Көлікті кері қайтарушылар девальвациядан ұтты

Бұл тұтынушылардың теріс қылығына наразы қазақстандық кәсіпкерлер қатарының көбеюіне соқтырыпты. "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасына бизнесмендерден сауда қызметін жүзеге асыру кезінде өз құқықтарының аяқасты болатынына қатысты шағымдар түсуде екен. Іскер жандар кейбір адамдардың заңнамадағы тауарды қайтару құқығын пайдалануда "асыра сілтейтініне" қамығады.

Жаны жайсаң қазақстандықтар тойды жақсы көретін халық екені рас, шілдеханадан бастап, сүндеттой, үйлену тойы, қыз ұзату, қоныстой және басқалары сыртында қаптаған мерейтойлар бар. Бұл ретте әсіресе, жастар арасында қайталанбай, әр тойға әртүрлі сәнді киім киіп бару салты таралған. Алайда әр сәт сайын жаңа киім сатып ала беруді әркімнің қалтасы көтере бермейді. Ниеті адал емес адамдар осыған орай тауарды кері қайтару құқығына жиі жүгінетін көрінеді. Яғни, аса қымбат киімді не әшекейді сатып алады да, бірер рет пайдаланып, кері тапсырады, ақшасын қайтарып алады. Оның үстіне егер бұрын заң бойынша тауарды екі апта (14 күн) ішінде ғана қайтару мүмкіндігі берілсе, 2016 жылдың 7 мамырында күшіне енген "Тұтынушылар құқығын қорғау туралы" заңға түзетулерге сәйкес, бұл мерзім бір айға – 30 күнге дейін ұзартылған. Тек іш киімдер, шұлық бұйымдары, жануарлар мен өсімдіктер, метрмен өлшеніп, кесіліп сатылатын тауарлар ғана қайтаруға жатпайды. Басқасының бәрін шақ келмесе, пошымы, түсі не басқасы ұнамаса, кері апарып тастауға жол ашық.  

"Заңнамадағы тұтынушыларға берілген еркіндік кейбіреулерді шынында арам қарекеттерге итермелейді. Заңдағы құқықтарын теріс пайдаланып, заңнама талаптарын негізсіз пайда, тіпті табыс табу үшін қолданатын тұтынушылар тобы пайда болды. Ұлттық палатаға көптеген кәсіпкерлер шағыммен жүгінуде. Бірақ тауарларды кері қайтару немесе ауыстыру құқығын жоя салуға да болмайды, мәселе заңнамалық деңгейде талқыланып, пысықталғаны жөн. Әйтпесе, кәсіпкерлер мәселен, зергерлік бұйымдарға қайтара салысымен бірден сараптама жүргізу қиынға түсетін жағдайларға кезігеді", – дейді "Атамекен" палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау департаментінің директоры Олег Савеленко.

Бұл байламды "Қазақстан кәсіпкерлері мен сервистік қызметтер қауымдастығы" заңды тұлғалар ұйымының төрағасы Ермек Әбілдин растайды және зергерлік бұйымдар сататын бизнесмендердің өз тәжірибесінен нақты мысалдар келтірді.

"Базбір тұтынушыларда сәнқой не ауқатты көрініп қалуға тырысу дерті бар. Содан олар бриллиантты туыс-таныстарының бәріне көрсетіп шығады да, 14 күн ішінде "маған ұнамайды" деп қайтарып тастайды. Бұлай болмауға тиіс. Өйткені соның салдарынан зергерлік бұйымдар саласында тек кәсіпкер ғана емес, кейінгі сатып алушылар да зардап шегеді. Себебі, кейбіреулердің нағыз бриллианты бар бұйымды сатып алып, кейін құны әлдеқайда арзан тұратын басқа асыл тасты орнатып, қайтарған жағдайлары болды. Оны анықтау да оңай емес, әшекейдің асыл тасының қаншалықты шынайы екенін айқындау ең күрделі міндеттердің бірі саналады. Соңғы жылдары алаяқтар аса қымбат тастарға ұқсас нәрселерді қолдан жасау ісін керемет жетілдіріп алды", – дейді Ермек Әбілдин.

Салдарынан, сатушы тіпті өзі білмей-ақ, клиентіне гауһар тас деп арзанқол дүниені аса қымбатқа сатып жібереді.

Айта кету керек, бүгінде "Тұтынушылар құқығын қорғау туралы" заңда технологиялық тұрғыдан күрделі тауарларды сатып алу кезінде клиенттің құқықтарын реттейтін нормалар жоқ көрінеді. Салдарынан, тек үйдің керек-жарақтары, киім, аяқ киім және басқа да халық көп тұтынатын тауарлар сыртында, тіпті "темір тұлпарлар" да дау-жанжалға тамыздық болып жатады.     

Мысалға, қарағандылық ірі автодилер өз тәжірибесінде тұтынушылардың теріс істеріне жолыққанын айтады.

"2012 жылдан бері бізде көлік сатып алғандардың оны кері қайтаруы немесе басқасына ауыстыруды талап етуінің оқиғалары жиілеп барады. Және жай ғана талап етумен іс шектелмейді, заңда бір норма бар, ол бойынша тұтынушының талабын орындауды кешіктірген әр күн үшін тауар құнының 1%-ы көлемінде үстемеақы төлеуге тура келеді. Автокөліктердің құны сыныбына қарай 4-тен 20 миллион теңгеге дейін барады. Өзге елдерден айырмашылығы сол, Қазақстанда автокөлік кері қайтаруға жататын болса, оның ағымдағы нарықтық құны өтеледі. Ал кепіл3-тен бес  жылға дейін барады. Яғни, адам машинаны үш жыл бойы айдайды да, артынан бізге келеді: "Көліктің шамдары жанып кетті, автомобильді ауыстырыңыз!" дейді. Егер девальвацияға дейін сатып алынған болса, бағам айырмасы кесірінен клиентке 4 миллион теңге орнына 8 миллион қайтарылуы керек", – дейді компания өкілі Рустам Алеев.

Оның түсіндіруінше, автокөлік жүздеген құрауыштан (комплектующие) тұрады, бірақ заңнамада ол тұтас, бүтін зат ретінде қарастырылады. Тиісінше, оған да тауарды қайтару не ауыстыру талабы қолданылады.

"Атамекен" палатасына шағымданған ұялы құрылғылар сатушы бизнесмендер де өз сегменттері осыған душар болғанын айтады.

"Соңғы уақытта ұялы телефондарды кері қайтару жағдайлары жиіледі. Клиент сыйға тартылған ол заттың түсі, дизайны ұнамағанын сылтауратады. Ол телефондарды кейін үлкен жеңілдікпен сатуға мәжбүрміз. Тиісінше, кері қабылданған тауардан үлкен шығын шегудеміз. Құны қымбат электрониканы қайтаруды клиенттер "Тұтынушылар құқығын қорғау туралы" заңның 14-ші бабымен негіздейді. Бұл бап оларға тауарды кері оралтуға не басқасына ауыстыруға мүмкіндік береді. Бірақ ол тауарлар "б/у"-ға айналады да, ары қарай "жаңа" ретінде сатуға келе де бермейді. Өйткені ол арқылы қоңыраулар шалынғаны, SMS-хабарлар жолданғаны тіркеледі, құрылғының фото және бейнекамералары пайдаланылады, Apple "iCloud"-тың бұлтты сервистері орнатылған болып келеді", – дейді кәсіпкерлер.

Сондықтан бизнесмендер тауарды қайтару кезінде заңнамада "тауарлық сипат", "қолданыста болған тауар", "тұтынушылық қасиеттері" сияқты ұғымдар енгізілсе, бұл сатушы мен тұтынушы қатынастарын анық ете түсер еді дейді. Сонда егер тауарлық сипатын сәл жоғалтса, олар қайтару құнын да кеміте алар еді. 

Ұлттық паланың кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлықпен күрес кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов бұл мәселеде "арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін" тәсілді тауып, бір ортадан шығу керектігін айтады.

"Біз тұтынушылардың және тауар өндірушінің құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша алтын арқауды табуға тиіспіз. Проблема бар екен, ұлттық заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігін қарастыру керек. Қоғамдық бақылау жүйесін, әсіресе, өндіру, бақылау және тұтыну мәселелерінде тұғырды түрде өзгерткен жөн", – дейді Қайырбек Сүлейменов.

Ол арнайы жұмыс тобын құруға, оның құрамына депутаттар сыртында "Атамекен" өкілдерін қосуға кеңес берді. Топ тәжірибеде бірыңғай қолданылуы үшін "тауарлық сипат", "қолданыста болған тауар" секілді ұғымдардың мәнін ашатын нормативтік заңдық актілерді әзірлеп шығуы қажет.

Бұдан бөлек, КҰП тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы институтын күшейтуді ұсынады. Елімізде азусыз болып отырған бұл ұйым дамыған елдерде тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасы жөнінен кәсіпкерлер мен тұтынушылар арасындағы теңгерімді қамтамасыз ететін беделді, маңызды құрылым болып табылады.  

Жалпы, дамыған елдерде "тауарды қайтару" құқығы қолданылып қана қоймай, уақыт өткен сайын жеңілдетіліп келеді. 

Мәселен, АҚШ-та тауарды 30 күн түгіл, 90 күн ішінде де кері тапсыруға мүмкіндік бар. Мұның сыртында көптеген дүкендер қайтарылған тауарды өздері келіп, тегін алып кетеді. Айталық, сәнқой ханымдар дүкенге бармай-ақ туфлидің бірнеше түрін тапсырыспен алғызып, үйінде дефиле жасап, суретке түсіп, ең жақсы бірін ғана таңдай алады. Қалғандарын компания өкілі айтқан күні өзі келіп, алып кетеді. 

Егер клиент "return" құқығын пайдаланатынын жарияласа, компаниялардың көбі 99% жағдайда оның себебін де сұрамайды. Тек кассаға келіп, "Мен мынаны кері қайтарамын!" деп мәлімдесеңіз және чекті көрсетсеңіз жеткілікті. Чекті жоғалтып алсаңыз, компания ақша орнына сол сомаға сыйлықтық сертификат беруі мүмкін.

Айтпақшы, аса қымбат киімді сатып алып, тойға бір киіп, кері қайтару батыста да таралған. Тек бұл жағдайда салпылдаған этикетканы сақтасаңыз болды. Оны адамдар киімді кигенде, ішіне жасыра салады.

Америкада тіпті косметика бұйымдарын да кері тапсыруға ұлықсат етілген. Мәселен, адам опа-далапты бір ай бойы қолданып, кенет оның түсі өзіне келмейтінін түсінсе, қаптамада жартысы ғана қалған бұйымды кері әкеле алады. Ондай косметикалық тауарлар арнайы жапсырма желімделіп, қайта өңдеуге жолданады екен.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу